Ермек Кәрім, ағаш шебері: Ұлттық бұйымдарға шетелдіктер әуес

28 Қазан, 17:41 454

Ағаштан түйін түйіп, қазақтың ұлттық аспабынан бастап, ыдыс-аяғына дейін жасайтын шеберлер бүгін бар ма? Ұлттық өнерімізді дәріптеп, ата дәстүрді жалғайтын шеберлердің қарасы сирегені рас. Оған не себеп? Бұл сұрақтардың жауабын осы өнерді жанына серік етіп, ата жолын жалғап келе жатқан Ермек Кәрімнен сұрап көрдік.

Ермек Кәрім Алтайдың арғы бетінде дүниеге келіп, ата жұртқа бертін қоныс аударған. Қазір ағаштан түрлі бұйымдар жасап, көрмелер мен жәрмеікелерге қатысып, ұлттық өнерді дәріптеп келеді.

El.kz: Ермек аға, ағаштың тілін тауып, түйін түю екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы ұсталық өнер бойыңызға қайдан дарыды?

Ермек Кәрім: Мен Қытайдың Тарбағатайында туып, жастық шағымды сол жақта өткіздім. Бала кезімнен сурет өнеріне қызығушылығым артты. Оқу орнын да осы мамандық бойынша тәмәмдадым. Дөрбөлжін қаласында екі жылдай сурет салудан сабақ беріп, мұғалімдік қызмет атқардым. Ал 2006 жылы ата жұртқа көшіп келдік. Бұл жерде де бір-екі жыл ұстаздық жолында еңбек еттім. Сосын ағаш шебері болуға бел байлап, ата кәсіптің жібін жалғадым. Негізі бұл  өнер қанымда бар десем артық емес. Әкеміз бен атамыздың өздеріне керекті бұйымдарды ағаштан жасап алатынын көріп өстік. Ал ағам зергерлік өнердің шебері болатын. Сырға, жүзіктен бастап, ат әбзелдеріне дейін жасайтын. Бір сөзбен айтқанда темірден түйін түйетін. Сол кісілерге қарап еліктеп өстім. Қолөнерге жақындығым да сол кісілерден дарыса керек. Ең алғаш қолыма ағаш ұстағанда студент едім. Ең бірінші жасағаным ағаштан ойылған Абай Құнанбайұлының мүсіні еді. Кейіннен ағаштан домбыра, қобыз сынды ұлттық аспаптарды, ыдыс-аяқтарды жасай бастадым. Қазір ағашты серік еткеніме он жылдан асып кетті. Алдағы уақытта бұл өнерді одан ары дамытсам деген ниетім бар.

El.kz: Сіздің қолыңыздан көбінде қандай бұйымдар шығады?

Ермек Кәрім: Негізі жұмысты ұлттық аспаптарды жасаудан бастадым. Алайда бүгінде аспаптарға деген сұраныс ағаш ыдыстарға қарағанда төмендеп кетті. Менің негізгі кәсібім осы болғандықтан сұранысқа қарай бейімделдім. Қазір қазақи ыдыс-аяқтарды көп жасаймын. Әрине, ағаштан басқа да қолөнер бұйымдарын оямын. Ағаштан жасалған қылыштар да, қалқандар да бар. Сазсырнайды да жасап жүрмін. Әрине кәсіби мамандарға арналмаған. Десе де, кәдесыйға немесе, сазсырнайды үйренгісі келетіндерге таптырмас аспап. Бұл аспап аты айтып тұрғандай саздан жасалып, күйдіріледі. Мен соның ағаш түрін де жасап көрдім. Ағаш сырнай деп айтуға да болады. Сазсырнайдың дауысы жоғары шықса, ағаштан жасалғанының дауысы қоңыр, күңіренген үні бар, құлаққа жағымды. Қамшының да түр-түрін жасаймын. Өрімдеріне байланысты бөлінеді ғой. Басында теріні өзім илейтінмін. Кейіннен қалаға көшкеннен кейін дайын теріні сатып алатын болдым.

El.kz: Жақсы ағаш сіздің қолыңыздан шыққан заттың сапасына әсер ете ме?

Ермек Кәрім: Ағаштан бұйым жасарда оның сапасына мән берген жөн. Мен қайыңнан жасаймын. Ол ақ қайың, қызыл қайың және бұйра қайың деп үшке бөлінеді. Таңдауым көбіне қызыл қайың мен бұйра қайыңға түседі. Себебі, одан жасалған бұйымның сапасы жоғары болады. Ал ақ қайың көбіне ерте жарылып кетеді. Қолымнан қандай зат жасасам да сатып алған кісіге барлығын айтып отырамын. Егер сапасы сын көтермейтіндей болса оны да айтамын. Өйткені, біреуді алдап өткізген бұйым өз беделіңе нұқсан келтіреді. Сондықтан әр жасаған заттың бағасын сапасына қарай қоямын. Шеберханаға керекті ағаштарды Көкшетаудан әкелемін. Өзім барып, өзім таңдап, өзім кесіп аламын. Сапалы ағаш өтімді бұйымның кепілі болады.

El.kz: Сіздің жасап жүрген бұйымдарыңыз біздің тарихымыздан сыр шертетіні һақ. Қазір осындай ұлттық өнерге, ата мұраға деген қызығушылық қандай?  

Ермек Кәрім: Қолдан жасалған бұйымдарға қызығушылық өте жоғары. Әсіресе, шетелдік қонақтар арасында қазақтың ұлттық аспаптары болсын, ыдыс-аяқтары болсын, қамшысы болсын бәрі өтімді. Олар біздің салт-дәстүрге қызығып, таңданысын жасырмайды. Бір өкініштісі өзіміздің қазақтардың қызығушылығы төмен. Жоқ деп айта алмаймын, бірақ тым аз. Қазір қолдан жасалған бұйымдар да азайып кетті. Заман дамығаннан кейін неше түрлі станоктар да пайда болды. Көбі сонымен жасайды. Алайда оның барлығы бір қалыптан өткеннен кейін бір-бірінен еш айырмасы болмайды. Сызықтарына, ою-өрнектеріне дейін бірдей. Ал қолдан жасалған әр заттың өзіне тән ерекшелігі болады және тек бір данамен жасалады. Басқа бұйыммен салыстырсаң да айырмашылығы көзге ұрып тұрады. Оның үстіне қолдан жасалған жұмыстың құндылығы уақыт өткен сайын арта береді. Тапсырыспен жасалатын бұйымдар да болады. Бірақ өз басым ондайды жасағым келмейді. Неге десеңіз, біреудің ойындағы дүниенің нақты қандай екенін болжау қиын. Оның ойын толықтай түсіне алмауың да мүмкін. Ал өз қиялыңмен, өз идеяңмен жасаған дүниең оның көңілінен шықпауы да ғажап емес. Ондай тапсырысты жасағанда уақыт та өтпей, жұмысың да өнімсіз болып көрінеді. Сондықтан әр затты жасағанда өзімнің қиялыма, өзімнің шығармашылығыма ерік бергенді жөн көремін.

El.kz: Ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаудағы мақсатыңыз қандай?

Ермек Кәрім: Әрине осымен күнімді көріп, нан тауып отырмын. Дегенмен түпкі мақсатым бұл емес. Қарап отырсаңыз қазір қолдан жасалған бұйымдар өте аз. Көбі станокпен ойып жасауға машықтанып алған. Сондықтан, осы ата кәсіпті ұмыт қалдырмай, келер ұрпаққа жеткізгім келеді.

El.kz: Сіздің ойыңызша осындай ұлттық құндылықтарымыз ұмыт қалып бара жатқан жоқ па?

Ермек Кәрім: Ұлттық құндылықтарымыз ұмыт қалып барады деп айта алмас едім. Керісінше, қайта жандану үстінде. Соңғы бір-екі жылды алып қарасаңыз ұлттық өнердің жаңғыра түскенін байқаймыз. Қолөнер бұйымдарының, ұлттық аспаптардың көрмесі жиі ұйымдастырылады. Біз бұндай жерлерге барудан бас тартпаймыз. Тегін келеміз. Сондай жерлерде біз де қолымыздан келгенше осы өнерді насихаттауға тырысып жүрміз. Қазақтың қандай болғанын, қандай ұлт екенін көрсетуде бұндай бұйымдардың рөлі жоғары. Сондықтан, менің алдыма келген әр кісіге қолымда бар бұйымның қалай жасалғанын, қандай маңызы бар екенін қолымнан келгенше түсіндіруге тырысып отырамын. Қолөнер шеберлерін қолдауға мемлекеттен де қаржы бөлінбейді. Өз күшімізбен осы кәсіпті дамытуға тырысып келеміз.

El.kz: Ата кәсіпті келер ұрпаққа жеткізсем дедіңіз. Шәкірт тәрбиелейсіз бе?

Ермек Кәрім: Ағашпен айналысқан оншақты жыл ішінде көп шәкірт тәрбиеледім деп айта алмаймын. Үш-төрт шәкірт ғана тәрбиелеген шығармын. Себебі, қазіргі жастардың қызығушылығы мүлдем басқа десем де болады. Бірақ, осы салаға қызығушылық танытқандардың бәріне білгенімді айтып келемін. Дәл қазір соңымнан ерген шәкіртім жоқ. Бірақ, осы уақытқа дейінгілердің арасынан шеберлігін шыңдап, ата кәсіпті одан әрі дөңгелетіп әкеткендері бар. Егер ағаштың тілін тауып, он саусағынан өнер тамған шебер боламын деп ниеттенген жастар болса бар білгенімді үйретуге қашан да дайынмын және үйреткенім үшін бір тиын да сұрамаймын. Барлығы тегін.

El.kz: Ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген шеберлердің саны сиреп бара жатқан жоқ па?

Ермек Кәрім: Қазір ағаш шеберлері ел арасында көп десем болады. Бірақ барлығы бірдей шебер емес. Шебер деп кімді айтамыз? Шебер адам деген – ол тек ағашпен емес, темірмен де, терімен де жұмыс жасай білуі керек. Бір сөзбен айтқанда жоқтан бар жасайтын адам. Мысалы қамшы жасап отырып, темірден жасалатын тұсына келгенде темірдің шебері керек деп тосып отырмаймыз ғой. Барлығын өз қолымен жасайтын адамдар нағыз шеберлер. Ал қазіргі станокпен ойып қойып шебермін деп жүргендер шебер емес. Кейде қолөнершілердің арнайы гранттарын ұтып алғың келеді. Сонда жоғарыдағылардың қолдан жасалған бұйым мен станоктан шыққан затты айыра алмауы қынжылтады. Арнайы аспаптан шыққаннан кейін әрине ондай бұйымдар біркелкі, көзге тартымдырақ болып көрінеді. Бірақ шынайы еңбекпен, қолдан жасалған бұйымдардың ысырылып қалуы әттеген-ай дегізетіні рас.

El.kz: Ұл-қыздарыңыздың осы кәсіпті жалғастыруына қалай қарайсыз?

Ермек Кәрім: Соңымнан ерген екі ұлым мен бір қызым бар. Ұлдарым әлі кішкентай. Олардың осы салаға қызығушылығын нақты айта алмаймын. Екінші ұлым арасында келіп, қызығушылық танытып тұрады. Ал қызым дизайнер мамандығы бойынша оқып жатыр. Шынымды айтсам, балаларыма осы саланы жалғаңдар деп салмақ салғым келмейді. Өйткені бұл жолдың қаншалықты ауыр екенін жақсы білемін. Оның үстіне ұрпағым өз таңдауын өзі жасаса екен деймін. Сондықтан таңдауды өздеріне қалдырдым.

El.kz: Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Ынтымақ Толқын
Бөлісу: