«Матильда» фильмі Ресей қоғамын екіге бөлді

24 Қазан 2017, 19:01 1917

Биыл Ресей қоғамында конфликт туғызып, біраз шу шығарған кинокартина туралы

«Матильда» - биыл Ресей қоғамында конфликт туғызып, біраз шу шығарған кинокартина. Десек те жылдың басты блокбастері деген атағы тағы бар. Алексей Учитель режиссерлік еткен жобада балерина Матильда Кшесинкая мен тақ мұрагері Николай Александрович арасындағы махаббат айтылады.

Негізгі шуды - фильмді патшаның атына кір келтіру деп қабылдаған кейбір ықпалды тұлғалар мен оған ерген адамдар туғызып отыр. Олардың ішінен Госдума депутаты Наталья Поклонскаяның есімі ерекше аталады. Ол картинаның көрсетіліміне тыйым салу туралы талап қойып, бас прокуратураға биылдың өзінде қырықтан астам шағым түсіріпті. Ал жалпы фильмге қатысты скандал 2016 жылдың қараша айынан бері жалғасып келеді. Депутаттың пікірінше бұл фильм православтардың діни сенімін қорлайды.

Ресей Госдумасының депутаты, Қырымның бұрынғы прокуроры Наталья Поклонская Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерлеріне арналған маршқа Николай ІІ патша бейнеленген иконамен шықты / фото: Радио Свобода (svoboda.org), 2016 жыл

Даудың бір себебі діни сипатта өрбіп жатса, тағы бір қарсы шығушылар тарихи шындыққа жанаспайтын сюжетін алға тартады. Сергей Карпов, Сергей Мироненко, Петр Мультатули есімді тарихшылар сценарийді тас-талқан сынап тастады. Олар ойдан құрастырылған детальдар мен эпизодтар , өмірде болмаған кейіпкерлер туралы айтады, ал шын кейіпкерлердің образдары прототиптерімен мүлдем сәйкес келмейді дейді. Аталған тарихшылар тіпті атастырылып қойылған болашақ патшаның көңілдесі болуы мүмкін емес екеніне де сенімді.

Фильм тарихи мелодрама деп жарияланғанымен, бұл көркем шығарма. Ал болған оқиғаны дәл сол күйінде беру көркем шығарманың басты міндетіне жатпайды. Осындайда Ермек Тұрсыновтың «Келіні» мен соның төңірегіндегі негатив реакция еріксіз еске түседі. Сол кезде де фильмді көрмей жатып сынағандар көп болып еді.

Діншілдер сезімін аяққа таптады деген айыпқа келсек. Осындай шағымдардан кейін Ресейдің Мәдениет министрлігінің қоғамдық кеңесі арнайы жабық көрсетілім өткізіп, шешім шығарды: фильмге тыйым салуға ешбір негіз жоқ. Осылайша «Матильдаға» прокат куәлігі беріліп, «16+» деген жас шектеуі қойылды. Соған қарамастан депутат Поклонская өз дегенінен қайтар емес. Несіне соншалықты полемика көтеріп, көпшілікті дүрліктіріп отыр – түпкі мәні тек өзіне мәлім.

Дау депутаттың жалқы қарсылығымен шектелсе мейлі ғой. Дүрлігуге ерген кейбір православия өкілдері қоқан-лоққыға да барды. Сол себепті кейбір кинотеатрлар ерекше қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруға мәжбүр болды. Премьера алдындағы алғашқы көрсетілім Владивасток қаласында 2017 жылы 11 қыркүйекте өтті. Ішке кірген әр көрермен жіті тексеруден өтіпті. 22 қыркүйекте Новосибирскіде болған алдын-ала көрсетілім кезінде де қауіпсіздік күшейтілді. Өйткені кинотеатрға қорқыту сипатындағы хат келіп түсіпті. Қатаң бақылауға қарамастан үш белгісіз адам плакат алып кіреді. Плакаттарда «Учитель жаманға үйретеді», «Сақ болыңыз, нақұрыстықтың мол мөлшері шоғырланған» деген сипаттағы жазулар болыпты. Қорқытып-үркіту әрекеттеріне «Христианское государство — Святая Русь» деген заңсыз ұйымның қатысы бар делінеді. Одан бөлек фильмнің шығуына қарсылық білдіргендер арасында «Царский крест», «Сорок сороков» деген қозғалыстардың аттары да аталады.

«Матильда» фильмінің режиссері Алексей Учитель / фото - фильмнің «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасынан

Кейбір облыстар жаппай тәртіпсіздіктен қорқып бас тартса, кейбір аймақтар Поклонская ту ғылып көтерген «діншілдер сенімін аяққа таптау» уәжін алға тартып, көрсетілімді болғызбауға әрекет етіп жатыр. Мысалы Ингушенияда кинопрокатпен айналысатын «Дружба» кинотеатры бұл фильмді таратудан осындай себеппен бас тартты. Татарстан мен Кабардино-Балкария аймақтары толықтай бас тартпаса да, шектеу қоюы мүмкін.

Бұндай ахуал, әлбетте, фильмнің қаржылық тұрғыдан өзін ақтай алмай қалу мүмкіндігін туғызады. Айталық, бюджеті 25 млн долларды құрайды екен. Қаржынының бір бөлігін мемлекеттік Кино қоры бөлген.

«Матильданы» алдын-ала көріп алған киносыншылардың пікірі жаман емес. Антон Долин («Искусство кино»), Лариса Малюкова («Новая газета»), Стас Тыркин («Комсомольская правда»), Валерий Кичин («Российская газета») секілді сыншылар жалпы картинаға, актерлердің ойынына, монтажға жоғары баға берді. Соның ішінде әсерлі декорациясы, операторлық жұмысы (Юрий Клименко), кейіпкерлердің костюмі үшін мақталып жатыр. Киносыншылар фильмге тарихи кино ретінде емес, сюжеті балама тарихқа құрылған, костюмделген әдемі киноспектакль ретінде қарауды ұсынады. Алдын-ала көрсетілімге қатысқан қарапайым көрермендер де картинаны жылы қабылдады.

«Матильда» - кейбір тұлғалардың империялық пиғылын ашып бергендей ме, қалай өзі? Әйтпесе Поклонскаяның және соның сөзіне ергендердің Николай ІІ-ге деген шексіз махаббатын басқаша қалай түсіндіруге болады?

Алексей Учительдің «Матильда» тарихи мелодрамасы Қазақстан прокатына 26 қазанда шығады.

Ернар Бекенов
Бөлісу: