Ертісте заңсыз жұмыс істеп жүрген шетелдік азаматтарға айыппұл салынды

3 Тамыз 2023, 13:49 951

Ертісте заңсыз жұмыс істеп жүрген шетелдік азаматтарға айыппұл салынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Рейдтік іс-шаралар кезінде Ертіс аудандық полиция бөлімінің көші-қон полициясының қызметкерлері заңсыз жұмыс істеп жүрген Өзбекстан Республикасының екі азаматын анықтады.

Олар Қазақстанға келген кезде уақытша тіркелмеген және тиісті рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асырған. Шетелдік азаматтарға қатысты тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды, – деді Павлодар облысы Ертіс аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметінің аға инспекторы Бақыт Ермекпаева.

Шешім қабылдау үшін материал сотқа жіберілді. Сотта ер адамдар тіркелуді ұмытып кеткендерін түсіндіріп, өз кінәсін мойындады. Ертіс аудандық сотының қаулысымен Өзбекстан Республикасының азаматтары әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 25 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды.

Жыл басынан бері Павлодар облысында шетелдік тұлғалардың немесе азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының Халықтың көші қоны саласындағы заңнамасын бұзуының 670 фактісі анықталды.

Равиль Ашығали
Бөлісу: