Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израильдегі жағдайдың қиын екенін, қазақстандықтарды елге қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сондай-ақ ол азаматтарымызды елге қайтару кезінде олардың консулдықта тіркеуге тұрмағаны мәселе туындатып отырғанын назарға алды.
7 қазанда Израильдегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты СІМ-де жедел штаб құрылып, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмін жедел орындауға кірісті. Израильдегі Қазақстан азаматтары мен олардың туыстары үшін жедел желі құрылды,- деді ол.
Оның сөзінше консулдық есебінде 77 азамат тіркеуде тұр.
Бұл консулдық қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда. ЖОО-ларда 5 қазақстандық студент оқиды. 30-ға жуық қазақстандық тағылымдамадан өтіп жатыр. Барлығы 112 адам бар екенін анықтадық,- деді ол.
Осы уақытқа дейін 118 азамат елге оралуға ниет білдірген. Сондай-ақ Израильдегі әуежай жұмысын штаттық режимде жасап жатқанын айтты.