21 қыркүйек премьералары

21 Қыркүйек 2017, 14:36 2039

Ернар Бекенов ұсынады

Британдық «Kingsman» шпиондық комедиясының жалғасы, Warner Bros. студиясының LEGO сериясына кіретін кезекті мультфильмі, Джеймс Франконың қатысуымен түсірілген хоррор және 1983 жылы Грузиядағы ұшақты кепілге алу оқиғасының экранизациясы. Аптаның кинофильмдері осындай.

2015 жылы Мэттью Вонның «Kingsman: Құпия қызмет» комедия боевигі күтпеген жерден табысқа кенелген еді. Фильмді көрермендер жылы қабылдады, ал шығыны 5 есе табыспен оралды. Әлбетте бұдан кейін сиквелге жол ашылғаны анық. Екінші бөлім – «Kingsman: Алтын сақина» («Kingsman: Золотое кольцо») деп аталады.

Шығармашылық топ пен басты актерлер өзгерместен жаңа оқиға түсірілді. Әрине бұрыннан да тартымды ету үшін жаңадан жұлдыздар қосылды және оқиға орны да кеңейді. Енді бірінші фильмдегі британ шпиондары (Тэрон Эджертон, Марк Стронг, Колин Ферт) америкалық әріптестерімен күш біріктіреді (Холли Берри, Ченнинг Татум, Джефф Бриджес, Педро Паскаль). Басты антагонист рөліне «Оскарлы» Джулианна Мур шақыртылыпты.

Warner Bros. студиясы LEGO конструктор ойыншықтар негізінде анимациялық картиналар жасау практикасын сәтті іске асырып келеді. 2014 жылы «Лего. Фильм» шықты, биыл жылдың басында «Лего Фильм: Бэтмен» жарық көрді. Осы серияның үшінші бөлімі «Ниндзяго» деп аталады. Тематикасы бәріне де түсінікті: самурайлар, ниндзялар мен сенсейлер, зұлым кейіпкермен күрес және әлемді құтқару.

Персонаждарды дыбыстағандар қатарында Джеки Чан, Дэйв Франко, Майкл Пенья секілді Голливуд жұлдыздары бар.

Дэн Буш есімді тәуелсіз, аз бюджетті киномен айналысып жүрген америкалық режиссер «Қойма» («Хранилище») деген жаңа дүниесін ұсынады. Үрейлі триллерде банк тонаймыз деп, бастары пәлеге қалған бір топ қылмыскер туралы баяндалады. Пәле полициядан емес, аруақтар әлемінен келеді. Сөйтсе банктің бір жабық есігі аруақтар әлеміне жол ашады екен. Қазынаға қызыққан қылмыскерлер сол есікті ашады.

Актерлер құрамда танымал дегендерден Джеймс Франко бар. Сондай-ақ кіші Клифтон Коллинз және Клинт Иствудтың қызы - Франческа Фишер-Иствудты атауға болады.

1983 жылы қарашада Грузияда Ту-134 жолаушылар ұшағын тұтқынға алып, оны шетелге айдап кетуге талпынған оқиға болды. КСРО билігі бұны террористік акт деп бағалады. Салдарынан 7 адам қаза тауып, екі адам жараланған еді.

Тегі грузин ресейлік режиссер Резо Гигинеишвили осы оқиғадан кино жасауды мақсат етіпті. «Кепілге алынғандар» («Заложники») прокатқа шықпас бұрын биыл Берлин кинофестивалінде көрсетілді.

Сюжет бойынша КСРО режимінен құтылуды желеу еткен бір топ жас ұшақты жолаушылармен бірге кепілге алады. Олар Түркияға қашып шығу үшін ұшақ айдап кетпек болады.

Ернар Бекенов
Бөлісу: