Ерлікпен қаза тапқан ерлер

6 Мамыр 2020, 19:10 7838

Қызмет бабында қаза тапқан тәртіп сақшылары

Ел қауіпсіздігі жолында қызмет ету оңай шаруа емес. Қоғам тыныштығын күзетіп, көше тәртібін қадағалап жүрген полицейлер күн сайын түрлі күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп жатады. Мемлекетімізде осы абыройлы міндетті атқарып, бейбіт күнде қызметтік парызын орындау кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Олардың бірі адам өмірін арашалап қалса, екіншілері өзгенің өмірі үшін өз жанын қиып қыршынынан кетті. Кейбірі қандықол қылмыскер қолына түсіп, қауіп-қатерге толы қызметін абыроймен атқару жолында қапыда қайтыс болды. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай 130 баланың өмірін құтқарып қаза болған қарағандылық полицей Қайрат Жұмабеков, қылмыстық топқа қарсы шыққан интернационалист-жауынгер Жанайдар Жирентаев,қар құрсауында қалып қойған қарт кісілерді аман алып қалып, қайтыс болған, өскемендік тәртіп сақшысы Жәлелхан Мұрымбаев туралы баяндаймыз. Сонымен бірге, қызмет барысында мас күйінде көлік басқарып келе жатқан жүргізушінің кесірінен жол-көлік оқиғасына ұшыраған полиция аға сержанты Бауыржан Юсупов пен бұзақылық әрекеттің алдын-алып, араша түскен кезде пышақ жарақатынан өмірден өткен Рахат Амантаев туралы да айта кетеміз.


Ержүрек жол сақшысы

Қоғамда қызу пікірталас тудыратын өзекті мәселелердің бірі – мас күйінде көлік жүргізу. Өкініштісі жыл сайын осы мәселенің салдарынан мыңдаған жол-көлік оқиғалары тіркеледі. Тіпті мас жүргізушілердің кесірінен болған апаттан қаншама адам қаза болып та жатыр. Сондай жағдайға тап болған жол сақшыларының бірі – Бауыржан Юсупов.


Полиция аға сержанты Бауыржан Сәрсенәліұлы 2013 жылы қызмет барысында жүргізушісі мас күйінде басқарып келе жатқан автокөлікті тоқтатады. Кейін жүргізушіні медициналық куәландыру үшін, наркологиялық диспансерге бара жатқанда, таңғы сағат бестердің шамасында, Сейфуллин көшесі және Республика даңғылы бойында жол-көлік оқиғасына ұшырайды. Соқтығысу нәтижесінде полиция аға сержанты Бауыржан Юсупов пен БМВ жүргізушісі оқиға орнында қаза болады.

– Бауыржан өз қызметіне адал болды. Барлық спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрді. Ол жұмысын бәрінен жоғары қоятын. Өзі жанашыр еді, адамдардан көмегін аямайтын. Жолдасым өмірден өткен жылы ұлымыз Мейіржан небәрі 5 айдағы нәресте болатын. Баламыз өсе келе әкем қандай болған деп үнемі менен сұрап жүретін. Енді ер жеткенде әкем сияқты полицей боламын деп айтып жүр. Біз Бауыржанды мақтан тұтамыз.Ол біздер үшін әрқашан нағыз қаһарман болып қала береді, – деп полицейді есіне алды жары Гүлсанат Серікқызы.


Бауыржан Юсупов 1987 жылы Қазақстанның оңтүстігіндегі Арыс қаласында туған. Ішкі істер органдарындағы қызметін 2009 жылдың қаңтар айында бастаған тәртіп сақшысы сол жылдың сәуір айынан бастап, Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жол-патрульдік полиция полкінің полицей-жүргізушісі лауазымына тағайындалған екен. Құқық қорғау саласында қызмет атқару барысында өзін жоғары білікті, еңбексүйгіш, тәртіпті және бастамашыл қызметкер ретінде жақсы жағынан көрсете білген сақшының артында жас әйелі мен баласы қалды.

130 баланы құтқарған полицей

2008 жылдың 20 мамырында Қарағанды қалалық Жол полициясы батальонының инспекторлары полиция аға сержанты Қайрат Жұмабеков пен старшина Дмитрий Пугачқа Қарағандыдан Нұр-Сұлтан қаласына бағытталған автобустағы мектеп оқушыларын аман-есен апарып келу туралы тапсырма беріледі. Ойларында ештеңе жоқ қос инспектор мектепке аттанып, үш автобустың жетегімен қалаға қарай бет алады. Автобус елордаға аман-есен жетеді. Нұр-Сұлтан Екатеринбург тас жолы Қарағанды мен елорданың арасын жалғап жатқан негізгі жол торабы. Сол жолдың бойымен балаларға жолда жүру тәртібі мен қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, тәртіп сақшылары қайтадан автобуспен бірге Қарағандыға қарай жол тартады. Машинаның тізгінінде Қайрат Жұмабеков болады. Жол ережесін бұзбай үш автобустың алдында келе жатқан патрульдік көлік жолда орын алатын жол-көлік оқиғасынан мүлдем хабарсыз еді. 


Оларға қарама-қарсы жол бойымен келе жатқан тас тиелген жүк көлігі өзімен қатарлас жүйіткіген жеңіл автокөліктің басып озғанына шыдамай, өзінің абайсызда жолдың қарсы бағытына шығып кеткенін байқамай қалады. Қас пен көздің арасында қарсы жолаққа шығып кеткенін көрген жүк көлігі, жолда келе жатқан көлік пен автобустарды көріп оңға қарай бұрылады. Жүк көлігінің арақашықтық тым жақын болғандықтан, көлік жеңіл көлікке соқтығысады. Дәл сол сәтте жол полициясы көлігінің рөлінде отырған Қайрат Жұмабековтің алдында екі таңдау тұрды. 


Ол – бірінші қарсы келе жатқан көліктен сытылып шығып, өзін сақтау немесе соққыға өзін тосып, автобусты аман алып қалу. Бірақ абзал ер арды таңдады. Ол артындағы сәбилердің амандығын ойлады. Өзінің үйінде де сондай кішкентай балалары амандығын күтіп отырғанын білсе де, полиция аға сержанты өз мойнына берілген жауапкершілікті сезініп, қарсы келген кесапатқа өзін тастай салды. Сол жерде аға сержант, ардақты әке Қайрат Жұмабеков 30 жасында көз жұмды. Серігі Дмитрий ауыр жарақаттан ауруханаға жеткізілді. Ал автобустағы 130 бала дін аман қалады. Егер полицей Қайрат Жұмабеков дер кезінде шешім қабылдамағанда, көлік автобусқа соқтығысқанда үш автобус бір-біріне қатты жақындап, жол-апаты болып, бұдан да қиын жағдай орын алар еді.

Аға сержант Қайрат Қарағанды қаласында 1974 жылы дүниеге келген. Әскер қатарында болып, 2000 жылы Қарағанды қалалық патрульдік полиция бекетіне жұмысқа қабылданып, артынша Жол полициясы басқармасына ауысқан. Бүгінде Қарағанды жұрты ғана емес барша ел 130 баланың өмірін аман алып қалған ержүрек, батыр полицей Қайрат Жұмабековтің жасаған ерлігі мен өрлігін ұмытпайды.

Қылмыстық топқа қарсы шыққан тәртіп сақшысы

1994 жылы бұрынғы Ақмола қаласы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жанайдар Жирентаевқа қоңырау шалады. Ол кезде Жанайдар жедел топ жетекшісі еді. Бұзақылар ұлын ұрмақшы болып жатқаны жөнінде хабарламадан кейін тәртіп сақшысы бірден іске кіріседі. Ол бұзақыларды ұстау барысында күдіктілердің бірі жедел топ қызметкерлеріне бағыттап, қос ауызды аңшы мылтығын кезенеді. Қаруды тастау жөнінде талапты орындамай, қылмыскерлер қарумен оқ атады. Тек полиция қызметкерлері ғана емес, ауладағы адамдардың өміріне қауіп төнген сәтте бұрынғы интернационалист-жауынгер Жанайдар Жирентаев атылған оққа өзін тосып, адамдарды құтқарып қалу үшін құрбан болған еді.


– Мен – 1994 жылы тұрғындарды қандықол қылмыскерлерден құтқару кезінде қайтыс болған Жайнайдар Жирентаевтың жолдасымын. Осы жылдарда көп нәрсе болды. Қиындық, қайғы-мұң, сағыныш. Жақын адамыңды жоғалту оңай емес. Маған және екі қызыма оның қызметтестері мен достары қолдау көрсетті. Бүгінгі таңда Жанайдар екеуміздің үш немереміз бар. Жолдасым өзінің қысқа ғана ғұмырында аспандағы жарқ еткен жұлдыздай бір сәтте жоқ болды. Менің ойымша, ол осы әлемге өзіндік ізін қалдыруға келген секілді. Ол өзінің ерлік әрекетімен жақындары мен туыстарының есінде қалды. Жанайдар өте мейірімді, ержүрек жан еді. Өзінің отбасын, екі қызы мен достарын қатты жақсы көретін. Шығыс ақындарының шығармаларын сүйіп оқитын. Оның ақжарқын мінезі мен күлкілі әзілдерін достары әлі күнге дейін айтып жүреді, – әйелі Назкен Жирентаева

Жанайдар Асқарбайұлы 1960 жылы Целиноград облысы, Балкашин ауданы, Веселое селосындағы жұмысшылар отбасында дүниеге келген. Целиноград автомобиль көлігі техникумында оқыған. 1980 жылдың 24 қарашасынан 1982 жылдың 25 қарашасына дейін қарулы күштер қатарында Ауғанстандағы Кеңес әскерінің шектеулі контингенті құрамында әскери борышын өтеген, ішінен оқ жарақатын алған азамат. Бұрынғы Ақмола қаласында Ішкі істер органдарындағы қызметін 1984 жылы СМТҚКБ (экономикалық қылмыстарға қарсы күрес бөлімі) бастаған. Кейін криминалдық милиция бөлімшесінде қызмет еткен. 1993 жылдың сәуірінен – Ақмола облысы ІІБ Шығыс бөлімінің қылмыстық іздестіру жедел уәкілі болған.


Милиция кіші лейтенанты С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылық институтының экономикалық факультеті сырттай бөлімінде білім алып жатқан екен. Қызметте және отбасында жақсы жағынан сипатталған тәртіп сақшысы өз міндеттерін жауапты орындауымен және жұмыс қабілетінің жоғары болуымен ерекшеленген. Ұйымдастырушылық қабілеті болған, жедел-қызметтік жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерін салған азамат. Қызмет атқару барысында «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл» медалімен және үш рет ақшалай сыйақымен марапатталған. Милиция кіші лейтенанты Жанайдар Жирентаев 1994 жылы қылмыскер қолынан қаза болды. Ол өжеттігі, батылдығы мен ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен қаза болғаннан кейін марапатталды. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында бір көше Жанайдар Жирентаевтың есімімен аталады. Жыл сайын Қылмыстық іздестіру күні Ж.Жирентаев көшесінде орналасқан № 22 мектептің жанында оны еске алу үшін достары мен қызметтестері жиналады.

Қар құрсауында қалғандарды аман алып қалды

Полиция капитаны Жәлелхан Мұрымбаев 2001 жылы 6 қаңтарда қызмет барысында қайтыс болды. Полицей сол жылдары Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық Ішкі істер басқармасының жол басқармасы бөлімінің бастығы болатын. Жәлелхан Сламханұлы өз көлігімен Жарма ауданынан Көкпекті ауданына жол жүріп бара жатып, қар құрсауында қалып қойған көліктерді көреді. Қатты бораннан көлік жүретін жол мүлдем көрінбейтін. Қатты соққан желден әр минут сайын қардың деңгейі күшейіп, боран үдете түседі. Жол маңайындағы елді-мекендерге жету мүмкіндігі мүлде жоқ еді. Полицей қыстың ызғарлы күнінде көлікте қалып қойған егде жастағы қарт адамдарды көріп, оларды тез арада өзінің көлігіне отырғып жібереді. Өзі жаяу қалып, жол бойындағы ауылға 2 шақырым қалғанда жете алмай, қыстың аязды күнінде жолда қалып қойып, қайтыс болады.


2002 жылы Жәлелхан Сламханұлының жары Айгүл Мұрымбаева өз жолдасының қызметтік міндетін жалғастырып, полиция офицері атанады. Алғашында Айгүл полиция сержанты шенін алады. Кейінірек 2007 жылы Өскемен қаласындағы Ішкі істер басқармасының Әкімшілк полиция бөлімінің лейтенанты болып қызметке орналасады. Айгүл Мұрымбаева бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы ПД Әкімшілк Полиция басқармасының әкімшілік практика бөлімін басқарады. Ерлікпен қаза тапқан полицейдің ұлы да әкесінің жолын қуып бүгінгі таңда ІІМ оқу орнын аяқтап, тәртіп сақшыларының қатарында ел қорғау жолында қызмет етіп келеді. Ержүрек полицей Жәлелхан Мұрымбаев 1968 жылы 11 мамырда Жарма аудынының Юбилейный ауылында жұмысшылар отбасында дүниеге келген еді. 1990 жылдан Ішкі істер органдарында жол басқармасы инспекторы болып қызметін бастаған полицей 2001 жылы 6 қаңтарда 33 жасында қаза болды.

Қылмыскер қолынан қаза тапқан сақшы

Шу стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімінің полицейі Рахат Сегізбайұлы жұмыстан кейін кешкісін өз үйінде еді. Ол 2008 жыл болатын. Түнде ұйқыда жатып, даладағы айғай-шудан оянады. Ол сағат 01.00 шамасы болатын. Полицей көшеден көмек сұраған әйел кісінің дауысын естіген бойда көмекке тұра ұмтылады. Бұрын сотты болған көрші ағайындылар Самат пен Талғат Шымболатовтардың мас күйінде көшенің қарсы бетінде тұратын көршісі Эльмира Садаеваға тиісіп жатқанын көрген Рахат олардың бұзақылық іс-әрекеттерін алдын алып, араша түскен кезде пышақ жарақаттарын алады. Кейін Шу қаласының орталық ауруханасында қайтыс болады.


– Рахат отбасының тұңғышы еді.Өзінен кейін інісі мен қарындасы бар.2004 жылы Шу қаласындағы Желілік полиция бөліміне жұмысқа орналасты. Біз 2005 жылы отбасын құрдық. Бір жылдан кейін ұлымыз Нұрболат дүниеге келді. Ол қамқор әке, жанашыр жар болатын. Адамдарға әрқашан көмегін аямайтын кең пейіл еді, – деп есіне алды жары Айман.

Рахат Амантаев – ерлікпен өмірден өткен көлік сақшысы, полиция аға сержанты. Жамбыл облысы, Шу қаласында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. 2003 жылы Ақтау қалалық ішкі істер бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің кіші жедел уәкілі қызметін атқарған. Бір жылдан кейін Шу станциясындағы желілік полиция бөліміне ауысқан.2008 жылы 10 тамыз күні қызметтік міндеттерін орындау кезінде қылмыскер қолынан ерлікпен қаза тапты. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен полиция аға сержанты Рахат Амантаев, қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.


Бұл марапат мемлекет алдындағы мінсіз қызметі, коғамдық өмірде белсенділігі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халық ішіндегі достық пен ынтымақтастығына қосқан үлесі үшін берілген болатын.Бүгінде Шу стансасындағы ІІЖБ ғимаратында қаһарман Рахат Амантаевқа арналған мәңгілік бұрыш бар. Қызметтестері мен достары, туыстары мен жақындары ғана емес, барша ел қайсар азаматтың рухына әрдайым тағзым етіп,оның адамдық болмысы мен жарқын келбетін мәңгі жадында сақтайды.

Бүгінде еліміздің әр аумағында қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан ерлерге арнайы ескерткіш тақталары орнатылған. Халық тыныштығы жолында өмірін қиған тәртіп сақшыларын ешқашан ұмытпаймыз.

 ( Суреттер: Тәртіп сақшыларының жеке мұрағатынан алынған )
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: