4 Маусым 2015, 10:18
Ең қызығы, Галиб Жафаров 57 келіде әлем чемпионы атанып, жеңімпаздың құрметіне әнұран орындалғалы жатқанда болған. Тәуелсіздігімізге 12 жыл болса да мемлекеттік әнұранымыздың орнына КСРО-ның әнұраны орындала бастаған. Мұны алғаш боп Ермахан Ыбырайымов байқап қап, тоқтатқан екен. Міне, осы әңгіменің анық-қанығын білу үшін Олимпиада чемпионының өзіне хабарластық.
– Ермахан Сағиұлы, 2003 жылғы Бангкок қаласында өткен жарыстағы әнұранға байланысты мәселенің болғаны рас па?
– Әрине, ол ойдан шығарылған дүние емес. 57 келі салмақта Галиб Жафаровты марапаттау рәсімі басталғанда ойламаған жерден бұрынғы КСРО әнұраны басталып кетті. Ағылшынша бір ауыз сөз білмесем де өз-өзіммен «No Kazakhstan, no Kazakhstan!» дей беріппін. Жарысты ұйымдастырушылар жанайқайымды бірден ұқса керек, КСРО әнұраны сап тиылды. Содан не керек, сол жердегі қазақ елшілігіне өтініш айттық. Олар әнұранды жылдам алдыртамыз деп уәде берді!
– Марапаттауға үлгере алдыңыздар ма?
– Өкінішке қарай, үлгере алмадық. Бірақ, 75 келіде чемпион атанған Геннадий Головкинді марапаттау сәтінде елшілік те ентігіп әнұранды жеткізді-ау әйтеуір (күліп). Оған да шүкір.
– Ал, Галиб Жафаровтың құрметіне тек байрақ қана көтеріліп, үнсіз ғана қошемет жасалды ма?
– Бұл бір қызық болды. «Ал, енді не істейміз?» деп әбігерге түсіп жатқанда қазіргі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатының директоры Серік Түкеев мырза еш ойланбастан «Мен айтамын!» деп әнұранды бастан-аяқ орындап шықты. Елдің барлығы аң-таң! Мен де Серік ағамызды көріп аузым ашылып қапты. Содан елдің бәрі орнынан тұрып, Галиб Жафаровқа емес, Серік Түкеев мырзаға ұзақ қол соғып тұрды.
Жалпы, мен осындай жағдайды өз басымнан екі рет өткіздім. Бір мәрте Куба елінің әнұраның орнына басқасы қосылып кетіп, олар да әбігерге түскені бар.
– Егер ол жерде сіз болмасаңыз, мемлекеттік әнұранымыздың орнына КСРО әнұраны шырқалар ма еді...
– Мүмкін. Сол үшін мен бас бапкер боп тұрған кезде жаттығуды әнұранды орындаудан бастайтынмын. Осы мәселені талай рет көтердім. Нидерланд елінің 15 пайызы ғана әнұран мәтінін жатқа біледі деп естіп едім. Масқара ғой! Тек спортшылар ғана емес, осы мемлекетте өмір сүріп жатқан барлық азамат әнұранды жатқа білуі керек деп ойлаймын. Осымен неше мәрте әнұранға байланысты дау болды. Ескі әнұран орындалса бір бөлек, КСРО, әлгі Бораттың фильміндегі даңғазалар орындалып жатқаны масқара ғой!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Жандос БАЙДІЛДА.
8-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiн пайдалану тәртiбi
1. Мемлекеттiк Гимн:
1) Қазақстан Республикасының Президентi қызметке кiрiскен кезде - ол ант бергеннен кейiн;
2) Қазақстан Республикасы Парламентi сессияларының ашылуы және жабылуы кезiнде;
3) Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттiк мерекелерiне, сондай-ақ өзге де салтанатты iс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжiлiстердiң салтанатты ашылуы кезiнде;
4) теле-, радиоарналар эфирге шыққан кезде тәулiк сайын, олардың хабар таратуы басталғанда және аяқталғанда;
5) Қазақстан Республикасы халқының өмiрiндегi аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметiне ескерткiштердi, монументтердi, құлпытастарды және басқа да ғимараттарды ашу кезiнде;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктерi мен өзге де ұйымдары өткiзетiн рәсiмдер, салтанатты және спорттық iс-шаралар кезiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы көтерiлген кезде;
7) Қазақстан Республикасына мемлекеттiк немесе ресми сапармен келген шет мемлекеттердiң басшыларын қарсы алу кезiнде - тиiстi шет мемлекеттiң мемлекеттiк гимнi орындалғаннан кейiн;
8) жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсiмдерi кезiнде, сондай-ақ өзге де салтанатты iс-шаралар өткiзiлген кезде;
9) Қазақстан Республикасының ұлттық (құрама) командасы қатысатын спорттық iс-шаралар өткiзiлген кезде орындалады.
9-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiн орындау тәртiбi
1. Мемлекеттiк Гимн көпшiлiк алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен өзге де ұйымдары шет мемлекеттер аумағында iс-шаралар өткiзген кезде Мемлекеттiк Гимн осы Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемлекеттiң заңнамасы мен протоколдық практикасына және жергiлiктi салт-дәстүрге сәйкес орындалады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын салтанатты жағдайда көтеру және тiгу кезiнде Мемлекеттiк Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерiн Туға қарай бұрады.
2. Мемлекеттiк Гимндi оркестр, хор, оркестр мен хор орындайды не ол өзге де вокалдық және аспаптық түрде орындалады. Бұл ретте дыбыс жазу құралдары пайдаланылуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiн ықшамдап орындауға жол берiледi.
3. Мемлекеттiк Гимн бекiтiлген мәтiнi мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестiкпен мемлекеттiк тiлде орындалады.
4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Гимнiнiң мәтiнi мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негiзi ретiнде пайдалануға болмайды.