Ескі көлік, сапасыз жол, өлім-жітім: Қазақстанда жол апатынан рекордтық көрсеткіш тіркелді

Бүгiн, 10:27 161

Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны күрт өсіп, 2023 жылмен салыстырғанда екі есе артты. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сүйенсек, 2024 жылы 31,6 мыңнан астам ЖКО тіркеліп, 40 мыңнан астам адам зардап шеккен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Тәуелсіз сарапшы Ерлан Каримовтың пікірінше, бұл жағдайдың басты себептерінің бірі – жол жүру ережелерін сақтамау және инфрақұрылымның нашарлығы.

Қазақстанда жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін жиі бұзуы және жол сапасының төмендігі – ЖКО санының артуының негізгі факторлары. Жолдарымыз халықаралық стандарттарға сай келмейді, бұл әсіресе өңірлердегі трассаларда қатты байқалады, – дейді ол.

SDG Index 2024 деректері бойынша, Қазақстанда 100 мың адамға шаққанда ЖКО-дан қаза тапқандар саны – 12,2 адам. Бұл көрсеткіш көптеген елдерден жоғары.

Әлемдік банктің 2019 жылғы деректері бойынша, Қазақстан жол сапасы бойынша бірқатар елдерден артта қалып отыр. 2019 жылы Қазақстан жол сапасы көрсеткіші бойынша 100-ден 79,3 балл жинаған. Ал Қытайда бұл көрсеткіш 95,7 балл, Аргентинада 94,5 балл, Ресейде 85,7 балл болған.

Экономистердің есебінше, Қазақстан экономикасына жыл сайынғы ЖКО-дан келетін шығын 7 миллиард АҚШ долларынан асады.

ЖКО салдарынан келген экономикалық шығын елдің ЖІӨ-нің айтарлықтай бөлігін құрайды. Бұл инфрақұрылымды дамытуға, медициналық көмек көрсетуге және сақтандыру шығындарына үлкен әсер етеді, – деп атап өтті Каримов.

Жол қауіпсіздігін жақсарту бойынша ұсыныстар

  1. Жол құрылысының балама технологиялары

Асфальт жолдарының орнына бетон немесе полимерлік материалдардан жасалған ұзаққа шыдамды жолдарды салу; Ұлытау облысында құрылыс материалы ретінде техногендік минералдық түзілімдерді (ТМТ) пайдалану.

Қазақстанда битум тапшылығын ескере отырып, балама материалдарды пайдалану – стратегиялық маңызды шешім. Бетон және полимерлік материалдар ұзақ мерзімді перспективада тиімдірек,– дейді Ерлан Каримов.

«Бонус-малус» жүйесін жетілдіру

Жол жүру ережелерін жиі бұзатын жүргізушілерге сақтандыру тарифтерін көтеру;

Жол қозғалысы ережелерін сақтайтын жүргізушілерге жеңілдіктер беру.

Жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру үшін сақтандыру тарифтеріне дифференциация енгізу қажет. Ережені жиі бұзатындар үшін сақтандыру құны жоғары болуы тиіс, – деп ұсынады сарапшы.

Ескі көліктерді утилизациялауды ынталандыру

Міндетті техникалық тексеруден бас тартып, ескі көлікті утилизацияға өткізуге арналған өтемақыны 54 АЕК-тен (212 мың теңге) жоғары көтеру.

Қазақстанда ескі көліктердің саны көп, олардың техникалық жағдайы жол қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді. Утилизация бағдарламасын кеңейту арқылы бұл мәселені шешуге болады, – дейді Каримов.

Жедел медициналық авиацияны дамыту

Финляндия тәжірибесіне сүйене отырып, жолдағы өлім-жітімді азайту үшін жедел медициналық авиация жүйесін енгізу.

Апат болған жағдайда алғашқы минуттарда көрсетілген көмек адамның өмірін сақтап қалуға үлкен ықпал етеді. Сондықтан жедел медициналық авиацияны дамыту – аса маңызды шара, – деп түйіндеді Ерлан Каримов.

Осы шаралар жүзеге асырылған жағдайда, Қазақстандағы жол қауіпсіздігі деңгейі жақсарып, ЖКО-ның алдын алуға мүмкіндік туады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: