Ерте үзілген ғұмыр. Денис Теннің арамыздан кеткеніне 5 жыл

19 Шілде 2023, 14:23 8786

Осыдан 5 жыл бұрын дәл осы күні қазақстандық мәнерлеп сырғанау шебері Денис Тен кісі қолынан қаза тапқан болатын. Тірі болғанда 13 маусым күні 30 жасқа толар еді. Ел есінде мәңгі сақтайтын аңыз чемпионның жеңістері мен жетістіктеріне шолу жасап көрдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматыда дүниеге келген.  Ата-анасы Юрий және Татьяна Тен. Отбасының екі баласы бар. Денис Корея командирі Мин Гын Хоның ұрпағы. Ол балалық шағында музыка, сондай-ақ басқа да спорт түрлерімен айналысқанымен, түптеп келгенде, мәнерлеп сырғанауды таңдады. Кішкентайынан алға қойған мақсатына жете білетін Денис Тен ең алғашқы жетістігіне хор айтуда жетіпті. Ол 2002 жылы Оңтүстік Кореяда өткен бүкіләлемдік хор ойынында күміс жүлдеге ие болды.

Ал 6 жасынан бастап мәнерлеп сырғанауға ден қойған Денис Алматыдағы ірі сауда үйлерінде орналасқан мұз айдынында жаттықты. 2003 жылы Ресейдің Одинцово қаласында өткен турнирде бапкері Елена Буянованың көзіне түседі. 2004 жылы Денис Тен Мәскеуге көшіп, кәсіби түрде жаттығуды бастады.

2006 жылдан бастап Қазақстан чемпионатына қатысып, 4 рет чемпион атанды.

2013 жылы Канаданың Лондон қаласында өткен әлем чемпионаты қазақ спорты тарихына алтын әріппен жазылды. Өйткені, Денис Тен ел тарихында алғаш рет әлем чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізді.

Араға 2 жыл салып, Шанхайда өткен әлем чемпионатында 3-орын алды.

2014 жылы өткен Сочи Олимпиадасында Денис Тен қысқа бағдарламада 1 мәрте құлап, небәрі 9-орынға жайғасты. Алайда қос бағдарламаның нәтижесінде отандасымызға 3-орын бұйырды. 

2017 жылы Алматыда өткен қысқы универсиадада қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы  Денис Тен алтын алды. Ол қысқы және еркін бағдарлама бойынша 266,97 ұпай жинады.

2015 жылы Оңтүстік Корея астанасы Сеулде мәнерлеп сырғанаудан өткен "Төрт құрлық чемпионатында" Денис Тен қысқа бағдарлама бойынша 97,61 ұпай, ал негізгі бағдарламада 191,85 ұпай жинады. Қоссайыс қортындысында 289,46 ұпай еншіленген Тен "Төрт құрлық чемпионатының" жеңімпазы атанды.

2018 жылы аяғындағы жарақатқа қарамастан Оңтүстік Кореяның Пхеңчхаң қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Ал күзде Францияда өтетін әлемдік Гран-при жарысына қатысуы керек еді.

Денис спорттан бөлек фотоға түсірумен әуестенген. Ол әлеуметтік желіде өзінікінен басқа парақша ашып, сол жерге түсіргендерін жариялап отырған. Сондай-ақ ол өзі ән жазып, шырқайтын еді. Спортшының She won’t be mine әні көпшіліктің көңілінен шығып, халықтың есінде мәңгі қалды.

Денис Теннің қазасы

Денис Тен 2018 жылы 19 шілдеде 25 жасында қайтыс болды. Күндізгі сағат үштер шамасында ол Байсейітова мен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы мейрамханадан шыққан. Екі жігіттің көлігінің айнасын ұрлап жатқанын байқаған Денис оларды тоқтатпақ болған кезде жамбасынан жарақаттанды.

Жедел жәрдемді жақын маңда өтіп бара жатқан адамдар шақырған. Ол №12 қалалық орталық клиникалық ауруханаға 15.23-де жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап, оның өміріне араша түсе алмады. Үш литр қан жоғалтқан Денис Тен сағат 17:30-да қайтыс болды.

Сочи олимпиадасының жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 21 шілде күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Марқұм Достық кентінде жерленді.

Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен үш азамат ұсталды. Олар – Жамбыл облысының тумасы 24 жастағы Нұралы Қиясов, Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Әйел қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін қамауға алынды.

2019 жылдың басында қылмыскерлерге қатысты сот үкімі шықты. Арман Құдайбергенов Қылмыстық кодекстің 188-бабы «Ұрлық», 192-бабы «Қарақшылық» және 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша айыпты деп танылып, 18 жылға сотталды. Ал Нұралы Қиясовқа «Адам өлтіру» және «Қарақшылық» баптары бойынша 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жанар Толыбаева 434-бап «Қылмыс туралы хабарламау» бойынша кінәлі деп танылды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазіргі таңда Жанар Толыбаева бостандыққа шыққан.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: