24 Маусым 2016, 06:44
Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің халықпен есептік кездесуі өтіп жатыр.
Министр өз баяндамасында өткен жылы мектеп жасына дейінгі балаларды қамту деңгейі 13 пайызға өскенін айтты. Өткен жылы мемлекеттік бюджет есебінен 300 балабақша, сондай-ақ, 500-ден астам мектеп салынған. Министрдің айтуынша, балаларға қосымша білім беру ісінде ілгерушілік байқалады.
«6 жыл ішінде білім берудің жаңартылған моделі Назарбаев зияткерлік мектептерінде сынақтан өткізілген. Бұл тәжірибелер осыдан 15 жыл бұрын Елбасының тапсырмасымен басталған болатын. Қазір тәжірибе аяқталды деуге толық негіз бар. Биылдан бастап Қазақстандағы 7500 мектепте білім берудің жаңа моделі қолданысқа енеді. Бұл модель біртіндеп жүзеге асатын болады. Сабақ күндері 5 күнге дейін қысқарып, кейбір пәндер алынып тасталынады» деді Ерлан Кенжеғалиұлы.
Кездесу барысында ғаламторға қолжетімділік мәселесі де назардан тыс қалмады. Министр 2020 жылға қарай педагогтар мен оқушылардың 90 пайызын, ал студенттерді толықтай ғаламтор мүмкіндігімен қамтамасыз етуді жоспарланып отырғандығын айтты. Жылдамдығы жоғары интернет білім беру саласына жаңа формаларды енгізу жылдамдығын арттырады. Сондай-ақ, бұл мүмкіндік жоғары оқу орындары мен мектептерді онлайн түрде әкімшілік және қаржылық бақылауға жол ашады.
Сонымен қатар, министр Ұлттық Бірыңғай Тесттің бұдан былай мектептердің рейтингіне әсер етпейтінін шегелеп айтты. Ал, жоғары оқу орындарының жайына келер болсақ, қазір еліміздегі 15 университет әлемдегі ең үздік университеттер тізіміне ілікті. 2010 жылы бұл қатарға бірде-бір қазақстандық жоғары оқу орны кірмеген болатын.
Роза ӘРЕН