1 Қазан 2014, 11:12
Тарихы тереңде жатқан Сексеуіл локомотив пайдалану депосы заман талабына сай өркендеп келеді. Ондағы локомотив бригадалары өз істеріне үлкен жауапкершілікпен қарай білетін білікті мамандар.
Сонау 1905 жылға дейін шеберхана атанып келген орталық Орынбор-Ташкент теміржолы пайдалануға берілген тұста ол Сексеуіл паравоздар жөндеу депосы болып қайта құрылған еді. Кейіннен Сексеуіл локомотив айналым депосы болды. Сол уақыттарда локомотив бригадаларына арналған демалыс үйі салынып, осы салаға жан-жақты көңіл бөліне бастаған. Әйтседе, депо басшылығын тек қана сырттан келген өзге ұлтты білікті мамандар ғана өз тізгініне алып отырған. Айта кету керек, 1957 жылдан кейін барып локомотив бригадаларын жергілікті қазақтар басқаруға мүмкіндік алған. Сонымен қатар 1977 жылы депо ұжымы жүк тасмалдаумен қатар ТҚҚ-3 профилактикалық жөндеумен де айналыса бастады. 1981-1982 жылдары жаңадан механикалық дайындау, компрессор цехы, химиялық-техникалық лаборатория тағы басқа да орындар ашылды. Жұмысшылардың біліктіліктерін көтеру үшін кезең-кезеңімен оқуға жіберіліп отырды. 1980 жылы деподағы жалпы жұмысшылар саны 1500-ге жетті. Сондай-ақ, 2000 жылы Сексеуіл локомотив депосы пайдалану және жөндеу депосы болып екіге бөлінді. Одан кейін 2004 жылы Сексеуіл локомотив пайдалану депосының жанындағы (ТҚҚ-2) техникалық байқау өткізетін орталық «Локомотив сервис орталығы» АҚ-ы болып бөлініп шықты. Қазіргі кезде Сексеуіл локомотив пайдалану депосында барлығы 348 адам еңбек етіп келеді.
-Түрлі кезеңдерді бастан өткерген Сексеуіл айналым депосы бүгінде өздеріңіз көргендей жаңа технологиялық-ақпараттық жетістіктерге де немқұрайлы қарап отырған жоқ. Машинистеріміз болсын, машинист көмекшілері болсын жаңа тепловозды дер кезінде игеріп, тәжірибе жүзінде толық меңгеріп алды. Бүгінгі таңда депода 348 адам жұмыс жасайтын болса, оның 126-сы машинист, 111-машинист көмекшісі. Ал, класс бойынша 1-ші класс машинисі-4, 2-ші класс машинисі-56, 3-ші класс машинисі-50. Бізде 3 маневрлік, 21 магистралды жолаушылар тасмалына арналған тепловоз есепте тұрады. Жолаушылар тасмалымен локомотивтер Сексеуіл-Илецк-Сексеуіл аралығын қамтамасыз етсе, жүк тасмалымен Сексеуіл-Қазалы-Сексеуіл бағытында жұмыс атқарады,-деді Сексеуіл локомотив пайдалану депосының директоры Бөрі Сәңкібаев өз сөзінде.
Сондай-ақ, білікті мамандарының арқасында биылғы жылдың 9 айын абыроймен аяқтады. Мәселен, тепловоздардың аталған мерзім аралығында бағындырған жалпы аралық жол қашықтығы 2399,007 млн.км болса, желілік аралық 2286,864 млн.км құрап отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда бірнеше пайызға өскендігін көрсетті. Тасмалдау жұмысы да осы тәріздес былтыр 4493,899 млн.тн/км брутто боп шықса, биыл 9 айда 4726,545 млн.тн/км брутто болған. Локомотив бригадаларына жоспар бойынша демалыс күндерін беру 100 пайызға орындалған. Бүгінгі күнге дейін ешқандай апаттық жағдайлар, мал басу оқиғалары, жылжымалы құраманың бөлшектерінің сынуы, жанындағы маневрлі тепловоздармен соқтығысу, пойыздардың 1 сағатқа дейін тұрып қалу секілді тағы басқа да қиындықтар орын алмаған. Техникалық жылдамдық жыл басында -55,66 км/сағ деп жоспарланса ол -55,67 км/сағ 100 пайызға орындалған. Ал, пойыздардың орташа салмағы -2973 тоннаны құраған. Орташа тәуліктік үнемділік -2194 мың ткм/брутто екені мәлім болса, жүк қозғалысы, жолаушылар қозғалысы жоспардан асыра орындалған.
Осылайша ыждағаттылық пен тиянақтылықтарының арқасында теміржол тіршілігіне көрік беріп жүрген локомотив бригадалары жаңа жүйенің толағай табыстарына ерекше ықыласпен ден қойып келеді.
Балауса СЫЗДЫҚОВА,
Қызылорда