Алматы облысында есірткі қылмысына қарсы күреске арналған Telegram-бот таныстырылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«Нашақорлыққа жол жоқ» жобасын іске асыру аясында облыс прокуратурасының үйлестіруімен Спорт федерациясы, мәслихат депутаттары және полиция департаментінің ұйымдастыруымен жастар арасында республикалық киокушинкай-кан каратэ бойынша халықаралық турнир өтті.
Турнирге Қырғыз Республикасынан және еліміздің 9 облысынан 300-ден астам спортшы қатысты. Спорттық шарамен қатар, іс-шара аясында нашақорлыққа қарсы күрес бойынша маңызды профилактикалық жұмыс жүргізілді.
Шара барысында қатысушылар мен көрермендерге облыстық прокуратура әзірлеген Telegram-боттың жұмыс алгоритмі таныстырылды. Сондай-ақ, ботқа сілтемесі бар QR-кодтары бейнеленген ақпараттық парақшалар таратылды.
Қазіргі уақытта Telegram-боттың мүмкіндіктері туралы халықты хабардар ету және ақпараттық парақшаларды тарату жұмыстары облыстың барлық аудандарында жалғасуда. Боттың қызметімен танысу үшін сілтеме арқылы өтіп, «Пайдалы ақпарат» бөлімін таңдауға болады.
Кез келген азамат «Сенім телефоны» функциясын басу арқылы облыстық прокуратура мен полиция департаменті қызметкерлерінің байланыс нөмірлерін ала алады.
Облыстық прокуратура Telegram-боттың енгізілуі нашақорлықпен күресті жеделдетіп, мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері және қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенімді.