Астанада жылдам ақша іздеп, есірткі курьері болып жұмысқа орналасқан елорда тұрғыны сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорда тұрғыны Telegram мессенджерінде кураторы болып саналатын белгісіз тұлғамен хат алысып тұрған. Сотталушы есірткі және психотроптық заттарды сақтаушы болып жұмысқа орналасқан. Тексеру барысында одан заттай айғақ табылды. Ол сату мақсатында тыйым салынған заттарды сақтаған.
Оның кінәсі сотта толық дәлелденді. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. 2025 жылдың сәуір айында Астана полиция департаментінің бөлімшелері 129 қылмыстық іс қозғаса, оның 85-і – есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар тұлғаларға қатысты.
Заңсыз айналымнан 100 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді.
Есірткілердің «дәстүрлі» түрлерін тәркілеу бойынша жүргізіліп жатқан шаралар аясында синтетикалық есірткілер мен олардың аналогтарының таралу қаупі туындады. Елордадағы есірткі жағдайын талдау негізінде каннабис пен апиын негізіндегі препараттардың тапшылығы синтетикалық препараттарды (амфетамин, ЛСД, экстаз және олардың аналогтары) таратуға сұраныс тудырды.
Елордада «есірткінің синтетикалық түрлеріне» қатысты есірткіге қатысты құқық бұзушылықтың 218 дерегі анықталған. Осыған қатысты жыл басынан бері 8 қылмыстық іс қозғалса, есірткі сайттарының 284 мекенжайы бұғаттауға бағытталған.