21 Сәуір 2016, 12:32
Бүгін Астанада XIII Еуразия Медиа Форумы өтіп жатқаны белгілі. Әлемдік экономика және Шығыс пен Батыс арасындағы босқындар проблемасы, мүдделер соғысы тақырыбын арқау еткен форум спикерлерінің бірі – саясаттанушы Ерлан Қаринді әңгімеге тарттық.
–Терроризм қатерінің ушығуының себебі неде?
–Терроризмге себепкер болатын әртүрлі факторлар бар. Факторлар белгілі бір елде, қоғамда шоғырланған біраз уақыттың ішінде қордаланған, шешілмеген мәселелер түрлі наразылықтарға соның ішінде экстремизм, терроризм мәселелерінің ушығуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сонымен қатар оның сыртқы факторлары да бар. Қазіргі жағдайда менің ойымша әлем елдерінде орын алып отырған терроризм қатерінің ушығу формалары геосаяси шиеленістердің көрінісі әрі геосаяси мүдделердің қақтығысынан туындап отыр. Егер де әлемде соңғы 10-15 жылда орын алған соңғы террористік актілерді саралайтын болсақ, оның 60 пайызы бес-ақ елдің үлесіне тиеді. Ол – Ауғанстан, Пәкістан, Сирия, Ирак т.б елдер. Бұл елдер ұзақ жылдар бойы әртүрлі мемлекеттер мен әртүрлі геосаяси күштердің қақтығысына куә болды. Яғни бұл елдер алып мемлекеттердің геосаяси текетірестері мен қақтығыстарының құрбаны болып отыр. Сондықтан бірден бір алғышарт халықаралық саясатта жалпы шиеленісті азайту, халықаралық аренадағы мемлекеттер арасындағы диалогты дамыту.
–Мұндай шиеленіс көп жағдайда алып мемлекеттердің арасындағы сенімсіздіктен туады деген пікірге келісіесіз бе?
– Әрине сенімсіздік бар оны жоққа шығара алмаймыз. Сенімсіздік бар екенін анық көріп отырмыз. Тіпті сенімсіздік тек соңғы 10-15 жылда ғана емес, одан да бұрын болды деп айта аламыз. Қазіргі уақыттағы саяси жағдайлар тек сенімсіздіктен емес, алып мемлекеттер арасында орын алған ашық түрдегі текетірес пен қақтығысқа ұласып отыр. Соңғы 20 жылда әлемдік сарапшылар «Болашақта алып мемлекеттер арасындағы тікелей немесе мемлекеттер арасындағы тікелей әскери қақтығыстар болмайды, мемлекеттер басқа бір елдерді, басқа бір күштерді пайдалану арқылы жанама түрде конфликтіге баруы мүмкін» деп айтатын еді. Бірақ соңғы уақытта негативті тенденциялардың бірі – мемлекеттер арасындағы саяси және экономикалық сондай-ақ әскери қақтығыстардың орын алуы күшейіп бара жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан қазіргі жағдайда өкінштісі сенімсіздіктен гөрі ашық түрдегі текетірестің пайда болып, қақтығыстың ашық түрде өрбігендігін мойындау керек.
– Бүгінгі Еуразиялық Медиа форумның маңызы?
– Еуразиялық Медиа форум – ол тек диалог алаңы. Бұл – БҰҰ сессиясы емес, бұл жерде ешқандай да нақты шешім қабылданбайды. Осы жерде талқыланған мәселелердің нәтижесінде нақты бір шешімдер қабылданып, осы жерде сөз болған мәселелерді шешуге шарт бола алмайды. Бірақ, халықаралық саясат болсын экономика, әскери сала дейміз қай салада болса да сенімсіздікті көріп отырмыз. Осындай жағдайда мемлекеттердің түрлі белсенді топтары арасындағы диалог неғұрлым көп болуы керек. Ашық дисскусия, ашық пікір керек. Еуразиялық Медиа форумның артықшылығы да осында. Бұл әлемде болып жатқан оқиғаларды Орта Азиялық мемлекеттер мүддесі тұрғысынан талқылаудың бір мүмкіншілігі. Біздегі бір кемшілік – ұзақ жылдар бойы біз әлемдік процесстердің шетінде өмір сүріп жатырмыз деген оймен, әсермен өмір сүріп келдік. Жалпы Африкада болсын, Таяу Шығыс болсын өзге елдерде орын алған саяси жағдайлардың бізге еш қатысы жоқ деп ойлаумен болдық. Алайда қазір көріп отырғанымыздай, Ауғанстанда, Таяу шығыста, солтүстік Африкада болып жатқан оқиғалардың кері әсері қалай да әсер етуі мүмкін екенін байқап отырмыз. Алып мемлекеттер арасындағы текетірестің салқыны бізге де тиері анық. Сондықтан біздер де бұл саяси диалогтың дамуына өзіміздің үлесімізді қосуымыз керек.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ