Ерлігі еленбеген қазақ сарбазы Ыбырайым Сүлейменовтың ұрпақтары лайықты құрмет күтеді

6 Мамыр 2022, 11:38 3438

II дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақ батыры көп. Бірақ басым бөлігін көпшілік біле бермейді. Солардың бірі - Жамбыл облысынан шыққан сұрмерген -  Ыбырайым Сүлейменов. Есімі жалпақ жұртқа мәлім болмаса да, көзсіз ерлігі үшін екі мәрте батыр атағына ұсынылған. 

Ыбырайым Сүлейменовтың немере қарындасы Айткүл Сүлейменова биыл 86 жаста. Осы әулеттегі батырдың көзін көрген жалғыз кісі. 1941 жылы әскерге шақырылып, соғысқа аттанарда да шығарып салыпты. Сол сәттердегі айтқан ағалық ақылы әлі есімде дейді кейуана.

Айткүл Сүлейменова, Ы.Сүлейменовтың немере қарындасы: Біздің отбасымызда қалған ең үлкені - мен. Көзін де көрген - мен. Басқа ешкім қалған жоқ. Әкеміз де кетті, шешеміз де кетті. Қалғаны соғыстан кейін туған.

Ыбырайым Сүлейменов 1911 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданында дүниеге келген. 41-жылы әскер қатарына шақырылып, оны мергендікке баулыған. 100-атқыштар бригадасында Мәскеу маңындағы ұрыстарға қатысып, 239 жаудың көзін жояды. Кейін Невель қаласын жаудан азат ету операциясы кезінде 43 жылы ерлікпен қаза табады. Сол кезде жанқиярлығы үшін «Кеңес одағының батыры» атағына ұсынылады. Алайда тек «Ленин» ордені берілген. Майдангердің ұрпақтары батырға лайық құрмет көрсетілсе екен дейді.

Ертай Жұмаділов, Ы.Сүлейменовтың туыс інісі: «Халық қаһарманы» берсе деп ойлап жүрмін. Қарындасы - менің мамам, жылда 9 мамырда «Астанаға барып қаласың, мама» деп айтамын.

Қазір батырдың атында аудан мен қала орталығында көше бар. Жеңістің 70 жылдығында тау тұлғалы ескерткіші де бой көтерді. Туған ауылы мен Таразда екі мектеп Сүлейменов атында. Жыл сайын мереке қарсаңында жастар батырдың ұрпағымен кездесіп, ерлікке тағзым етеді.

Гүлнар Дуанбекова, Ы.Сүлейменов атындағы мектеп директорының орынбасары: 1977 жылы Калинин атындағы 8 жылдық мектепке Ы.Сүлейменовтың есімі берілген. Жылда  9 мамырда кездесу өткізіп, спорттық жарыс ұйымдастырамыз.  Патриоттық бағыттағы тәрбие сағаттары ұйымдастырылады.

Кейбір деректерде сұрмерген Сүлейменов 306 жаудың көзін жойғандығы айтылады. Бір шайқаста жалғыз винтовкасымен жалғыз өзі 102 жауды жайратқаны да аңыз боп тараған.
Бөлісу: