Есеп комитеті бюджетті жоспарлаудың біржылдық жүйесі туралы айтты

20 Маусым 2022, 14:34 2473

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова біржылдық бюджетке қайта оралу туралы пікірді түсіндірді,– деп хабарлайды El.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер Есеп комитетінің басшысынан біржылдық бюджет жоспарлау жүйесіне оралу ұсынысы туралы сұрады.

– Бұл мәселені менен басқа да мамандар көтерген болатын. Біріншіден, оны бюджет бағдарламаларының әкімшілерімен, министрліктермен, жергілікті атқарушы органдармен, сарапшылармен талқылау керек. Үшжылдық бюджет жүйесі бастапқыдан тиімді жағынан көрінбеді. Қазіргі уақытта жағдай құбылмалы болып тұрған кезде, үшжылдық жүйе формалды сипатта көрініп тұр, - деді Н. Годунова.

Осы орайда ол өңірлерде, орталық мемлекеттік органдарда бағдарма әкімшілері екінші және үшінші жылы игерілетін бюджетті қалыптастыруға, қаражатты жобалар бойынша бөлуге көп уақыт жұмсайтынын атап өтті.

– Қайта жаңғырту мен құрылысқа қатысты тоқталсақ, жобалау-сметалық құжаттамасы болмаса, Ұлттық экономика мен Қаржы министрліктері құжаттарды қабылдамайды. Яғни жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, екінші әрі үшінші жылға сараптама жүргізіледі. Ал қаржы ресурстары тапшылығының қазіргі жағдайында бұл нысандардың қамтылуы үлкен мәселеге айналып отыр. Осы орайда сарапшылар арасында бұл мәселені талқылап, біржылдық бюджетке қайта оралуды ұсынып отырмын, - деді Есеп комитетінің басшысы.

Оның пайымынша, бұл тұрғыда тиісті шешім қабылданса, біраз маманды басқа жұмыстарға бағыттауға мүмкін болар еді.

– Сонымен қатар бюджет шығыстарына қатысты сапалы әрі тиімді пысықтауға жол ашылады. Атап айтқанда, біржылдық бюджетті уақытша енгізу керек шығар. Ал жағдай тұрақтанса, үшжылдық бюджетке қай оралуға болар еді, - деді Наталья Годунова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Есеп комитеті бюджетті жоспарлаудың үшжылдық жүйесінен бас тартуды ұсынды.

 

Бөлісу: