Ескерткішке айналған ұлттық аспаптар сахнаға шығуы мүмкін

28 Шілде 2015, 03:11

Ықылас Дүкенұлы атындағы қазақ халық музыкалық аспаптар музейінің ғылым бөлімінің меңгерушісі, «Тұран» этно-фольклорлық ансамбілінің мүшесі Абзал Арықбаевпен сұхбат.

Ұлттық музыкалық аспаптар қазақ мәдениетінің маңызды бір тармағын құрайды. Дәстүрімізге ауыр тиген қиын жылдардың салдарынан осы аспаптарымыздың халық арасында қолданысы тарылып қалды. Алайда, ұлттық аспаптарымызға деген қызығушылықты арттыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Ықылас Дүкенұлы атындағы қазақ халық музыкалық аспаптар музейінің қызметі соған айқын дәлел болса керек. Осы себепті, біз аталмыш музейдегі ғылым бөлімінің меңгерушісі, «Тұран» этно-фольклорлық ансамбілінің мүшесі Абзал Арықбаевпен шағын сұхбат құрдық.

–  Осының алдындағы сұхбаттарыңызда домбыраның 24 түрі барын айтыпсыз. Тіпті, олардың түрі, көлемі, пішіні бір-бірінен өзгеше келеді екен. Дыбыстарында да айырмашылық кездесе ме?

– Әрине, домбыра көлемінің әртүрлілігіне байланысты олардың дыбысы да өзгеше келеді. Олардың әртүрлі болуына себеп, географиялық орналасуы. Ұланғайыр атырапты алып жатқан елімізге көршілес мемлекеттердің ықпалы болған. Мәселен, шығыс елді мекенінде үш ішекті, қалақ пішіндес, үшем домбыра, дөңгелек шанақты домбыра кең тараған. Байқасаңыздар, Абай атамыздың домбырасы үш ішекті болған. Ал, батыс жақтың домбыралары алмұрт пішіндес, көршілес түрікмен елінің «дутарына» ұқсас етіп жасалған. Оңтүстік Қазақстандағы домбыра қырғыздың «хомузына» жақын келеді. Әрбір аспап өзіндік тарихы, ерекшелігі бар құнды жәдігер.

–  Қобыз ұстаған жеткіншектердің кіріп жатқанын көзім шалды. Мектеп үйірмелері де жұмыс жасай ма?

– Иә, әрине. Жас буынға мәдени-тарихи мұраларды насихаттайтын, оларды ұлттық өнерге баулитын бірден-бір мекеме болғандықтан мұндай мектеп үйірмелерінің болуы заңды. Домбыра, қобыз, саз-сырнай, жетіген және өзге де аспаптарды үйретумен қатар, актерлік шеберлікті игеру сабақтары да өткізіледі. Осы мекемеде жұмыс жасайтын «Тұран» этно-фольклорлық ансамбілі аптасына бір рет дәріс оқып, шеберлік сыныбын, концертін өткізіп отырады. Олар 25 түрлі музыкалық аспапта ойнап, олардың шығу тарихынан сыр шертіп, халыққа таныстырады.

Концерт өткізуге арналған үлкен залда жиі тіпті, күнде түрлі жанрдағы кештер өткізіліп тұрады. Олар тек қазақ музыкасын ғана қамтымай, «джаз», «рок», «классикалық» кештер де болуы мүмкін.

– Алтыншы-жетінші залды аралап жүріп, басқа ұлттардың аспаптары мен төл аспаптарымыздан көп ұқсастық байқадым...

– Музыкалық аспап – тіл сияқты. Тілдер де бір-біріне ұқсас келеді. Түркі тілдес елдер бірімізді-біріміз арнайы тіл үйренбей-ақ түсінеміз. Сол сияқты аспаптар да үні жағынан, түрі жағынан, атауы жағынан да ұқсас болып жатады. Сондықтан «Домбыраны немесе қобызды тек қана біздікі» деу үлкен қателік. Мәселен, «Шаңқобызды» саха елінде, алтай елінде «хомыз» дейді, домбыраға келер болсақ, «дамбыра», «дутар» деп атайды. Түбірі бір. Олар бір мезгілде пайда болған соң да шығу тарихы ортақ келеді.

– Ұлттық мұрамызды насихаттауда тынбай еңбектеніп жатыр екенсіздер, нәтижесі жемісті болып жатыр ма? Келушілер қарасына көңіліңіз тола ма?

– Әлбетте. Көрермендер саны күн санап көбею үстінде. Қайталанбас құнды экспонаттан жинақталған өнер ордасына жастар да, егде жастағылаар да үлкен қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар, шетелдік туристер де, оқушы, студенттер де келеді. Тек келіп кетпейді, дәрістерді тыңдап, концертті тамашалап қайтады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Ықылас Дүкенұлы атындағы қазақ халық музыкалық аспаптар музейінде бірнеше халықтың мұрасы жиналып, жеті экспозиция етіп топтастырылған.

1) Аспапты-музыкалық археология залы. Аталмыш залда аты хабар беріп тұрғандай археологиялық зерттеу жұмыстары барысында табылған музыкалық аспаптар сонымен қатар аспаптар бейнеленген мүсін тастар орналасқан.

2) Соқпалы-шулы және үрлемелі аспаптар залы.

3) Ескерткіш-мұра залы. Жоғарыда айтып өткен ұлы тұлғаларымыздың Абай, А.Жұбанов, М.Хамзин, Сүгір, Біржан сал, Дина, Жарас бақсының, Ә.Тоқтамысұлының, Ш.Қошқарбайұлының  аспаптары сақталған.

4) Қыл ішекті аспаптарға арналған зал. Бақсы-балгерлердің аспаптары қойылған.

5) Жалпы қазақтың домбыралары мен қобыздарының залы. Мұнда домбыраның 24 түрі жинақталған. Үшем домбыра, қозықұйрық домбыра, кең иықты, тұмар, кең шанақты т.б. домбыра түрлерін көре аласыздар. Сонымен қатар қобыздың коллекциясы мен эволюциясы көрсетілген. Мұнда нарқобыздан қылқобызға, қазіргі кезде оркестрде қолданылатын прима қобызға дейін қамтылған. Тілшелі аспаптар мен үрлемелі аспаптарды да осы көрмеден таба аласыздар.

6) Түркі тілдес елдер аспаптарының көрме залы. Түркі қағанатынан басталған елдердің, яғни башқұрт, қырғыз, өзбек, түрік, алтай, хакас, қарақалпақ, саха елінің музыкалық аспаптары жинақталған.

7) Бүкіл әлемнің музыкалық аспаптарының көрме залы. Жоғарыда тек түркі елдерінің ғана аспаптары орналасса, бұл залда Вьетнамнан басталып, Франция мен Германия елдерімен аяқталатындай барлығы қамтылған.


Әзірлеген: Айнұр Сләмғажы.

Бөлісу: