«Есімдері ел есінде»

3 Қыркүйек 2014, 13:18

Московенко Василий Иванович 1915 жылы 8 тамызда Солтүстік Қазақстан облысы Чистопол (қазіргі Ғ. Мүсірепов) ауданы Гаршино селосында дүниеге келген.

Московенко Василий Иванович 1915 жылы 8 тамызда Солтүстік Қазақстан облысы Чистопол (қазіргі Ғ. Мүсірепов) ауданы Гаршино селосында дүниеге келген. Техникумның екі курсын бітірген. Ростов облысында тұрған. Қызыл Армия қатарына 1936 жылы шақырылған. 1938 жылы Сталинградтың әскери­авиациялық училищесін бітірген. 1942 жылдың наурызынан Ұлы Отан соғысының майдандарында болған.

І Украина майданы, ІІ Әуе Әскерінің бірінші гвардия авиация полкының звено командирі, гвардия аға лейтенанты В.И. Московенко 1945 жылдың мамырына дейін 140 рет әуеге көтеріліп, 26 әуе шайқасында жеке өзі 14 және топта 3 самолетті жайратты.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 27 маусымдағы Жарлығымен В.И. Московенкоға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Соғыстан кейін әскери­әуе күштерінде қызметін жалғастырды. 1951 жылы Краснодардағы жоғары офицерлер мектебін бітірді. 1954 жылы майор Московенко запасқа кетті. Житомир қаласында тұрды.

Ленин, 2 рет Қызыл Ту, 1­2 дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.

Некрасов Василий Александрович 1924 жылы 21 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысы Володар (қазіргі Айыртау) ауданы Карловка селосында туған. Еңбек жолын Примор өлкесіндегі Спаск­Дальний қаласында цемент зауытында бастаған. Қызыл Армия қатарында 1943 жылдан.

Орталық майданның 13­армиясының 360­атқыштар полкының автоматшысы қатардағы жауынгер В.А. Некрасов Киев облысындағы Чернобыль ауданының Городчан селосы маңында 1943 жылдың қыркүйегінде фашистермен болған ұрыста жанқиярлық ерлік жасады. Осы күні гитлершілер біздің әскери бекіністерімізге шабуыл жасаған болатын. Некрасов жауынгерлерді шабуылға жігерлендіріп, өзі бірінші болып жауларға ұмтылып, автоматтан оқ жаудырды. Оны басқа да біздің әскери бөлімшелер қолдап, жауды қашуға мәжбүр етті. Осы шайқаста Некрасов 12 фашистің көзін жойды. Мұндай ерлікті ол бірнеше рет қайталады.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 16 қазандағы Жарлығымен Василий Александрович Некрасовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

1944 жылы кіші лейтенанттар курсын, ал 1949 жылы офицер құрамының біліктілігін көтеру курсын бітірді. 1960 жылы тағы да оқу – бұл жолы «Выстрел» курсында. 1962 жылы Қиыр Шығыс автомобиль училищесін алдын ала емтихан тапсырып бітірді.

1972 жылдан полковник Некрасов запаста. Краснодар қаласында тұрды. Ленин, Александр Невский, 1­дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған. Ол 1987 жылдың 25 шілдесінде қайтыс болды. Краснодар қаласында жерленген.

 Овсянников Владимир Васильевич 1923 жылы Петропавл қаласында туған. 7 класс бiтiрген. Одан кейiн Куйбышев қаласында тұрды. 1942 жылдан Қызыл Армия қатарында. Сол жылы Пенза қаласындағы артиллерия­миномет училищесiн бiтiрдi.

Ұлы Отан соғысына 1942 жылдан қатысты. Үш рет жараланды. Воронеж майданындағы 40­армияның 1664­танкiге қарсы артиллериялық жойғыштар полкiнiң штаб бастығының орынбасары, аға лейтенант. 1943 жылғы 19 қыркүйекте Днепр өзенiн кешiп өтетiн өткелдiң полк тұрған учаскесiнде Калинившин хуторының солтүстiк­батысындағы 175,1 метрлiк биiктiкке күштi артиллерия атысының қолдауымен 4­батареяның позициясы тұсында оны айналып өтiп, Бухалов және Виблица хуторларын басып алу үшiн қарсыластар қарсы шабуылға шықты. Жауды 300 метрге дейiн жақын жiберiп, артиллеристер тура нысанамен ата бастады. Овсянников Красная Лука селосындағы (Полтава облысының Годяча ауданы) 2­батареяға тiкелей басшылық жасады. Екi рет жараланса да, ұрыс даласын тастамай, батареяға басшылық жасай бердi.

Снарядтар таусылған кезде Овсянников жауынгерлерiн жетiп үлгерген жаяу әскермен бiрге шабуылға бастап шықты. Қарсы шабуылды тойтарып, жаяу әскердiң алға жылжуын қамтамасыз еткен ұрыста ол қаза тапты.

Кеңес Одағының Батыры атағы оған 1943 жылғы 23 қыркүйекте қайтыс болғаннан кейiн берiлдi. Ленин орденімен марапатталды. Ол Полтава облысының Годяча ауданындағы Красная Лука деревнясының батыс жақ шетiне жерленді.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу: