Ерлан Қошанов пен Ринат Зайытов көлік министрін қыспаққа алды

23 Қазан, 15:54 534

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов көлік министрі Марат Қарабаевтың жұмысын сынап, жауапкершілікті өз мойнына алуын сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айта кетейік Мәжілістің жалпы отырысында көлік министрі Марат Қарабаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды. Заң жобасына қатысты депутат Ринат Зайытов министрге бірқатар сауал қойды.

Мәжіліске келгелі Үкіметтің басты мүшелерінің бірде-бір пайдасы тиіп жұмыс істеп жатқанын көрген жоқпын. Бәлкім, көрмей жүрген шығармын. Солай болса айтыңыздар. Марат Кәрімжанұлы, бізде кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды деген бір емес екі палата бар. Жол тасымалдау кіші кәсіпкерлік қой. Неге бұны солар басқара салмайды? Әйтеуір бәріне бір-бір қожайын тауып береміз. Сондықтан сізге қояр бірінші сұрағым, осыншама таксистерді отарлаудың қажеттілігі қанша? Екінші сұрағым, бұлар өзі шулы қауым. Ертең дүрлігетін болса, өзім таксимен жиі жүретін адам болған соң, кім көрінгеннен сөз естігім келмейді. Дүмпу болса жауапкершілікті өз мойыңызға алып, жауап бере аласыз ба?, - деді мәжілісмен.

Көлік министрі Марат Қарабаев мемлекеттік органның бірінші басшысы ретінде жауапкершілікті өз мойнына алатынын атап өтті.

Ең алдымен біздің қарапайым жүргізушілер өздерінің құқықтарын қорғайтын талаптарды қоя алады. Сондықтан мен жаңа атап өткен, елімізде 10 мың кісі ғана ресми такси ретінде оператор болған. Сол себепті Қазақстанда өзін өзі басқару, реттеу ұйымы жүргізушілердің мүддесін қорғау үшін бағытталатын болады, - деп түсіндірді көлік министрі.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов министрдің бұл жауабына «Министр мырза, жауапкершілікті алу үшін таксимен жүру керек» деп ескертті.

Миражан Махан
Бөлісу: