Есімі еленбей жүрген Алаш арыстары (ІІ бөлім)

27 Тамыз 2021, 16:07 6156

Олар репрессия құрбандары

Сейдазым Қадырбаев (1883—1938)

Алаш қозғалысы жетекшілерінің қатарында болған, заңгер, саясаткер Сейдазым Қадырбаевтың есімі ұмытылып бара жатыр. Сейдазым Қадырбаев (1883—1938) Торғай уезі, Наурызым болысындағы Сарықопа бойында дәулетті шаруаның отбасында дүниеге келген. Торғай қаласындағы екіжылдық орыс-қазақ училищесін тәмамдаған. Оқу-білімге құштар, зерек ол негізі жастайынан өз бетінше оқып, ізденіп, білімін толықтырса керек. Сейдазым Қадырбаев 1913—1918 жылдары Орынборда зан саласында ірі басшылық қызметте болды. Сондағы «Қазақ» газетінің бас редакторы Ахмет Байтұрсыновпен аға-інідей сыйласып, араласып тұрды. Ал Міржақып Дулатовпен екеуі жастайынан бірге өскен, бірге оқыған, өмір жолдары бір адамдар еді. Екеуі де Алаш қозғалысының басшылығында болды.


Осы жайында Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр Дулатова өз естелігінде былай жазады: «Түйдей құрдас әрі бір-бірінің Орынборда тұрған жылдары бала болмағаны. Мен ол кісілерді «Сейдазым папа», «Жаңыл мама» деп еркелеп өстім. Екеуі де мені «қызым» дейтін. Менің есімде қалғаны — Қадырбаевтар үй ішінде сол Совет өкіметі тұсында 1925—1927 жылдары Сейдазым Қызылордада Юстиция халық комиссариатында қызмет істеді. Белгілі заңгер Ахмет Бірімжановпен жұмыстас болды. 1929 жылы Сейдазым ағаны ОГПУ тұтқынға алды. Соты Алматыда өтіп, бес жылға Воронежге жер аударылды. Сейдазым Воронежде үй ішімен бірге тұрды. Онда олар сонда айдауда жүрген Халел, Жиһанша Досмұхамедовтердің, Кәрім Тоқтабаевтың, Әбдірахман Мұңайтпасовтың, Мұхтар Мурзиннің үй іштерімен араласып тұрды. Сейдазым аға жаза мерзімін өтегеннен кейін елге оралған жоқ. Сол Воронежде қалды. Сейдазым ағаның әйелі ақтөбелік, жағалбайлы руының қызы болатын. Өте көрікті, өткір, отбасында алты алаштың ардақтылармен талай дәмдес, сыйлас болған кісі еді. Бойы ортадан сәл төмен, оны дос-жарандары Жаңыл демей, Тәпіл дейтін. Жаңғақ есімді сіңілісінің қызы Гуляны бауырына салып өсірді. Әлгінде айтқанымдай, Халел Досмұхамедов те Воронежде Сейдазым ағамен бірге айдауда болды».

1938 жылдың 4 ақпанында Сейдазым Қадырбаев Воронежде қамауға алынады. Сол жылдың 11 қазанында ату жазасна кесілген. Ол сотттың шешімі 17 қазан күні күшіне енді. 1958 жылдың 22 қаңтарында КСРО Жоғары Соттың шешімімен есімі ақталды. Воронеждің Дубовка ауылында 2009 жылдың 3 шілдесінде Сейдазым Қадырбаевтың ескерткіші ашылды.

Қысқасы, Алаш қозғалысына қатысып, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған, алайда есімі атаусыз қалып отырған ардагерлер аз емес. Соның бір мысалы — біз тілге тиек еткен Сейдазым Қадырбаев. Алаштың қатардағы мүшесі ғана емес, топ бастаған серкелерінің бірі болған бұл кісі ұмыт қалып бара жатқанда, басқаларға не жорық?! Мұның себебін мен ол кісілерді ауызға алып іздейтін ұрпақтарының жоқтығынан шығар деп ойлаймыз. Кейінгі жастар кешегі өткен сталиндік қанды қырғынды естігендері болмаса, оған, оның құрбандарына аруақтарын ырза қылып, есімдерін ел есінде қалдыруға, әсіресе аға ұрпақ ұқыптылық көрсетсе дейміз.

Әбікей Сәтбаев (1881-1937)


Әбікей Сәтбаев он жасына дейін ауылдағы молдадан мұсылманша оқыған. Одан соң Омбыға барып, гимназияның дайындық сыныбына түсіп, орысша сабақ алады. 1904 жылы гимназияны тәмамдаған соң, Семейдегі мұғалімдер семинариясына түсіп, оны 1908 жылы бітіріп шыққан. Алғашында Павлодар қаласындағы екі жылдық орыс-қазақ училищесінде орыс тілі пәнінен сабақ берген. Осыдан кейін өзі бітірген Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқытушылық қызмет атқарған. Кейін Семейдегі педтехникумның директоры әрі мұғалімі болып жұмыс атқарады. Отыз жылдан аса ұстаздық қызметте жүрген, жасөспірімдерге білім берген әрі тәрбиеші болған ардақты азамат. 1926 жылы Қызылордада өткен ағартушы-мұғалімдер мен орта білім беретін педтехникумдардың әр облыстан келген директорларының қатысуымен делегат боп съезге қатысқан. Ашаршылық жылдары Семейден Қырғызстанға үй ішімен келіп тұрған. Райхан, Раушан, Бахүлiл деген балаларын бар, қыздары Ташкенттегі Медицина институтын бітірген, екеуі де медицина ғылымының докторы, профессор. Райханның күйеуі — академик Әбікен Бектұров, Раушанның күйеуі – академик Әлкей Марғұлан. Әбікей Зейінұлы 1937 жылдың құрбаны.

Айдархан Тұрлыбаев (1877 – 1937)

Айдархан Тұрлыбаев туралы баспасөз беттерінде осы кезге дейін материал жарияланбауы өкінішті-ақ. Ол (1877—1937) бұрынғы Көкшетау уезі, Шалқар болысының бесінші ауылында, қазіргі Талапты селосында дүниеге келген, Қарауыл руының қазағы. Әкесі Тұрлыбай орта дәулетті тұрмыс құрған, қарапайым кісі екен. Тұрлыбайдың шаңырағына біткен бар байлығы — жеті баласы, Айдархан бесіншісі. «Әке баласына сыншы» дегендей, Айдарханның зеректігіне көзі жеткендіктен, әкесі оны оқытуға бар күшін салады. Баласын ертіп Көкшетауға әкеледі де, орыс-қазақ мектебіне түсіреді. Мектептің жанындағы интернатқа жатқызып, көңілі жай табады.


Бұл мектепті бітірген соң, Айдархан әрі қарай Омбы гимназиясына түседі. Онда алдына жан салмай барлық пәндерден үздік баға алып оқиды. Гимназияны алтын медальмен тәмамдайды. Ендігі арманы жоғары білім алу, таңдаған мамандығы - адвокаттық қызмет болады. Арман қиялы жетектеп Санкт-Петербургтан бір-ақ шығарады. Санкт-Петербург университеті әркімнің қолы жете бермейтін, ақсүйектер (дворяндар) үшін арналған оқу орны. Ал, Айдарханның бар сенген қолындағы алтын медальмен бітірген гимназияның құжаты. Соның арқасында ақыры Санкт- Петербург университетінің заң факультетіне қабылданады. Бұл университетті 1902 жылы үздік бітіріп, Омбыға оралады. Адвокаттық қызметі 1902—1937 жылға дейін Омбыда өтеді. Алаш қозғалысының белсенді қатысушыларының бірі болған Айдархан Тұрлыбаев жайында С. Сейфуллинның «Тар жол — тайғақ кешу» кітабында жазылған. Орынборда 1917 жылы жалпы қазақ съезі 21/VII-де ашылып, 26/VII-де жабылады. Съезге Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарының өкілдері қатысады. Съездің құрылуына атсалысқан: Әлихан, Ахмет, Міржақып, Шоқайдың Мұстафасы, Халел, Жиһанша Досмұхамедовтер. Ақмола облысынан сайланған депутаттар он екі кісі: Айдархан Тұрлыбаев, Асылбек Сейітов, Сейілбек Жанайдаров, Хайретдин Болғанбаев, Садуақас Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, т. б. А. Тұрлыбаевтың қазақ зиялыларының арасында орны бөлек. Оның қоғам қайраткері болғаны туралы баспасөз беттерінде жарияланған материалдар баршылық. Міржақып пен Айдарханның достасуы Омбы, Ақмола, Орынбор кездесулерінен басталған. Айдархан өмірлік серік боларлықтай лайықты қыз таңдап, сүйікті жар іздестіре береді. Іздегенге табылар дегендей, көңілі тоқтаған сұлу қыз Сағида Қарабалина болып, соған сөз салып, үйленеді. Бұл шамасы 1907—1908 жылдар болар деп ойлаймын.

Сағида Мұхамедрахымқызы Қарабалина (1888—1966 жылдар) Семей губерниясының атырабында дүниеге келген. Сағида дәулеті асқан отбасының еркетайы боп бойжетеді. Ескіше, орысша оқыған көзі ашық, көңілі ояу кісі. Айдарханның нақсүйері, жақсы ана, әже болған қадірлі бәйбіше. Сағиданың шуақты күндерінен басына түскен қайғы-қасіреті аз болмаған. 1914 жылы патша үкіметі Айдарханды түрмеге алып, Тайга станциясына жер аударғанда, Сағида тұңғыш қызы Софиямен бірге еріп, күйеуінің тағдырын бөліскен жан. 1934 жылы Айдарханды тағы да түрмеге отырғызып, алты айдан кейін босатады. Алайда қуанышы ұзаққа бармай, 1937 жылы қайтадан тұтқынға алынып, атылады. Бұл аздай, артынша (1937 ж.) күйеу баласы Тайжан Берденовті ұстайды. Келесі 1938 жылы қызы Софияны сегіз жылға соттап, «Алжир» лагеріне отырғызады. Сағида екі немересі Алдан мен Суниятты көзінің қарасындай бағып, оқытқан кісі. Басынан кешірген қаралы күндері нәзік жанын қинап, жүйкесі жұқарып, күні-түні қорқыныш үрейі мазасын алып, шаршаған ол ақыры ақылы ауысып, Алматыда қайтыс болды.

Гүлнәр Дулатова өзінің естелік кітабында Айдархан Тұрлыбаевтың балдызымен тілдескенін айтады. Соның сөзімен былай баяндайды: «Омбы қаласының тұрғындары ішінде байлық пен салтанат құрғандардың бірі Айдархан Тұрлыбаев болғаны даусыз. Тұрған үйлері Омбының нақ ортасында, біздің үйге жақын еді. Бала кезімде үйлерінен шықпайтын едім. Софияның жасы менен үлкен. Мені жақсы көріп, қатты еркелететін. Түр-сипаты көрікті, дене құрылысы құйып қойған мүсіндей сұлу, мінезі жібектей жұмсақ, өте кішіпейіл еді. Сәнді киініп, кербез жүретін. Шет тілдерін оқытуға әкесі үйлеріне неміс мұғалімін ұстады. София неміс тіліне судай, ептеп французша да білетін. Еуропаша тәрбие алған София жоғары мәдениетті кісі еді. 1930 жылы София Тайжан Берденов деген журналистке тұрмысқа шығып, тойлары Қызылжарда өткен болатын. Екеуі сол қалада қызмет істеп жүрген кезінде дүниеге екі баласы келді. Алдан — 1931 және Суният — 1933 жылғы. Жоғарыда айтқанымдай, София сегіз жыл отырған лагерьден 1946 жылы босатылып, Омбыға келді. Қанша жүдеп келсе-дағы сырт көзге қажығандығын білдірмей, сыр бермеді. Омбыда тұрғызбаған соң, Алматыға келіп үй ішін көшіріп алды. Ақталған шешімді тек 1956 жылы алды. Отбасын асырау үшін түрлі қызмет істеді. Оған қоса қоғам жұмысына белсенді кірісіп, талай сыйлықтардың иегері болып жүрді. Зейнетке шыққанда дербес зейнетақы алып тұрды. Басынан кешкен азапты жылдар тегін кете ме, денсаулығынан айырылған София 1985 жылы қайтыс болды. Айдарханның екінші баласы Ризахан 1940 жылы дүниеден өтті. Мұратхан, Айдарханның үшінші ұлы, орта мектепті бітірісімен, 1936 – 1937 жылдары Ленинградтағы жоғары әскери-теңіз училищесінде (Высшее военно-морское училище им. Фрунзе) оқыды. «Халық жауының» баласы деп 1937 жылы екінші курсынан қуылды. Алматыға оралып, жұмысқа тұрды. Ұзақ жылдар бойы ҚазҰУ-дің бас бухгалтері қызметін атқарды. 1970 жылы науқастан қайтыс болды. Айдарханның кенже қызы Ләйлә Алматы Шет тілдер институтының неміс факультетін бітірді. Алғаш Алматы Халық шаруашылығы институтында (Институт народного хозяйства) аға оқытушы болды. Одан ҚазҰУ-де неміс тілінен дәріс жүргізді. Ләйлә зейнеткер. Алматыда тұрып жатыр».

Асылбек Сейітов (1894-1937)


Асылбек Сейітов Омбыда туған. 1911 жылы Омбының ерлер гимназиясын үздік бітірген. Сол жылы Томскінің университеттің медицина факультетіне түсіп, 1916 жылы тәмамдаған. Асылбек Алашорда партиясының мүшесі. 1917 -18 жылдары М. Дулатов құрған атты әскер құрамында дәрігер боп қызмет атқарған. Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың айнымас жолдасы, әркезде бірге жүрген азамат. Асылбектің еңбек жолы 1916 жылы Омбыдан басталған, алғашқыда земстволық дәрігер боп бір жыл істеген. Семейде өзімен бірге жұмыс істеген дәрігер М.Ф.Пшеницина, А.С.Порнягиналардың айтуынша: «Асылбек Жұманұлы Сейітов өз ісіне жанымен берілген, халықтың денсаулығын сақтау жөнінде аянбай қызмет еткен жоғары дәрежедегі білімпаз дәрігер болатын. Оба, сүзек, шешек сияқты жұқпалы аурулар ел ішіне жайылған эпидемия кезінде, Асылбек көмекшілерімен (фельдшер) бірге ел аралап, ауруларды ашылған ауруханаларға жеткізіп дәрігерлік көмек беретін. Жұқпалы аурулар өршіп кетпеуі үшін алдын ала шаралар жасауда бар күшін, бар білімін салатын. Газет басылымдарында орыс, қазақ тілінде «Тән саулығын сақтау» тақырыбына жазылған мақалалары кең тарап, жарияланып тұратын». Асылбектен емделіп шыққандардың бірі — ҚазПИ-дің доценті, тарихшы Сәдуақас Құрманғалиұлы Бакшиловтың айтуынша: «1929 жылы өкпе ауруынан өлім халіне жеткенімде, мені емдеп, таза жазып жіберген Асылбек Сейітов ағамыз еді. Ол кісі өте мейірімді, ақкөңіл, жұмсақ мінезді адам болатын» дегені бар. Бакшилов 1994 жылы дүниеден өткен кісі. Асылбекті студенттік кезінен білетін, өзі де Томск университетінде бірге оқыған Ермеков Әлімхан Әбеуұлы былай дейді: «Асылбек сабақты үздік оқыды. Өте кішіпейіл, егер біреудің жағымсыз істерін жақтырмаса, ойын бүкпей, бетіне тура айтатын турашыл еді. Асылбек өмірінде атақ-даңққа қызықпайтын, бар ықыласы — адамзатқа адал қызмет қылу жолына өзін бағыштаған, еңбексүйгіш азамат болатын». Асылбек Сейітов 1922 жылдан — 1937 жылдың маусымына дейін Семейде 15 жыл қызмет атқарған. Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі ретінде қыруар шаруалар тындырған. Өзінің басқаруымен әр ауданда ашылған: амбулатория, медпункттер, әйелдер босанатын үйлерде істейтін түрлі маман дәрігерлер мен медучилище бітірген жергілікті фельдшерлерді қосып жұмысқа тартқан. Сөйтіп, колхозшылар мен жалпы елге дәрігерлік көмек алуларына жәрдемін тигізген, қамқоршы болған. А. Сейітовтің беделі таудай биік, жұрт сыйлайтын құрметті азамат болған. Асылбектің еңбекқорлығы мен қолына алған әр істі жолға қоя алатынын бағалаған. Қазақ Денсаулық сақтау Халық Коммиссариаты оны Семейден Алматыға шақырып, Жоспарлау бөлімінің бастығы етіп жұмысқа орналастырған. Асылбек бұл қызметі мен өзінің сүйікті дәрігерлік жұмысын да қатар алып жүрген. №5 емхананың бас дәрігері болып аз уақыт істеп жүрген кезінде (1937 жылы маусым айынан бірінші желтоқсанға дейін) жұмыс үстінде Ішкі істер Халық Коммисариаты (НКВД) тұтқынға алған. Асылбекті түрмеге қаматуға себепкер болған ағайын арасынан шыққандардың жапқан жаласы. Оны қыздары кейін әкелері ақталған құжаттарынан білген. Асылбек Жұманұлы Сейітов 1937 жылғы «Қызыл террордың» құрбаны. Омарбек атты ұлы ерте шағында қайтыс болған.

Мұратбек Сейітов (1898–1937)

Мұратбек Сейітов Омбыда туған. Өзінің таңдауымен 1918 жылы Омбының коммерциялық училищесіне түсіп, бітіріп шығады. Мамандығы бойынша екі жылдай қызмет істеген. 1920 жылы Омбыда ашылған медицина институтына оқуға түсіп, оны 1925 жылы тәмамдаған. Алғашқы дәрігерлік қадамын Баянауылдағы емханадан бастапты. 1928 жылы Мұратбек отау құрып, Роза есімді сұлу қызға үйленген. Бұл отбасында 1930 жылы тұңғыш ұлы Суниятсен туыпты, оған тетелес екінші перзенті Надясы дүниеге келген. Бес жылдың аралығында Мұратбек тәжірибелі, қолы епті хирург боп, түрлі операциялар жасап, көптеген ауруларды емдеген. Мұратбектің

ауруларға берген медициналық көмегі өзіне қанша қанағат, қуаныш әкелгенімен, 1928-1930 жылдары ел ішінде өтіп жатқан тәркілеу, ірі байлардың қатарында орта шаруалардың кетуі оны қатты алаңдата бастайды. Тыныштықтан айырылған Мұратбек қызметін қалдырып, басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүр болыпты. Содан соң Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы, Казгородокқа (бұрынғы Сырымбет) келіп орналасыпты. Тұрған қызметі – аудандық емхананың бас дәрігері әрі хирургі болған. Бұл жерде де адал еңбегімен жұрттың көзіне ілініп, ризашылығы мен алғысына кенеліп жүргенде, ІІХК-ның құрығы жетіп, 1937 жылы тұтқындалып, атылып кеткен құрбандардың бірі. Мұратбекті қамаған соң, көп ұзамай «халық жауының» әйелі деп Розаны да түрмеге отырғызған. Соттың үкімімен Ақмоланың 26-шы учаскесі дейтін лагеріне АЛЖИР-ге (айдап жіберген. Балалары – Суниятсен мен Надяны ІІХК жетім балалар үйіне өткізіп жіберген. Олардың бар-жоғынан туыстары әлі күнге дейін хабарсыз екен.

Дәулетшах Күсепғалиев (1870-1944)


Өткен XX ғасырдың басында Алаш көсемдерімен бас қосып, аянбай халқына қызмет атқарып кеткен қазақтың біртуар ұлы Дәулетшах Жүсіпұлы Күсепғалиев аталмай ұмыт болып барады. Д.Ж. Күсепғалиев 1896 жылы Мәскеу университетінің Медицина факультетіне түсіп, оны 1900 жылы бітіріп, «уездный лекарь» атағын алып шыққан. Дәулетшax 1870 жылы Старосербское Екатеринославский Губерниясында (қазіргі Днепропетровск) дүниеге келген. «Бұл кісінің өз елінен сыртта, Ресейдің шалғайдағы жерінде тууы қалай? Себебі неде?» деген сұрақ әркімнің де ойына келе қалары ықтимал. Жауаптың сыры әріде жатыр. XIX ғасырдың орта шенінде Күсепғали сұлтан қуғын-сүргінге түседі. Жоғарыда айтылған өлкеге жер аударылғандықтан, немересі Дәулетшах сонда туған екен. Дәулетшахтың шыққан тегі – арғы аталары Әбілхайыр ханның ұрпақтары, төрелер. Күсепғали аға-сұлтанның кенжесі Жүсіптің ұлы — Дәулетшах (қарашаңырақтың иегері саналған).

1868 жылы Ресей билеуші үкіметінің «Степное уложениесінің» бір тармағы бойынша «көшіп-қонып жүрген қыр қазақтарының жерлері мен өзен-сулары Ресейдің иелігіне өткізілсін, қазақтарға өз жерлері пайдалануға уақытша ғана берілсін» деген шешім шығарылады. Бұл озбырлық-зорлықпен жасалып отырған шешімдері халықтың жанына, намысына, ызасына тигені соншалық, бейжай қалдырмай, наразылықпен қолдарына бес аспаптарын алып, орыстың мықты қаруланған (мылтық, зеңбірек) полкына қарсы шабуылға шығады. Әрине, іске асарлықтай қару-жарақсыз аз санды қазақтардың ұрысқа төтеп беретіндей күш ахуалы қайдан жетсін. Бұл майдан жеңіліспен аяқталған көрінеді. Осы арпалыс кезінде өлгендер мен жарақат алғандар жетерлік деседі жұрт. Көпшілігі жандарын сауғалап шетелдерге қашып кетсе керек. Қолдарына түскендерді аясын ба? Үкіметке қарсы қылмыс жасады, майданға шықты дегендей жаламен үстерінен іс қозғайды да, соттап, бірнеше жылға жер аударумен тынады.

Сотталып жаза алғандардың арасында Орал Губерниясы Тайпақ болысынан шыққан аға-сұлтан Күсепғали ақсақал да болған. Күсепғали төрені бала-шағасымен Старосербск-Екатеринославскіге (Қазіргі Днепропетровск) айдайды. Қартайған шағында айдалып бара жатқан Күсепғали сұлтан туған жерімен, қадірлі жұртымен айрыларында «Елім-ай» өлеңін шығарып қоштасыпты. «Елім-ай» өлеңі заманында ел ішінде тарап кеткен екен, бүгінгі күнге дейін айтушы жерлестері бар көрінеді. Айдалған Күсепғали әулетінің жолшыбай көрмеген азап-қиыншылығы қалмаған. Жастар жағы шыдағанымен, қарт әжелерінің жанына қатты батса керек, оны балаларына сездірмеуге тырысыпты. Соңғы күндерінде тіпті тіс жарып сөйлесе қоймапты. Ростовтың тұсына жете бергендерінде қайтыс болып, сол Ростовта жерленіпті. Старосербскіге келіп орналасқаннан кейін, ұлдары жұмысқа тұрғаннан соң, тұрмыс-жағдайларын біркелкі түзеп алады. Бұл жерге де үйренеді, көнбеске көнеді. Бірақ, Күсепғали төренің үш ұлы: Ахметша, Қуат, Шоралар бірінен соң бірі науқастан дүние салады. Үй ішінің тұрмыс-күйі Жүсіптің қолына қарап қалады. Жігерлі де намысшыл Жүсіп қалғандарға жоқшылық зардабын тартқызбапты. 1870 жылы Жүсіп ұлды болады, есімін Дәулетшaх деп қояды. Міне, Дәулетшахтың туған жері Старосербск болуы содан. Күсепғалиевтерге 1880 жылы елге қайтуларына рұқсат беріледі. Алғашқы кезеңде Жәңгір ханның қарамағындағы Жаңаөзен уезінде тұруға нәсіп жазыпты. Күсепғалиевтерді қуана қарсы алып, орналасуға көмегін берген Жәңгір ханның немерелері ағайынды Бөкеевтер Мұхамедгерей, оның інісі атақты ақын Шәңгерей болыпты. Жүсіп Шәңгерей төренің кеңесімен Дәулетшахты бастауыш мектебін бітірткiзеді де, Оралдағы әскери училищеге (Общевойсковое училище) түсіріп оқытады. Дәулетшах оны тамамдап шығады. Жас жігіттің ендігі арманы қалайда қолын жоғары білімге жеткізу еді. Университет училище бітіргендерді қабылдамайтын. Сондықтан Дәулетшaх бар күшін сап қысқа мерзімде гимназияның толық курсынан сырттай (экстерном) емтихан өткізеді. Бітірген куәлігімен Мәскеу университетінің Медицина факультетіне түсіп, оны 1900 жылы бітіріп, «уездный лекарь» атағымен еліне оралған. Бастапқы дәрігерлік қызметін Д. Ж. Күсепғалиев Орал Губерниясына жататын: Қарағаш, Өлентi, Cұралы, Ащысай, Жымпиты, Темір өлкелерінде өткізген. 1912 жылы білікті дәрігер Дәулетшахты Жымпиты ауруханасы мен амбулаториясына бас дәрігер қызметіне қояды. Дәулетшах басқарған аурухананы - қызыл кірпіштен келісті етіп салынған үйді жұрт «Қызыл үй» деп атап кеткен екен. Құжаттарға қарағанда бұл ауруханада емделіп шыққандардың саны – 2467-ге, амбулаторияда қаралғандар 137529-ға дейін жеткен көрінеді. Ел арасында жиі тарайтын жұқпалы аурулар: қызылша, шешек (қорасан), қотыр, бөртпе сүзек, тырыспа (холера), оба (чума) етек жайғаны белгілі. Оба жылына екі рет қайталанып отырғандықтан, Жайық бойындағы тұрғындарға өте қауіпті болатын. Сондықтан Дәулетшаx бар күшін салып Жымпиты ауруханасының жанынан бактериологиялық лаборатория ашқан. Басқаруды тәжірибелі дәрігер Григорий Иванович Кольцов пен інісі Шабазгерей Жүсіпұлы Күсепғалиев — ветеринар дәрігерге тапсырады. Шабазгерей Қазан Зооветеринарный институтты бітірген. Дәулетшахтың басқаруымен алғашқы дәрігерлік жұмысын бастаған, бірге істегендер: болашақ профессор Халел Досмұхамедов пен Алматы медицина институтының бірінші директоры Есенғали Қасаболатовтар еді. Дәулетшахпен бірге істейтін дәрігерлердің қарамағында жақын-алыста күнелтіп жатқан сол өлкенің тұрғындары болатын. Оларға міндетті түрде медициналық жәрдем беруге қыстың қақаған аязды, боранды, жаңбырлы күндеріне қарамастан жолға шығатын. Жұқпалы аурудан алдын-ала сақтандырудан дәрі-дәрмекпен егу жүргізетін де, басқа да шаралар (жолдар) жүзеге асырылатын. Баспа беттерінде медицина тақырыбына мақалалар жарияланып отыратын. Ауруханада жұмыс істейтіндер жетіспейтін. Дәулетшахқа жәрдем берген жұбайы Айша Мұхамедгерейқызы Бөкеева-Күсепғали келіні мен қызы Ғайнижамал. Екеуі медицина курсына түсіп оқып, Оралдан келген беделді комиссияға емтихан тапсырып, медбике атағымен ауруханада аянбастан жұмыс істеген. 1920 жылы Жымпитының жерінде азамат соғысының қызу жүріп жатқан кезінде тарихта қаларлықтай ерлік көрсеткен Дәулетшах дәрігер еді. Емханасына түскен екі жақтың (қызылдар мен ақтар) жаралылары мен аурулары әрі жергілікті тұрғындардың жанын сақтап қалу үшін ойына мынадай айла түсіпті: аурухананың шатырының үстіне оба ауруының белгісі — Қара жалау ілгізіп қойдырыпты. Өзі ақ халатымен есігінің алдында күтіп тұрып алыпты. Мұны көрген әскерлердің зәрелері ұшып, тоқтамастан қаша жөнелген екен. Болған оқиғаны жұрт көпке дейін ауыздарынан тастамастан айтып жүріпті. 1917 жылы Орынборда өткен қазақ зиялыларының съезіне Д. Күсепғалиев те қатысқан. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Шоқаев, М.Тынышбаев, С.Жанайдаров, С.Қадырбаевтармен араласып, қоян-қолтық жұмыс істеген. Батыс Алашорда бөлімшесіне басшылық жасаған Жиһанша Досмұхамедовпен алашорда қозғалысына қатысқандардың қатарында Алаш партиясының мүшесі Д.Ж.Күсепғалиев те болды. Дәрігер Күсенғалиев медицина қызметкерлерімен бірге денсаулық сақтау жұмысын алға шығарып, жоғары деңгейге көтергені үшін халықтың сүйіспеншілігіне бөленген. Азаматтың атақ-даңқы бүкіл ел ішіне жайылып кеткен болатын. Оның іскерлігі мен ұйымдастырушы қабілеті ескеріліп, жұмысқа тарту үшін Денсаулық сақтау Комиссариаты Күсепғалиевті Алматыға шақырады да, Санитар-эпидемиялогиялық бөлімінің меңгерушісі қызметіне қояды. Бұл жылдары оқта-текте қатерлі өлкелерінде жұқпалы аурулар өршіп тұратын. Бұл қатерлі науқастан халықты сақтап қаларлықтай түрлі шаралар атқарылатын. Егер ауру ел ішіне жаппай жайыла бастаса (эпидемия), оған қарсы күрес жүргізуде жергілікті медицина қызметкерлерін жұмысқа тартатын. Солардың күшімен эпидотрядтар құрылатын. Ауруханалардың жанынан бактериологиялық лабораториялар ашылды. Осындай жауапты жұмыстарды атқарып, ұйымдастырған білікті дәрігер Дәулетшахтың өзі болатын. Жұрттың берекесі мен тыныштығын қашырған 1928 жылдың басы оңай соқпаған болатын. Алдымен ұлт зиялылары алашордашыларды қамауға алумен басталып кеткенді. Мекемелерде «тазарту» атаулы пәле, қызметкерлердің ататегі, шыққан ортасы тексеруге алынып, кедейлер табына жатпайтындарды (байлар тұқымдары) жұмыстарынан шығарып жатты. Мектептерден қуылған байлардың балалары жетіп артылатын. Ел ішінің бүліне бастағанына тап болған Дәулетшах аман-есенінде Алматыдан кетуді ойластырады да, басшылықтарына «қызметімнен өз еркіммен шығарыңыз» деген өтінішімен боссатылғаннан кейін туған атамекеніне оралады. Бұл жерде Дәулетшах қатардағы дәрігер боп істей берген. Сөйтіп жүргенінде 1928 жылы ҚазЦИК-тың 27 тамызындағы қаулысы бойынша байлар мен кулактардың мал-мүлкін тәркілеу (конфискация) науқаны басталып кеткен болатын. Бұл әділетсіз зорлықты халық «ұлы кәмпеске заманы» деп атап кеткен еді. 1928 жылдың қыркүйегінде Д.Күсепғалиев те кәмпескеге ілінген болатын. Үйіне бір топ қаруланған белсенділер келіп, бүкіл мал-мүлкін тәркілеп алады да, өзімен бала-шағасын қоса Алматыға жер аудартылатынын естіртеді. Дәулетшaх белсенділерден қолындағы жетім құдашасы Мәдина Ақышқызы Бөкееваның ата-анасынан қалған, өзіне тиісті малына тимеуді өтінген көрінеді. Айдалған жері Алматыға жету үшін Күсепғалиевтер жол азабын көп көріпті, шаршап-шалдығып жетсе керек. «Қырсық кісіні бір айналдырса — шыр айналдырады» демей ме?!

Күсепғалиевке астанада тұруға рұқсат етілмейді, сондықтан Алматы облысының Қаскелең, Шамалған, Ұзынағаш аудандарына барып медицина пунктерінде істеп жүреді. Бұл жерлерде де ұзақ тұрудың реті келе бермесе керек. Өйткені қызмет істеген жерлері Күсепғалиевті «қысқарту» сылтауымен орнынан шығарып отырыпты. Күсепғалиевтардың осындай ауыр тауқіметі 1937-1938 жылдарға дейін созылыпты. Сталиннің басқаруымен Кеңес Одағының бүкіл өлкелерінде қанды репрессия басталып кеткен кезді халық «Қызыл империяның қанды жылы» деп атап кеткен еді. Миллионнан астам жазықсыз тұтқындалып кеткен азаматтардың ішінде Дәулетшахтың екі сүйікті ұлдары Шайхали мен Ғафар, екі күйеу балалары: Есенғали Қасабалатов пен Ғабдул-Хақым Бөкейхановтарға 1937 жылы жалған жала жабылып, жазықсыздан-жазықсыз тұтқынға алынған еді. Кейін 1957 жылы бәрі де ақталған (әкелері оны көре алмады).

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: