Ерлердің өмір сүру ұзақтығы қысқарып барады

5 Қараша 2022, 13:19 4008

Әр күннің өзіндік тарихы және мәні бар. 5 қарашада елеулі оқиғалар орын алып, адамзаттың дамуында ерекше құбылыстардың болуымен сипатталды. Бұл күні Дүниежүзілік ерлер күні тойланады.

Мұндай күнді жазушы Джордж Кинделдің теорияны ойлап табуынан басталды. Оның ойынша ер адамның миы әрқашан тестостеронның әсерінен болады. Яғни, адамзаттың жартысында агрессияның күші басым. Бұл әйелдер үшін керісінше жақсы. Оларға тестостерон қысым жасамайды. Сол себепті, әйелдер агрессияға бейім емес. Осыдан соң ғалым позитивті бастамаларды қолдау үшін оның лайықты өкілдеріне арнайы марапат беруді дұрыс деп тапты. Лауреат өзінің іс-әрекетімен және жетістіктерімен, сондай-ақ жоғары адамгершілік ұстаныммен әлемді зорлық-зомбылықсыз өзгерте алатын нағыз адамның үлгісі болуы керек деп санады. Осылайша, жазушының марапаттау идеясы өз қолдауын табады.

Бір қызығы, Дүниежүзілік ерлер күнін құруға КСРО-ның тұңғыш және жалғыз Президенті Михаил Горбачевтың да үлесі бар.

Бұл ұсынысты ескеріп, 2000 жылы Вена магистратурасының және БҰҰ-ның Венадағы кеңсесінің басшылығы Дүниежүзілік ерлер күнін бекітеді.

Дүниежүзілік ерлер күнінен басқа Халықаралық ерлер күні де бар. Иә, олар әртүрлі мерекелер. Халықаралық ерлер күні де қараша айында да атап өтіледі.

Бұл мереке әлемнің 70-тен астам елінде тойланады. Халықаралық ерлер күні Кариб теңізіндегі аралда орналасқан экзотикалық Тринидад пен Тобаго штатында пайда болды. Оның бастамашысы әрі себепшісі – Вест-Индия университетінің докторы Джером Тилучсинх.

Халықаралық ерлер күні Юнеско-да аталды және оның маңыздылығын Ингенборг Брейнес әйелдер мен бейбітшілік жөніндегі мәдениет директоры «Бұл тамаша идея және бізге гендерлік тепе-теңдік береді», деді.

Әлемдік мәселе

Ғалымдардың пайымдуынша, әйелдерге қарағанда ерлердің өмір сүру ұзақтығы қысқарып, өз-өзіне қол жұмсау деңгейі алаңдатарлықтай өскен.  Мәселен, Ұлыбританияда соңғы жылдары ерлер арасындағы суицид деңгейі күрт өсуде. Статистика көрсеткендей, барлық суицидтердің 78 пайызы орта жастағы ер адамдар.

Mind психикалық денсаулық ұйымының атқарушы директоры Стивен Бакли: «Адамның депрессияға түсу себебі әрқашан анық емес, бірақ өмір салтындағы елеулі өзгерістер маңызды фактор болып саналады. Мысалы, 40 жастағы ер адамдар, ажырасқан, үйленген немесе некеде тұрған болуы мүмкін. Жұмысынан айырылып, осындай күйге түсуіне себеп болған жағдайлар көп», деп тілге тиек етеді.

Бұл бір бүкіл әлемдік мәселе. Қазақстанда тұрмыстық-зорлық зомбылық құрбандарының 46 пайызы – ер адамдар. Яғни, зәбір көру жағынан әйелдермен тең. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегенде тек ерлі-зайыптылар арасындағы проблема ғана емес, әке мен бала, бауырлардың арасындағы келіспеушілік немесе жанжал да жатады. Тіпті, із-түссіз жоғалатындардың дені ерлер.

Статистика бойынша, ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы 67,1 жас болса, әйелдерде — 75,5 жас. Қанша жерден «Әйелдің қырық жаны бар» десек те, о дүниеге ерте аттанатын ер-азаматтардың саны едәуір болып тұр. 

Елімізде 9,2 млн ер азамат бар. Олардың ең көбі Түркістан облысында – 1,05 млн, ең азы СҚО-да тұрады – 257 мың ер адам. Ерлердің 57 пайызы қалада, 43 пайызы ауылды жерде тұрады. Қазақстандағы еркектердің орта жасы 30,2, үйленген азаматтардың ортасы жасы – 27,9.

Белгілі психолог Серікгүл Сали кейбір ер адамдар өзінің психологиясына қарсы шығады деп отыр.

«Материалдық тұрғыдан беру жағынан кейбір ерлер өзінің табиғатына қарсы келіп жатады. Әсіресе, ажырасқан соң, баласына алимент төлемеу, тапқан табысын отбасына әкелмеу деген сияқты қарама-қайшылық болады. Осыдан соң, ерлер шынайы бақытты сезініп, дұрыс өмір сүре алмайды», – дейді.

Қоғамда ер адамдардың әлсіз болатыны туралы пікір бар. Өз-өзіне қол жұмсайтындардың дені ер адамдар, ішкі сезімді сыртқа шығара алмауынан туындайды.

«Олар сезімді жасырып, жүрегінің түбіне сақтап қояды. Адам ешбір сезімін шығармаған кезде басқаны байқамайды. Өзін ғана сезіп, ішкі-жан дүниедегі жараға өзі де назар аудармайды. Жараланған, шықпай қалған сезім адамды әрдайым бір түсініксіз жаққа тартып тұрады. Осының себебінен өте көп ер азаматтар тәуелділікке барып, басқасына зиянын тигізеді. Сол арқылы жасанды бақыт сезімдеріне ие болады. Бұл адамды құрдымға итермелеп, өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізеді», – дейді психолог маман.

Қызықты фактілер

Ғалымдар әйелдердің қоршаған ортаның өзгеруіне ерлерге қарағанда тезірек бейімделетінін анықтады. Әйелдердің сезім мүшелері – көру, әсіресе иіс сезу, есту ерлерге қарағанда жақсы дамыған. Сондай-ақ, ханымдар бөлшектерге көбірек көңіл бөледі, ал мырзалар бүкіл бейнеге назар аударады. Шындықты қабылдау процесі ер мен әйелде әртүрлі.

Бірқатар ғалымдардың пікірінше, әйелдер әлем туралы барлық ақпарат көздерін бірден өңдейді, ал ерлер сызықты, дәйекті түрде ойлайды. Иә, іс-әрекеттегі түйсік пен логиканың қайшылықтары да осында.

Еркектерде де көз жасы бездері бар. Ерлерді кішкентай кездерінен: «сен мықтысың», «ер адам жыламауы тиіс», «нағыз еркек сезімін көрсетпейді» деп тәрбиелейді. Ал шындыққа келер болсақ, олардың да жылау қабілеті бар.

Ер адамдар жалғыздықты ұнатады. Жалғыз досы ит болуы мүмкін. Еркек көп сөйлегенді ұнатпайды, демек оған достардың керегі жоқ. Нағыз еркек үй шарушылығымен айналысатын адам керек болғандықтан ғана үйленеді. Олар үшін әйел адамның айтқанын тыңдау — осалдылықтың белгісі.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: