Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы – Қазақ хандығы

27 Қаңтар 2015, 10:06

Қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты тарихшы ғалымдардың пікірі

Бодандық бұғауынан босаған, азаттық алған қазақтың өзін-өзі тануға, өткеннен сабақ алуға ұмтылып, тарихты қазбалауы заңды еді. Ел Тәуелсіздігі жарияланысымен-ақ аузы дуалы, зиялы азаматтардың ақыл-кеңесімен тарихта өткен әйгілі бабалардың рухына бағышталып ас берілуі елдің еркін, саналы өмірге аяқ басқанының алғашқы белгісі еді. Одан соң 1998 жылды Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Халық бірлігі мен Ұлттық тарих жылы» деп жариялады. Мұндай игі қадамдар қазақ оқымыстыларының ұлттық мәдени мұраларды түгендеуі, тарихтың ашылмаған ақтаңдақ беттеріне ден қоюы, тың тақырыптарда зерттеу жүргізуі секілді қыруар шаруалармен жалғасын тапты.
Бүгінгі таңда кеңестік кезең, отарлық дәуір бұрмалаған жасанды деректер тұманын сейілтіп, шын тарихты ашуға ынтыққан азаматтар көп. Ал Елбасы ғалымдардың ұсынысына орай 2015 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуы кең көлемде атап өтілетіндігін мәлімдеді.
Бұқаралық ақпарат құралдарында ғана емес, әлеуметтік желілерде, азаматтардың жеке парақшаларында сүйіншілей хабарланған, халық тарапынан қызу қолдау тапқан осынау мерейтой жайында біз де тарихшы ғалымдармен ой бөліскен едік.

Нұрлан АТЫҒАЕВ,  тарих ғылымының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және   этнология институты директорының орынбасары:
Қазақ хандығы 1465 жылдың қазанында құрылған

– Тарих және этнология институты Қазақ хандығының 550 жылдығын  тойлау туралы ұсыныс жасағанын білеміз. Көзделген мақсат не?

– 2015 жылдың күзінде Керей мен Жәнібектің қазақ халқының дербес  мемлекеттік бірлестігін – Қазақ хандығын құрғандығына 550 жыл толады. Осыған орай біздің институт бұл датаны мерейтойлық даталар тізіміне қосу және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шаралар өткізу туралы бастама көтерген болатын. Біздің байламымыз бойынша, Қазақ хандығының құрылған сәтін атап өту қазақстандық мемлекеттіліктің және отаншылдықтың нығаюына септігін тигізуі тиіс.

Қазақстан – біздің аумағымызда дәуірлеп өткен сақ, үйсін, ғұн және басқа да этникалық қоғамдастықтар мен мемлекеттік құрылымдардың мұрагері. Аталған мемлекеттік құрылымдардың бәрі де қазақ мемлекеттілігінің тарихының бастауы екені даусыз. Қазақтар мен осы ұлы ата-бабаларымыздың арасындағы тарихи байланыс туралы Елбасы Н.Назарбаев «Ұлытау төріндегі толғаныс» атты сыр-сұхбатында жақсы айтып кеткен еді.

Бөлісу: