Есімовтің экс-күйеу баласы Jusan Bank-ке қалай 100 пайыз иелік етті?

11 Тамыз 2023, 17:00 8906

Күні кеше бизнесмен Ғалымжан Есенов Jusan Bank-тің басқарма төрағасы болып сайланды. Оның алдында Kcell акционері атанған. Осы ретте Есенов деген кім? Осы сұраққа El.kz ақпараттық агенттігі жауап іздеп көрді.

41 жастағы кәсіпкер белгілі ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы Шахмардан Есеновтің немересі. Атасы академик, ғалым Қаныш Сәтбаевтың шәкірті болған. 33 жасында Қазақстанның геология министрі ретінде тағайындалған. Сол тұста Маңғыстаудан мұнай табылып, Өзен, Қаражамбас, Жетібай, Қаламқас, Бозащы кен орындары ашылды. Никита Хрущев Маңғыстауды Әзербайжан не Түрікменстанға бермек болғанда араша түскен қайраткер.

Енді оның немересі Ғалымжанға тоқталсақ,  ол қайын жұрттан қаталеспеді. Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Ахметжан Есімовтің Айжан есімді қызына үйленді. Содан кейін оның ісі оңға баса бастады.

Jusan Bank – Есеновтің банк саласындағы екінші ірі бизнесі. Бұған дейінгі алғашқысы сәтті бола қойған жоқ. Біз айтып отырған АТФ банк. Ол 2021 жылы толықтай АТФ банкті Jusan-ға қосып берген. Сөйтіп, 20 пайыз акцияға ие болып жүрді. Шілде айында . Bloomberg агенттігі Есенов Jusan Bank-тің акциясына ие болатынын хабарлаған. Арада бір айға жуық уақыт өткенде бұл ақпарат расталды. Сатушы осы уақытқа дейін Назарбаев қорымен байланыстырылып келген британдық Jusan Technologies компаниясы

Сонымен қатар директорлар кеңесінің құрамына Жарқынбек Азбеков кірген. Ал Санжар Жамалов тәуелсіз директор ретінде лауазымын сақтап қалды. Jusan Bank басқармасының құрамына Ирина Мерзлякова, Асқар Хамидуллин және Ғалия Маханова қосылған. Баспасөз қызметінің хабарлауынша басқарманың қалған мүшелері уәкілетті органның қажетті келісімін алғаннан кейін тағайындалады.

Сонымен қатар Jusan Bank және акционерлер Ғалымжан Есенов пен Jusan Technologies Ltd (JTL) арасындағы бітімгершілік келісімін мақұлдаған. Келісімге сәйкес, JTL активтері Қазақстан Республикасының юрисдикциясына қайтарылып, келісім аясында Қазақстан Республикасы, Jusan Technologies Ltd және Ғалымжан Есеновке қатысты Қазақстан Республикасындағы, АҚШ пен Ұлыбританиядағы барлық сот процестері тоқтатылған.

Айта кетейік, Ғалымжан Есенов осының алдында Kcell акционері атанған. Ол еліміздің 50 миллиардерінің қатарында 18-орында тұр.  Байлығы 435 миллион долларды құрайды. 2021 жылға дейін Тараздағы «Қазфосфат» зауытының иесі болған.

41 жастағы Есенов 2007 жылы  Алматы қаласы әкімі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы секілді үлкен қызметтерді атқарған Назарбаевтың жиені Ахметжан Есімовтің қызы Айжанға үйленген. Бірақ олардың кейіннен ажырасып кеткені айтылады.

Алмас Абылай
Бөлісу: