Есеней Естемiсов

3 Қыркүйек 2014, 15:23

Есеней Естемiсов 1798 жылы – ұлу жылы наурыз айында қазiргi Солтүстiк Қазақстан облысы Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл селосында Орта жүз Ашамайлы Керейдiң Сибан руына жататын Қошқарбай батыр ауылында, Естемес мырзаның шаңырағында дүниеге келедi.

Есеней Естемiсов 1798 жылы – ұлу жылы наурыз айында қазiргi Солтүстiк Қазақстан облысы  Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл селосында Орта жүз Ашамайлы Керейдiң Сибан руына жататын Қошқарбай батыр ауылында, Естемес мырзаның шаңырағында дүниеге келедi. Бескөл қонысы Қошқарбай батыр ауылының атақонысы болған жер екен.

Есенейдiң әкесi Естеміс балуан Сейiтұлы өз тұсында Ашамайлы Керейдiң басты адамдарының бiрi болыпты. Есенейдiң аталары туралы Сегiз серi «Ер Есеней» атты толғауында былай деп жырлаған:

Орта жүздiң iшiнде

Ашамайлы Керейде

Балға батыр ұрпағы.

Ақылы сай күшiне,

Заманының сұңқары –

Есеней ердiң бабасы.

Әрiде өткен Ақпанбет

Жауға тиген болып өрт.

Бергi атасы – Сейiт би,

Өз әкесi Естеміс

Ел жақсысы ғадыл ед.

(Балға батыр – Сибан Керейдiң түпкi атасы, Балғаның әкесi Танаш би Ақ Орданы гүлдендiргендердiң бiрi екен).

Бұл өлең шумақтарынан Есеней бабаларының ел қорғаны батыр болғанын көремiз. «Керей шежiресi» бойынша Есенейдiң анасы Ақжәми – ХVIII ғасырдың төртiншi ширегiнде, яғни 1773­1775 жылдары және 1783­1797 жылдары отаршылдық езгiге қарсы бағытталған Кiшi жүз қазақтары шаруаларының көтерiлiсiнiң көсемi Сырым Датұлы батырдың (1712­1802) қызы екен.

Сонымен қатар, Есенейдiң әкесi Естеміс те, атасы Сейiт те Меккеге қажылыққа барып қайтқан екен. Сейiт пен оның баласы Естемістiң қажы болғандығына Сегiз серiнiң мына өлең шумақтары да дәлел бола алады:

Әкесi де атасы

Есеней ердiң қажы едi.

Сибан Керей iшiнде

Басқа атадан аз едi.

 

Керей шежiресiнде Есенейдiң аталары былай таратылады: Танаш би – Сибан (Балға батыр) – Қорқыт – Қошқарбай – Ақпанбет – Сейiт – Естеміс – Есеней.

Есенейдiң ұлы әкесi Сейiт Ақпанбеттен үш жасында жетiм қалып, жастық шағы нағашы жұртында өтiптi. Сейiттi жiгiт болған кезiнде немере ағасы Бесбай Тоқпанбетұлы мен Балта Керей Ермұхамед Тұрсынбай батыр ұлы Байбақты елiнен көшiрiп әкелiптi. Тұрсынбай батыр мен Ақпанбет батыр екеуi дос, қалмаққа қарсы бiрге соғысқан адамдар екен. Қурай емген тұқымы деп аталатын көп жылқы бiткен Сейiт қыдыр дарыған бай болыпты. Сейiт өзiнiң Естеміс, Есiркеп атты екi баласын әуелi Қажым деген молдадан оқытып, одан кейiн Қызылжардағы Шақшақ (Сегiз серiнiң  атасы)  медресесiне оқуға берiптi. Ол Қызылжар, Омбы шаһарларының базарларына келiп жүрген, сауда­саттықпен айналысатын Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтарының саудагер байларымен танысып, олармен жақсы араласып, дос болып, ендi сол достықты Шақшақ медресесiн тәмамдаған екi ұлын оқыту үшiн пайдаланады. Ол Естеміс пен Есiркептi Үргенiштегi достарының үйiне қойып, сондағы медресеге оқуға бередi. Әке үмiтiн ақтап, Естеміс те, Есiркеп те Үргенiш медресесiн жақсы оқып бiтiредi.

Есiркеп молда болып Шақшақ шора медресесiне  ұстаз боп орналасып, балаларға дәрiс бередi. Ал Естеміс iрi балуан болыпты. Сонымен бiрге ол Сибан Керей елiне билiк жүргiзiп, Ресей отаршылдарымен жер­су мәселесiнде тартысқа түскен кiсiлердiң бiрi болыпты. Сибан Керейдiң басшысы ретiнде тарихи деректерде Естеміс Сейiтұлының есiмi көп айтылады.

Естемістен Есенкелдi, Есеней, Еменәлi атты балалар туады. Алдымен ауыл молдасынан дiни сауат ашқан Есенкелдi мен Есенейдi әкесi Естеміс өзi оқыған оқу орындарына, алдымен Шақшақ медресесiне, одан кейiн Үргенiш медресесiне оқуға бередi. Бұл медреселердi оқып жүрiп Есенкелдi мен Есеней араб, парсы, көне түрiк (шағатай) тiлдерiн үйренедi. Сондай­ ақ, екеуi де Қызылжар шаһарындағы Шақшақ медресесiнде оқып жүргенде көршi тұратын татар, орыс балаларымен ойнап жүрiп, татарша, орысша сөйлеудi жақсы меңгерiп алады.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу: