Есімі тарихта қалған қазақтың көшбасшы қыздары

13 Қазан 2021, 09:15 10851

Олар түрлі салада абыройлы еңбек етті

Ел тарихында педагогика, медицина, ауыл шаруашылығы, геология салаларда жемісті еңбек еткен қыздарымыз жеткілікті. Бүгінгі материалымызда қазақ әйелдері арасынан шыккан тау-кен ісі саласындағы тұңғыш ғылым докторының, Қазақстанда литология мен шөгінді пайдалы қазындылар жөніндегі ғылым саласының негізін қалаушы қазақ қызының және тағы басқа елеулі еңбегімен көзге түскен жандардың өмірбаяны баяндалады.


СӘДУАҚАСОВА (БӨКЕЙХАНОВА) ЕЛИЗАВЕТА ӘЛИХАНҚЫЗЫ

(1903–1971)

Дәрігер-терапевт, медицина ғылымдарының докторы (1965), профессор (1966). Омбы қаласында дүниеге келіп, Мәскеу қаласында қайтыс болған. Алаш қозғалысының көсемі Ә.Бөкейхановтың қызы, белгілі қоғам қайраткері С.Сәдуақасовтың зайыбы. Мәскеу мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірген (1927). 1928–31 жылдары осы университетте аспирант, 1931-41 жылдары КСРО Денсаулық сақтау министрлігінде оқу орындары жөніндегі аға инспектор болды. 1941-45 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. 1945-48 жылдары КСРО Медицина ҒА-ның Денсаулық сақтау институтының ғылыми хатшысы, 1948–59 жылдары КСРО Денсаулық сақтау министрлігінде медициналық статистика бөлімінің меңгерушісі болды. 1959 жылдан өмірінің ақырына дейін әлеуметтік гигиена ғылыми-зерттеу институтында статистикалық санитария бөлімін басқарды. Сәдуақасованың 50-ден астам ғылыми еңбегі бар. КСРО-ның Қызыл жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.

МАМАНОВА ХАЛИДА ЕСЕНҚҰЛҚЫЗЫ

(1918–1977)

Ғалым, медицина ғылымының докторы (1967), профессор (1969). Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келіп, Ақтөбе қаласында қайтыс болған. Әкесі Есенқұл қажы Мамания мектебін ұйымдастырушылардың бірі болды. Маманова сол мектепте оқыған алғашқы қазақ қыздарының бірі. Алматы медицина институтын бітірген (1941). 1942–46 жылдары Қызыл Армия қатарында әскери дәрігер болып, медициналық қызметтің капитаны атағын алған, 1946–51 жылдары Алматы медицина институтында ассистент, 1951-54 жылдары кәсіподақтар жүйесінде қызметкер, 1959 жылдан өмірінің соңына дейін Ақтөбе медицина институтының (қазіргі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина академиясы) патология кафедрасының (өзі ұйымдастырған) меңгерушісі болды. Негізгі ғылыми еңбектері патологиялық, физиологиялық мәселелерге арналған. Маманова әртүрлі ауру кезінде организмде туатын арнайы емес реакцияларға сипаттама берді. КСРО-ның Қызыл жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

ТӘЖІБАЕВА ПАТШАЙЫМ ТӘЖІБАЙҚЫЗЫ

(1920–1991)

Ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы (1960), Қазақстан ҒА-ның корреспондент мүшесі (1967), профессор (1975). Қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданы Қарақия ауылында дүниеге келіп, Алматы қаласында қайтыс болған. Қазақстанда литология мен шөгінді пайдалы қазындылар жөніндегі ғылым саласының негізін қалаушы. Орта Азия (қазіргі Ташкент) мемлекеттік университетін бітірген (1942). 1960 жылдан өмірінің соңына дейін Қ.Сәтбаев атындағы геология ғылымдары институтының литология секторының меңгерушісі қызметін атқарды. Негізгі ғылыми еңбектері Орталық Қазақстанның шөгінді жыныстары мен кентастарын зерттеу мәселелеріне арналған. 80-нен астам ғылыми еңбек жазған. КСРО ҒА-ны литология комитеті пленумының мүшесі, Қазақстан ҒА-ның Жер және Әлем туралы ғылымдар бөлімі жанындағы шөгінді жыныстар комиссиясының төрайымы (1963), седиментологтар (1966), сазды минералды зерттеу жөніндегі халықаралық ассоциациялардың (1968), Жапония ғылыми қоғамының (1971) мүшесі болған. Халықаралық геология, седиментология конгрестеріне қатысып, баяндама жасаған. Екі мәрте КСРО-ның Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.

ҚАҢЛЫБАЕВА ЖАМАЛ МҰСАҒАЛИҚЫЗЫ

(1923–1974)

Ғалым, техника ғылымдарының докторы (1965), профессор (1968), Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1970). Семей қаласында дүниеге келіп, Алматы қаласында қайтыс болған. Қазақ әйелдері арасынан шыккан тау-кен ісі саласындағы тұңғыш ғылым докторы. Қазақтың тау-кен металлургия институтын (қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ) бітірген (1946). 1946-74 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Тау-кен ісі институтында кіші және аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі болды. Негізгі ғылыми еңбектері жер қабаттарында шахта қазбаларының әсерінен пайда болатын жылжу үрдістерін радиоактивті изотоптар әдісін қолдану арқылы зерттеуге арналған. Ж.Қаңлыбаева радиоактивті изотоптардың көмегімен бұзылған тау жынысында пайда болатын үрдістердің физикасын зерттеудің жаңа әдісін ұсынды. Бұл еңбегі үшін КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің 2-дәрежелі дипломы берілді (1964). Оның ауқымды жұмыстарының нәтижесі тау жыныстары массивінің жылжуы үрдісін болжаудың және көмір қабаттарын қазу барысында бірқатар инженерлік мәселелерді шешудің негізі болды. Оның ғылыми зерттеулері Қарағанды қаласында шахта үстінде құрылыстар салуда, қазу жүйелерінің негізгі параметрлерін анықтауда және бос жыныстарда жүргізілетін штректердің орнын белгілеуде пайдаланылды. 7-сайланған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. КСРО-ның «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

СӘТБАЕВА ШӘМШИЯБАНУ ҚАНЫШҚЫЗЫ

(1930–2002)

Әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы (1971), профессор (1988), ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі (1979), ҚР Халық ағарту ісінің озаты (1980). Павлодар облысы Баянауыл ауданы Қ.Сәтбаев атындағы ауылда дүниеге келіп, Алматы қаласында қайтыс болған. Қазақ педагогикалық институтын бітірген (1950). 1954-65 жылдары Қазақ педагогикалық институтында, 1965 жылдан Қазақстан ҒА Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ғылыми-зерттеу еңбектері әдебиет тарихына, салыстырмалы әдебиеттану (компаративистика) мен әдебиеттер байланысын зерттеуге арналған. Ш.Сәтбаева еңбектерінде әлемдік сюжеттер, интермәтіндер, көркем аударма, әдеби сапарнама секілді компаративизм мәселелері қамтылған. Ол «Орта Азия және Қазақстан әдебиетінің тарихы» (1961) басылымында қазақ әдебиеті бөлімін әзірлеуге қатысты, «Қазақ әдебиетінің ұлтаралық байланысы» (1970), «Әдебиеттер достығы» (1986) жинақтары мен «Қазақ әдебиеті тарихының» 3-томын шығаруға белсене атсалысты. «ХІХ-ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазак-еуропа әдеби байланыстары» (1972), «Әдеби байланыстар» (1974), «Қазақ әдебиеті мен Шығыс» (1982), монографиялары жарық көрді.

АРЫҚОВА НАҒИМА ЫДЫРЫСҚЫЗЫ

(1902–1956)

Қазақстандағы әйелдер қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі. Алматы қаласында дүниеге келіп, сонда қайтыс болған. 1918 жылы Ташкентте педагогикалық курсты бітіріп, Семей (1923) мен Мәскеуде (1932) білімін жетілдірген. Алматы мен Семей мектептерінде мұғалім (1919– 22), РК(б)П Ceмей губерниялық комитетінің нұсқаушысы, Қарқаралы уездік комитетінің әйелдер бөлімінің меңгерушісі. РК(б)П Қазақ өлкелік комитеті әйелдер бөлімінің меңгерушісі (1925–28), РКФСР Жоғарғы соты Қазақ бөлімшесінің төрайымы (1929–30), БК(б)П Батыс Қазақстан обкомының мәдениет және насихат бөлімінің меңгерушісі, «Сталин жолы» («Қазақстан әйелдері») журналының редакторы (1932-37), Қазақ КСР әлеуметтік қамсыздандыру халкомы (1937-38) қызметтерін атқарды. Кейін Қазақтың мемлекеттік баспасында редактор, редакция меңгерушісі болды. Арықова қазақ әйелдерінің теңдігін қорғап, олардың сауатын ашу, мәдениетке баулу ісіне елеулі үлес қосты. «Өкіл әйелдер не істеу керек?» (Қызылорда, 1927), «Қазақстанда еңбекші әйелдер азаттығы» (Қызылорда, 1930), т.б. кітаптардың авторы.

Журналист Латифа Ахметова өзінің «Нағима Арықова» деген мақаласында ол туралы мынадай дерек береді: «Әйел теңдігі» журналының әр бетін ашқан сайын Нағима Арықованың есімін де жиі кездестіреміз. 1926 жылы Мәскеуге Шығыс әйелдері арасында жұмыс істеушілердің кеңесіне Қазақстан Өлкелік партия комитетінің жұмысшы-шаруа әйелдер бөлімінің меңгерушісі Арықова барған еді. Ол Қазақстан әйелдерінің арасында жүргізіп отырған жұмыстың тәжірибесін, әдісін айтты. Нағима Арықованың сөзін зер салып тыңдаған Клара Цеткина үлкен ризалық білдіріп, «Мына Күншығыс әйелдерінің қозғала бастауы – қара басын адам қатарына қосқаны, бұл теңдік Күнбатыс әйелдеріне үлгі болуға жарайды», – деп бағалады. («Әйел теңдігі», 1926 жылы №12-13).

Нағима Ыдырысқызы көбінесе әйелдердің азат болғанын, оларға әлеумет қызметіне ерік берілгенін айтып, оқу-өнерге шақырды. Партия саясатын уағыздады. «Біздерде мұғалім әйелдер жоқ, дәрігер де сол сияқты. Әлеуметтік қоғам мүшесі әйелдерден кеңес шақырылмақ. Қызылордада 50 әйелдің кілем тоқитын артелі ашылды. Әйелдерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан жеті жасқа болашаққа жол сызды». («Әйел теңдігі», 1926 жыл, №12, 13) Арықова көбінесе журналдың «Партия тіршілігі», «Өкіл әйелдер журналын қалай өткіздік», «Жалпы бөлім» деген айдармен берілетін бөлімге тұрақты түрде жазып тұрды. «Алты жылдағы әйел теңдігі» («Әйел теңдігі», 1926 жыл, №7-10), «Өкіл әйелдер науқаны», «Күңдіктен - теңдікке», «Әйелдер арасындағы жұмыстың жайы және келешектегі міндеттер», «Қазақстанда әйелдер арасындағы жұмыс» тағы басқа мақалаларында өзіндік ерекшеліктері жақсы аңғарылып тұрады. Нағима Арықoва шаруашылық науқандарына орай көптеген пікірлер айтты, әлеуметтік маңызды мәселелер көтерді. Нағима Арықова 1927-1932 жылдары Қазақстан Өлкелік партия комитетінің, Бүкіл одақтық Орталық Аткару комитетінің мүшесі болды. 1920- 1931 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы болып істеді. Мұнда да әйелдер мен балалардың өміріне байланысты көптеген мәселелерді дұрыс шешіп, әйелдер мүддесін қорғады. Арықова «Өкіл әйелдер не істеуі керек» деген кітап жазған еді. Ол кітап «Қазақстан мемлекеттік баспасынан» шыққан болатын. Кітаптың мұқабасында әйелдер қозғалысы туралы 12 кітаптың тізімі басылған. Кітаптың сыртқы көрінісі өте әдемі, анадайдан көз тартарлық. Әсіресе қазақ әйелдерінің нақышына келтіре жасаған ою-үлгілері. Әйелдер туралы жазылған кітап екенін айтпай-ақ білуге болады. «Өкіл әйелдер не істеу керек?» деген кітапша қысқаша әртүрлі тақырыптарды қамтитын 12 бөлімнен тұрады. Олар: 1. Өкіл әйелдер жиналысының құрылысы; 2. Өкіл әйелдер – үлгілі әйелдер;  3. Жиналыстарға қалмай барып тұр; 4. Тапсырған жұмысты атқар; 5. Сауатсыздығыңды жой; 6. Газет-журнал таратуға көмектес; 7. Газет-журналға тілші бол; 8. Кеңес сайлауларына аралас; 9. Қосшы ұйымына аралас; 10. Сот жұмысын үйрен; 11. Денсаулық сақтауды біл; 12. Өзіңді-өзің сына.

Міне, кітаптың осы он екі бөлімінде бәрі қысқа ғана түсіндіріліп өткен. Кітап сол бір кездегі өмір қажетіне, науқанға жауап берді. Қоғам жұмысына қатынасын, өсіп келе жатқан шала сауатты әйелдерге бұл кітаптың жәрдемі ерекше болды. Өйткені, кітаптағы он екі бөлімдегі тақырыптардың бәрі де қоғам құрылысына нағыз керекті мәселелер еді. Бұл кітап сондықтан әйелдерге ғана арналып қоймай, кеңес жұмысындағы азаматтарға да септігін тигізді. Сондай-ақ, «Өкіл әйелдер не істеу керек» деген кітаптың бір құндылығы оның екінші бетінде сол кездегі әйелдер қозғалысына қатысты, қазақ тіліндегі кітаптар қалмай тізіліп басылған. «Өкіл әйелдер не істеу керек» кітапшасын қолға алысымен, артта қалған қазақ қыздары азаматтарға сеніп отыра бермей,қараңғы бауырларына, сіңлілеріне үлгі көрсетіп, жаңа қоғамды нығайтуға атсалысты. Белгілі қоғам қайраткері Нағима Арықованың үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыруының айтарлықтай маңызы болды. Көптеген жерде сауатсыздыққа қарсы күресті. Ол туралы Семей губерниялық «Қазақ тілі» газетінің 1925 жылғы 24 наурызындағы санында Жолымбетұлының «Әйелдер арасындағы іс» деген Қарқаралыдан жазған мақаласын мысалға келтіруге болады. Наурыз айының басында Нағима Арықова келіп, әйелдер бөлімін ашқан. Содан сәуір айынан бастап, әйелдер бөлімі сауатсыздықты жою мақсатымен көп жұмыс істеген, екі жарым айдың ішінде курсты 13 әйел бітірген. Бұл курстан кейін әйелдердің тілектері бойынша қайтадан бес оқу курсы ашылыпты. Оқушылардың саны 15 болған. Әйелдер жалғыз оқумен ғана шектелмей, әдебиет жұмыстарына да қатысады. Әндер, сауық кештері, декламация айтуды үйренеді. Әйелдер бөлімінің қасынан Қызыл отау бұрышы ашылып, онда газет, журнал, кітаптар оқып, білімдерін көтерген. Қабырға газеті шығарылған. Әйелдерге арналған асхана ашылған. Сонымен қатар қырға үгіт-насихат жүргізуге әйелдер арасында ысылған тәжірибелі қызметкерлердің жоқтығы, қаражаттың жетпеуі сыналады. Сауатсыздықты жоймай, оқу-ағарту жұмысын өз дәрежесіне көтермей, елдің экономикасының, мәдениетінің өсіп-өркендеуі қиын еді. «Кеңес үкіметінің міндеті, жауапты жұмыстарының ішінде маңызы жағынан үшінші орын алған халық ағарту жұмысы Қазақстан сияқты жүз адамына 10 сауатты адам табылмайтын елде оқу-ағарту бірінші орын алатын жұмыс деу де жөн сияқты», – деп жазды «Еңбекші қазақ» (1926 жыл, 31

қаңтар). 1926 жылы 25-30 қарашада өткен БК(б)П Қазақстан Өлкелік партия комитетінің II пленумы әйелдер арасындағы мәдени-ағарту жұмыстарының негізгі міндеттерін белгіледі, арнайы қаулы қабылдады. Ондағы негізгі міндеттер қалың бұқараға білім беру, ағарту, төрт жылдық мектептер ашу, жеңіл мектептерді көбейту шаралары еді. Бұл үшін әсіресе Қазақстанда мұғалім, фельдшер дайындау ең маңызды мәселе деп қаралды. Ол үшін ауылдағы төрт жылдық мектептерді көбейтумен қатар көшпелі мектеп, мерзімді мектеп, жаздық мектептер ашу жағдайлары қарастырылды. Әйелдер үшін сауатсыздықты жоятын мектептер, көшпелі, шала көшпелі ауылдарда, қыстақтарда балалар үшін бастауыш мектептер ашу ұйғарылды. Ауылдағы жалшы балаларын интернатпен, оқу құралымен қамтамасыз ету көзделеді. Мұның бәрін орындауға керекті қаржы жағы да ескерілді, «Шын бостандық бұл ғана емес, оған жету үшін оқы, көзіңді аш, әлеумет жұмысына аралас», - деп түйеді Нағима Арықова. Иә, әйелдер өз тағдырына өздері қожалық ететін болды. Олар шаруашылыққа ғана емес, мемлекет жұмысына араласа бастады. Әзербайжан Жейран Бейрамова, түрікмен Эне Кулиева, қырғыз Турчин Бечелова, қазақ Нағима Арықовалар ең алғашқы белсенді көшбасшылар қатарынан еді. «Әйел азаттығы» деген бір ауыз сөзбен ғана мәселе шешіле салмайды. Бұл мәселе әйелдердің еңбегін, екінші –  тұрмысын жөндеумен сабақтас нәрсе. Үшінші –  әйелдердің мәдениетін көтеру. Шынында әйел үй шаруашылығында ғана жетік емес, әйелдің мал шаруашылығына да, диқаншылыққа да, қолөнер кәсібіне де қатысы мол. Бірақ мұның бәрі жөнді ескерілмей келеді», – дейді Нағима Арықова «Еңбекші қазақ» газетінде 1928 жылы жарияланған мақаласында. Ол – «Қазақстан мерекесі және қазақ әйелдері», «Ер жүректі испан әйелдері фашизмге қарсы күрес майданында», «Клара Цеткин», т.б. күрделі мақалалардың және «Өкіл әйелдер не істеу керек», «Қазақстанда еңбекші әйелдер азаттығы», тағы бірнеше кітаптардың авторы. Н.Арықова сондай-ақ бірнеше кітаптар аударған. Нағима Арықова жүректен шыққан шебер сөздерімен, өткір қаламымен майдандағы ерлікті, өндірістегі табысты жазып, елдегі ерлерді жігерлендіріп, жеңіске өз үлесін қосты. Ардагер қоғам қайраткері, журналист Нағима Арықова 1956 жылы дүние салды.


ШОНАНОВА ШАХЗАДА АРОНҚЫЗЫ

(1903-1938)

Педaгoг-әдіскер, ХХ ғасырдың 30-жылдарынадағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі, сталиндік қуғын-сүргін жылдарында атылған бірден-бір қазақ қызы. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында дүниеге келіп, Алматы қаласында қайтыс болған. Шонанованың әкесі Арон – белгілі қоғам қайраткері, заңгер, Б.Қаратаевтың туған інісі, оқыған адам болған. Осыған байланысты шыққан тегі мен әлеуметтік жағдайы Шонанованың болашақ тағдырына көп қиындықтар келтірді. Орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент) медицина факультетіне (1920), кейіннен Алматы медицина институтына (1931) түскен Шонановаға «тап жауының қызы» деген айып тағылып, екеуінде де оқудан шығарылады. Алғашқы оқуынан шығып қалғаннан кейін ол 1922–26 жылдары Оралда губернилық атқару комитетінде нұсқаушы болып қызмет істеді. 1928 жылы Қызылордаға ауысып, Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы болды. 1931 жылы Алматы медицина институтына түскенімен, қатаң бақылауда болып, үздіксіз аңду мен қудалауға ұшыраған Шонанова 1933 жылы ақыры оқуды тастады. Белгілі ғалым, қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Телжан Шонановқа тұрмысқа шыққан ол Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы, Ұлттық мәдениет ғылыми зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер, бастауыш және орта мектеп бөлімінің ғалым-хатшысы, кейіннен әдіскер-кеңесші болып қызмет атқарды. 1936 жылы қызметтен еріксіз босаған Шонанова ҚазМУ-дың (казіргі ҚазҰУ) биология факультетіне оқуға түсті. Бірақ оны аяқтай алмады. 1937 жылы қисынсыз жала жабылып, «халық жауы» атанған Шонанова саяси қуғын- сүргіннің құрбаны болды.

ЕРМАҒАМБЕТОВА ШЕКЕР

(1903-1986)

Мемлекет және қоғам қайраткері. Кызылора облысы Жалағаш ауданында дүниеге келіп, Алматы қаласында қайтыс болған. Кеңес партия мектебін (1932), Жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін бітірген. Еңбек жолын 1928 жылы Қызылордада инспектор болып бастаған. 1938 жылға дейін Орталық Қазақстан облыстық партия комитетінде әйелдер бөлімінің меңгерушісі, Қазалы аудандық атқару комитетінің төрағасы, Жаңақорған аудандық партия комитетінің 1-хатшысы болып істеді. 1938 және 1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Төралқасы Төрағасының орынбасары (1938–55) болды. 1955-59 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасында марапаттау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. КСРО-ның Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

* * *

Ш. Ермағамбетова – көптеген басшы қызметтерде істеп, еңбегімен еліне танылған аяулы апаларымыздың бірі. Сонау Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген Шекер он тоғыз жасынан ауыл белсендісі атанады. Ол аудандағы мал шаруашылығы қоғамының нұсқаушысы болып бірнеше жыл қызмет істейді. Одан білімін көтеру үшін Қызылорда қаласындағы өлкелік кеңес-партия мектебінде екі жыл оқиды. Бүдан кейін Нұра аудандық атқару комитетінің төрайымы қызметіне жоғарылатылады. Қай жұмыста істесін, Шекер Ермағамбетова үнемі іскерлік танытып, еңбек етті. Белсенді жетекші ретінде танылған Шекерге облыс басшылары шешуші, жауапты жұмыстарды тапсырып отырды. Ол 1933 жылы Ақмоладағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. Оны бітірген соң Шекер Ермағамбетқызы Шымкент облыстық партия комитетінің әйелдермен жұмыс істеу секторының меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл қызметте үш жыл істеп, 1938 жылы Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Ұстамды, әділ, белсенді қызметкердің бұдан кейінгі өмірі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасымен тығыз байланысты. Ол осы Төралқа төрағасының орынбасарлығы қызметіне жоғарылатылды. Бұл қызметте Шекер Ермағамбетқызы 1955 жылға дейін істеді. Ал 1955 жылдан 1959 жылға дейін награда бөлімінің меңгерушілігіне ауысады. Шекер Ермағамбетқызының соғыс жылдарында тылдағы әйел-аналар, қарттар арасында атқарған еңбегі орасан. Ол – республика еңбеккерлері мен қазақ халқының атынан 22 вагонға тиелген үлкен керуенді бастап, от пен оқ жауған майдан даласына барып қайтқан қайсар жан. Қазақстандықтар республика диқандары мен малшыларының, көмірлі Қарағанды шахтерлерінің, Ленинoгoрдың, Қарсақпайдың, Жезқазғанның, Доссордың кеншілерінің, қорғаныс зауыттары озаттарының ерлік істерін, олардың жауды жеңуге жан аямай еңбек етіп жатқанын айтып берді. Сөйтіп, майдан шебіне барған делегация мүшелерінің даңқты дивизияның жауынгерімен қоштасар күні де жетті. Дивизияның қаһарман колбасшысына Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің, республика Жоғарғы Кеңесінің және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің арнаулы хаты тапсырылды. Қоштасу салтанатында дивизияның ер жүрек 100 жауынгері Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. Жауынгерлер өкімет басшыларына ыстық сәлемін жеткізуді аманат етті. Елге оралған сон, Шекер Ермағамбетқызы әр дивизиядағы жауынгерлердің үйіне жеке- жеке хат жазып, олардың майдан шебінде жаудан кегін алып жатқандығы жөнінде хабарлап, отбасыларын, ата-анасын, бауырларын қуантты. Бірнеше рет эфирге шығып, радио арқылы сөйлеп, жауынгерлердің ыстық сәлемін халқына жеткізіп, жұрттың жүрегін жылытар сөздер айтып, Тылдағыларға «Жеңіс күні таяу, біз жеңеміз! Жерлестер серті солай» деген азаматтық сөздерімен құлшындыра түскен. Бұл туралы Рза Қунақова «Алғашқы қарлығаштар» кітабында мәлімдейді.

НҰРТАЗИНА РАФИҚА БЕКЕНҚЫЗЫ

(1921-2013)

Педaгoг-әдістемеші, ғалым, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалім (1966), Социалистік Еңбек Ері (1968), педагогика ғылымдарының кандидаты (1974). Павлодар облысы Павлодар ауданы 6-ауылында дүниеге келіп, Алматы қаласында қайтыс болған. Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының (қазіргі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті) филология факультетін бітірген (1951).1951-71 жылдары Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, 1971 жылдан сол мектептің директоры болды. 1972 жылы республикалық педагогикалық қоғамның төрағасы болып сайланды. Нұртазина — 40-тан астам ғылыми әдістемелік еңбектің (орыс тілінде) авторы, ол қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиетін оқыту бағдарламасын әзірлеуге қатысты. КСРО-ның Ленин (1968), «Құрмет белгісі» (1966) ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

ТАМШЫБАЕВА ЗЫЛИХА

(1936–2010)

Aуыл шаруашылығы саласын ұйымдастыруда аты шыққан қазақ қызы, Социалистік Еңбек Ері. Талдықорған облысы Гвардия (қазіргі Кербұлақ) ауданында дүниеге келіп, Алматы облысы Көксу ауданы Еңбекші ауылында қайтыс болған. Әр салада аты шыққан қазақ қыздары аз емес. Солардың ішінде жарық жұлдыздардың бірі – Зылиха Тамшыбаева. Әкесі Жанболат - қарапайым шаруа, алғашқы ұжымшаршылардың бірі болған. Ол арабша хат танитын, өз бетінше кітап оқитын, көзі ашық, зерек адам екен. Жазуға ғана емес, есепке де жүйрік жігіт жиырмасыншы жылдары Ибрагим атты саудагерге жалданып жұмыс істеген. Жанболат отызыншы жылдардың ортасында дүниеге келген жалғыз қызын аялап мәпелеп өсіреді. Жұбайы Бибіш дүниеден ерте қайтса да, бар пейілі, мейірі Зылиха төңірегінде еді. Соған орай қызы да еркелікті ерте ұмытып, кішкентайынан еңбекқор болып өсті. Бұлардың атамекені – Абылай ұрпағы Тезек төренің жайлауы болған атақты Алтынемел асуы. Ауыл шетінен Түлкілі тауының қыраттары басталады. Қысы жұмсақ, жазы мамыражай алқапта кезінде қазақтың жарық жұлдызы Шоқан Уәлиханов аз уақыт тұрып, аурудан қайтыс болған. Қазір сүйегі сол жерде. Ұлы адамның басқан топырағында туып-өсуі кімді де болса тебірентпей қоймайды. Зылиха Жанболатқызы осынау сарқыраған сулары бар, жазда көк шалғыннан көз тұнатын, жұпар иісі аңқыған жерде туғанын мақтан етсе де, ерте көрген жоқшылықты да естен шығарған емес. Анасы Бибіштен жастай айырылған жетімшілігін, соғыс жылдарындағы ашаршылық тұрмысты былай қойғанда, институтқа оқуға барарда жол қаражатына бір бұзаудың зорға табылғанын ұмытар ма... Ақырында институтқа түсудің орайы келмеді. Ұжымшар бастығы ауылға қайтқан көрікті, ширақ қызға оқу бөлмесін жандандыруды тапсырған еді. Әр ауылда сол жылдары «избачитальная» деп аталатын оқу бөлімдері ұйымдастырылып жатқан. Бұрын күндіз кейде ашылып, көбінесе жабық тұратын, түнде жанатын шамы жоқ оқу бөлмесі Зылиха қолға алған соң жандана бастады. Ол әуелі үй ішін қоқыстан тазартып, төбе, қабырғаларын әктеп, терезелерін жуған соң іші кеңейіп, өңі кіріп, ажарлана бастаған. Қолдағы бар кітап бір үстелдің үстіне жаюдан артылған жоқ. Үйінен екі орындық әкеліп, мұндағы үш орындыққа қосқанда бөлме іші аз да болса оқу үйіне ұқсай бастаған. Көп ұзамай жаңа кітаптар сатып алуға ұжымшардан аз-кем қаражат бөлдіруге де күш салды. Елуінші жылдары ауылда клуб жұмыс істемейді, кино көрсету өте сирек, теледидар атымен жоқ. Оқу үйіне жастарды жинай бастаған Зылиха көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырмақ болды. Бірақ бірде-бір музыка аспабы жоқ, сондықтан ол драма үйірмесін қолға алған. Оқу үйінде электр жарығы жоқ, біреу шам, біреу тезек әкеліп жағып, қыстай бір актілі пьесалар дайындады. Сахна – мектептің ұзын дәлізі, төріне бірнеше үстелді біріктіріп қойып, соның үстінде ойын көрсететін. Ауыл адамдары тайлы-таяғымен келіп, еденге малдас құрып отыра кетуші еді. Ауылда бұдан басқа қызық жоқ. Содан жастардың ұйтқысы болып жүрген Зылиха бір жыл өтпей бастауыш комсомол ұйымының хатшылығына сайланды. Ол енді жастарды еңбек етуге тарта бастаған. Зылиханың ұйымдастырғыштық қабілетін байқап, бастықтар ең ақсап тұрған шаруашылық – сиыр фермасына баруын өтінеді. Ол өзімен бірге тоғыз қызды ертіп, сауыншылар бригадасын ұйымдастырған-ды. Жаңа келген он қыз жұмысты сырты сыланбаған, қабырға-төбелері аңғал-саңғал, еңсесі төмен, іші сасық «базаны» тәртіпке келтіруден бастады. Жатқан жері тазарып, күтімі түзелген, мезгілінде сауылатын сиырлар дың сүті де молая түсті. Бұрын шығынды көп беретін ферма бірте-бірте ұжымшарға пайда келтіре бастады. Бұл туралы газеттер жазып, елге танылған тұста ауылға қазақ өнері мен әдебиетінің айтулы қайраткерлері Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаев келген-ді. Содан екі майталман бірігіп, «Беу, қыздар-ай» атты комедияны дүниеге келтірді. Күллі Қазақстанға таралған сол комедиядағы басты кейіпкер Айсұлу – Зылиха бейнесі екенін біреу білсе де біреу білмейді. Көп ұзамай жиырмаға толмаған Зылиха ферма меңгерушісі болып тағайындалды. Сеніп тапсырған жұмысқа құлшына кірісетін әдеті бойынша ол сауын сиырлар үшін жаңа база салдыртып, сауыншыларды сасық қорадан құтқарды. Еңселі жаңа үйге көшкенді мал да ұнатады екен, шұрайлы жерге кенеліп, тез қондана бастады. 640 сиырдың сүті де молая түсті. Осының бәрін көріп-біліп отырған Шоқан ауылының адамдары оны 1959 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiне депутат етіп сайлады. Жиырма үштегі қыз бала үшін бұл зор абырой еді. Маңдайы ашылғалы тұрған Зылихаға алғаш ақыл берген өзіне ұстаз тұтатын, кейін қоғам қайраткері болған Бижамал Рамазанова еді. Ол: «Келешегің бар, оқып, жоғары білім ал», – деді. Бұл кезде тұрмыс құрып, жанұя болған, әрі жұмысбасты болып жүргеніне қарамай, зоотехникалық-малдәрігерлік институтқа оқуға түсті. Көп ұзамай, ұжымшар мүшелері оны күтпеген жерден ұжымшар бастығы етіп сайлады. Қанша жүрексінгенмен, жастарды еңбекке жұмылдыру тәжірибесінен өткен ол тәуекелге бел буған. Шаруашылықтың да тасы өрге домалай бастағанда Қазақстан комсомолының ХІ, ХІІІ съездеріне, БКЛЖО-ның IX съезіне делегат болып барғаны төбесін көкке жеткізгендей еді. Бұдан кейін СОКП XXIV съезіне делегат болып қатысып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары болып сайлануы оның абырой-атағын тіпті аспандатып жіберді. Мұның бәрі әлдекімнің сүйемелдеуі емес, өзінің ақ адал еңбегі арқасында екенін сезсе де асқақтаған жоқ, бұрынғы қарапайым қалпын сақтай білді, шаруашылықтағы жігерлі еңбегінен жаңылған жоқ. Сондықтан шығар, ол 1968 жылы Киров аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Төрт баланың анасы бола тұра соншама қоғамдық, шаруашылық жұмыстарын атқаруына, институтта сырттай оқып, мал маманы дипломын алуына әкесі қосқан қосағы Тоқсанбай көмектесті. Тамшыбайұлы Жанболат, содан кейін, әрине, «Кудай Бір жылға жетер-жетпестен аудан басшылары: «Зылиха, сен бұл жерде аудандағы өзіңсіз мәселе шетейтін бастықтардың бірісің, оданда артта қалған бір шаруашылықты қолға алып, көтеріп жіберсең кайтеді?Беделің бар, үкімет пен партия атақ-абыройынды біраз көтерді, енді бізге нақтылы ісің керек болып тұр», - дегенде ол біраз ойланып-толғанған. Аудандағы ең артта қалған шаруашылықты көтеру қолынан келе ме? Жоқтан бар жасау оңай ма? Бірақ ел, халық сеніп отыр. Осындай жас шағында, қажыр-қайратының қайтпаған кезінде қимылдап қалмауының қисыны келе ме? Ол тәуекелге бел буды. Аудандағы ең артта қалған шаруашылық «Еңбекші» кеңшарында аз уақыт парторг, іле-шала директор болып қызмет істей бастады. Бұл шаруашылықтағы негізгі сала – қызылша, содан кейін егін, мал. Мал маманы Зылиха техникалық дақыл қызылшаны егіп-баптаудың талай тәсілдерін жүре үйренді. Агроном Болат Тоқсанбаев деген жігітпен ақыл қоса отырып, Битай Тәтенова, Закария Сейітова сияқты қызылша өсіру шеберлерінің тәжірибесіне сүйеніп, қариялардың кеңесін тыңдай жүре жаңа директор өнім салмағын бұрынғы 170-180 центнерден асырып, әр гектар бойынша 600 центнерге дейін өнім алғаны үшін Социалистік Еңбек Ері атанды. Жоғарыда аталған екі апайы да кеудесіне Алтын Жұлдыз қадады. Қызылшадан түскен табыс кеңшар қаражатының 97 пайызын құраған соң-ақ шаруа өрге басты. Кеңшар табысы таси бастағанда Зылиханың ең бiрінші ойлағаны еңбекші елдің тұрмыс-мәдениетін түзеу. «Еңбекшінің» орталығында ақ шаңқан шатырлы үйлер бой көтеріп, көшелерге асфальт төселді. «Еңбектіде» тұрғызылған кездениет сарайы - осы аймақтағы ең зәулім ғимарат саналады. Бұл ауылды Зылиха отыз жыл бойы таба аудармай басқарды. Зылиха кеңшар мүлкін талан-таражға түсірмеді, тіршілік өз қалпымен жүре берді. Еңкейген кәрісіне - бектеген жасына дейін білетін ауылда ешбір шаңырақ шайқалмады, әрқайсысы шаруашылық басшысының назарында болды. Сол күнде ауыл анасына айналған Зылиха Тамшыбаеваны қадірлемейтін, құрметтемейтін адам кемде-кем еді.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: