Ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің балаларына жеңілдік жасалады

22 Қараша 2022, 15:00 1405

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінен мәлім етті

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция, өрт сөндіру саласы және әскери қызметкерлердің балаларына колледждер мен дарынды оқушыларға арналған мектептерге грант берілетін болады, деп хабарлайды El.kz

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қызметтік борышын өтеу кезінде қайтыс болған полиция, өрт сөндіру, әскери қызметкерлердің балаларына білім беру саласы бойынша бірқатар жеңілдік беру қарастырылып жатыр. Балабақшаларға балаларды кезексіз қабылдау, университеттерге грантқа түсу мәселесі шешімін тауып жатқанын атап өту керек. Ендігі мәселе – қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің балаларына колледжде оқуға грант алу, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде квота бойынша оқу мәселесін шешу", - деді министр.

Асхат Аймағамбетов жақында тиісті өзгерістер жүзеге асатынын атап өтті.

"Ерлік көрсеткен азаматтардың үлгісін тәрбие беру жұмысында барлық балаға айтып, жеткізуіміз керек. Бұл азаматтардың есімі ел есінде болуы тиіс", - деді ведомство басшысы.

EL.KZ
Бөлісу: