"Ертіс орманы" табиғи резерватында биыл 14,5 млн көшет отырғызылады

16 Сәуір, 06:25 530

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында орманды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Биыл мұнда 14,5 млн көшет отырғызу жоспарланып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының жалпы аумағы 277 961 га құрайды. Ол Шарбақты және Аққулы аудандарының аумағында орналасқан. Резерваттың орманмен жамылған аумағы - 163 296 га.    

Резерваттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысының 2 млрд дана ағаш отырғызу тапсырмасының орындалуы мақсатында, сонымен қатар ормандарды молықтыру мен орман өсірудің кешенді жоспарына сәйкес, биыл көктем және күзгі уақытта 2828 гектар алаңда 14 млн 568 мың дана орман көшеттерін отырғызу жоспарланған.

«Ертіс орманы» резерватын көшеттермен толықтай қамтамасыз ететін жалпы ауданы 57 га  құрайтын екі тұрақты орман тұқымбағы бар. Биыл Шалдай және Бесқарағай филиалдарының екі тұрақты орман тұқымбағында 31 млн 752  мың дана кәдімгі қарағай көшеттері өсірілді,-делінген мәліметте.

Көктемгі ағаш отырғызу жұмыстары механикаландырылған тәсілмен МТЗ тракторлары базасында СЛН-1, МЛУ маркалы ағаш отырғызу машиналарымен жүзеге асырылуда. Барлығы 400-ге жуық адам және 81 дана техника жұмылдырылды.

Резерваттың барлық орманшылықтары орман екпелерін отырғызуға арналған техникамен және құрал - жабдықтармен толықтай қамтылған.

Перизат Саденова
Бөлісу: