Ержан Сәлімгереев: Өмірге құлшынысымды арттырған – спорт...

30 Қазан 2017, 11:08 9089

Жігері жасымаған қайсар жан

Шынында да, адамның қолынан бәрі келеді. Ауыр дертке шалдығып, ойламаған жерден өмірін басқа арнаға бұрған оқиғаға тап болса да, жігері мұқалмай, жақсылыққа ұмтылатындар жеткілікті. Солардың бірі жүзуден халықаралық паралимпиадалық жарыстарда Қазақстан туын биіктен желбіретіп жүрген – Ержан Сәлімгереев.  

– Бала кезімді күрсініспен еске аламын, – дейді ол. – Бірақ адам тағдырдан қашып құтылған ба? Менің өмірімді басқа арнаға бұрған оқиға 3 сынып оқып жүргенде болды. Ауыл балаларымен жасырынбақ ойнап жүріп, трансформаторға шығып кетіп, тоқ сымына тартылып қалдым. Осымен менің балалық шағыма нүкте қойылды. Арбаға таңылған соң, кішкентай болғаныма қарамай, өмірге деген көзқарасым өзгеріп, бірден есейіп кеттім. Сол ауыр күндері ата-анам мен туыстарым жанымнан табылып, керемет қолдау көрсетті. Қазір ойласам, олардың демеуінсіз менің тауым шағылып, өмірден әлдеқашан түңіліп кетер едім... Барлық жетістіктерім тек сол кісілердің арқасы деп білемін!

Осы оқиғадан соң, ата-анасы Ержанды мектепке жібермей, үйден оқытуға көшеді.

– Үйде білім алуға ешқандай қызығушылығым болмаған соң, оқудан бас тарттым. Арбамен де жүруді жөн көрмей, жарты жылдан соң, әкеме балдақ әкеп беруін өтіндім. Үйде ешкім болмаған кезде балдақпен жүріп, жаттыға бастадым. Алғашында бір де бір қадам жасай алмайтынмын. Ақыры, дегеніме жеттім.

Өзімнің бір іске жарайтынымды дәлелдеу үшін, өмірге деген қызығушылығымды ояту үшін ауылға барып, балаларды жинап, футбол командасын құрдым. Бір аяғыма демеу болған балдақпен жүгіріп, доп қудым. Әкем, осы демалыстан соң, Еркінқала ауылындағы әжемнің қасына баруға кеңес берді. Бірден келістім. Онда менің қызықты күндерім басталып, көптеген балалармен достасып кеттім. Тағы бір қуаныштысы, жергілікті мектептің директоры мені мектепке қабылдайтын болып шешті. 3 сыныптағы үзілістен соң, 10 сыныптан бір-ақ шықтым. Білім ордасына, балалардың ортасына оралуым – менің өмірімнің жаңа беттерін ашты. Үйде жүргенде мектептен қашып кеткен балаларды көріп, «солардың орнында болсам, бір де бір сабақты қалдырмай оқитын едім» деп армандайтынмын. 

Осылайша, 2007 жылы жалпы орта мектептің аттестатын алдым. Білімімді жетілдіру үшін жоғары оқу орнына түсуді мақсат еттім. Ата-анама айтпай, құжаттарымды тапсырып көргем, өтпедім. Бұл жолы болмаса, келесі жолы бағым жанар деп, тағы тапсырдым. Тағы да сүріндім. Ер кезегі үшке дейін емес пе? Үшінші рет жолым болып, Атырау политехникалық институтының автоматтандыру және басқару бөліміне грантқа түстім. Студенттік шақтың қызығын сезініп көру үшін, жатақханаға орналастым. Оқуымды аяқтаған соң, жұмыс ұсынған орындар болды. Бірақ, мені ешқашан ақша қызықтырған емес. Қоғамға бір пайдам тисін деген ниетпен жастар ресурстық орталығына жұмысқа орналастым. Қазір аз болса да, өз ортама пайдам тиіп жатыр деп ойлаймын.

Ержанның өмірге құлшынысын арттырып, жаңа тынысын ашқан спорт екенін мойындайды.

– Бір күні достарым мүмкіндігі шектеулі жандардың спорт орталығына баруға кеңес берді. Бардым. Жаттықтырушымен таныстым. Мен секілді адамдардың спортпен қалай шұғылданып жатқанын көрдім. Біреуі үстел теннисімен, біреуі волейбол... ойлана келе жүзумен айналысамын деп шештім. Себебі, арбаға таңылған кезде достарым Орал өзеніне барып, шомылатын. Әрине, мені де ала барады. Оларды сыртынан бақылай келе, бір күні ешкім көрмей тұрғанда суға секіріп кеттім. Сіз ойлап отырғандай ағып кетіп, не тұншығып қалмай, жүзіп жағаға шықтым. Менің де жағдайымда жүзумен шұғылдануға болатынын анық түсіндім.

Осы спорт клубында ол Дамир Ешенқұлов деген жаттықтырушымен танысады. Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында орналасқан бассейнге барып, кәсіби спорттық жолындағы алғашқы қадамдарын жасаған еді. Күн-түн демей жаттыққан Ержан көп ұзамай-ақ жетістіктерге жете бастады.

– Спортқа ден қоя бастағанымда, менің сыртымнан көптеген әңгімелер айтылып жүрді. Ешқайсысына мән бермедім. Неге біреудің сөзі менің тағдырымды шешуі керек? Маған сенімсіздік танытқандарды таң қалдырамын деп мақсат қойдым. Олардың сыни көзқарасы керісінше мені қамшылай түсті.

Осылайша, оны бапкері Дамир Тараз қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі жандардың біріншілігіне апарады. Алғашқы жарысын Ержан күліп еске алды.

– Жарыстың алдында қатты қобалжыдым. Мен секілді, бірақ рухы мықты жандарды көріп, абыржып, именіп қалдым. Бірінші кезеңде суға жүзуге арналған киімімнің жібін байлауды ұмытып кетіп, шешіле жаздаған соң, тоқтауыма тура келді. Адамды осынша қорқыныш билер ме еді? Екінші кезеңде де жүзіп келе жатып, бортқа қолыңды тигізу немесе итеру керек, екеуінде жасай аламын. Бірақ сасқалақтап, қайсысын жасарымды білмей тұрғанда, аузыма су кіріп тынысым тарылып кетті. Сонымен, бұл кезең де сәтсіз аяқталды. Бапкерімнен қатты ұялдым, не болса да соңғы кезеңде өзімді көрсетейін деп, бар күшімді салдым. Секіріп жүземін дегенде көзілдірігім шешіліп қалғанына қарамай, екінші боп келдім.

Мен үшін бұл жарыс сәтсіз аяқталса да жігерімді жанып, намысыма қамшы салды. Келесі қатысқан турнирімде міндетті түрде жеңіске жетемін деп шештім. Бұрынғыдан екі есе көп жаттыға бастадым. Аязда да, жауында да, аптап ыстықта да мені бассейннен табуға болатын еді.

Келесі жылы Ержан Павлодар қаласында өткен төрт жылда бір келетін паралимпиадаға қатысып, 1 алтын мен 2 күміс медаль жеңіп алды. Тараздағы жарыста 50 метрді 47 секундта жүзіп өтсе, бір жылдан кейін бұл көрсеткішін 39 секундқа жеткізді. 2016 жылы Германия Кубогында алтыннан алқа тақты, ол өз көрсеткішін 32 секундқа дейін жақсарта алды. Биыл Германияның ашық біріншілігінде қос алтынды қанжығалады. 

Ержанның құлақтың құрышын қандыратын керемет қоңыр даусы бар. Оған тіпті, бір кездері елімізге танымал әнші қолқа салып, Алматыға алып кетіп, ән жаздырып, жұлдыз жасағысы келген екен.

– Әншілік – хоббиім ғана. Сондықтан түбегейлі бұл бағытқа кету туралы мүлде ойламаппын. Оның үстіне бес күндік өмірде ата-анамның қасынан алыстамай, солармен бірге болғым келді. Олар қашанғы жүреді дейсіз? Алматыға аттанбағанымның да басты себебі сол шығар.

Тағдырдың сынағына мойымаған Ержан былай дейді:

– «Неге осындай жағдайға ұшырадым?», «Неге мен?» «Неге?..» деген сұрақтарды жиі қойып, өзімді «жеген» кездерім де аз болмады. Сосын... өзімді қалай бар, солай қабылдау керек деп шештім. Мені тағдырым осындай жақсы адамдардың ортасына түсіргеніне алғысым шексіз. Олардың маған деген қамқорлығын ешнәрсемен өлшеуге болмайды. ...Таңертең оянып, тағы да бір жаңа күнді бастағаннан басқа бақыт бар ма?

Осы уақытқа дейін шаңырақ көтеру туралы ойламаппын. Ендігі мақсатым – бір басымды екеу қылып, отбасылы болу. Алла қаласа, келесі жылы тойыма баршаңызды шақырамын.

Ержан қараша айының соңында Мексикада өтетін әлем чемпионатына қызу дайындалып жатыр. Ол алдағы барлық турнирлерде биіктен көрініп, Олимпиада шыңын бағындырғысы келеді. 

– Токиа Олимпиадасынан алтынмен оралып, спорттық мансабымды аяқтағым келеді. Одан соң, басқа да қоғамға пайдасы бар істермен шұғылданатын шығармын... Тағдырым алдымнан тағы да «тосын сый» ұсынып тұрмаса болғаны...

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: