Ерлан Қошанов Мәжілістің екінші сессиясын қорытындылады

26 Маусым, 13:39 578

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Мәжілістің екінші сессиядағы жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазір енді Мәжіліс жұмысының кейбір нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтейін. Өткен сессия мазмұнды әрі нәтижелі болды. Президенттің ауқымды реформалар бағытын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша байыпты да қажырлы іс атқарылды. Осы сессияда біз  39 жалпы отырыс өткізіп, 302 мәселені қарадық. Мәжіліс 100 заң қабылдады, соның ішінде әр үшінші заңға депутаттар бастамашылық етті. Біз президенттің саяси реформаларын ілгерілетуге бағытталған заңдар топтамасын қабылдадық. Олардың ішінде – сот жүйесі туралы конституциялық заң, адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы, масс-медиа туралы заңдар бар, - деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ, қоғамды ұзақ уақыт бойы алаңдатып келген өткір мәселелер – халықтың шамадан тыс кредит алуы, әйелдер мен балалар қауіпсіздігі, сондай-ақ лудомания мәселелері заңнамалық тұрғыдан реттелгенін атап өтті.

«Аса маңызды заңдар ішінен «Ұлттық қор – балаларға» және жер қойнауын пайдалану мәселелері туралы заңдарды атап айтқым келеді.  Бұл заңдар – әлеуметтік әділеттілік қағидаттары іс жүзіне асып жатқанының айшықты айғағы. Ондаған жылдар бойы шахтерлердің, кеншілердің, металлургтердің зейнетке шығу жасын  төмендету мәселесі шешілмей келген еді. Осы орайда зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау туралы заң қабылдадық. Сол арқылы біз 400 мыңнан астам өндіріс еңбеккерлерінің талап-тілегін орындадық, - деді ол.

Бұған қоса, Ерлан Қошанов ел президентінің жаңа экономикалық саясатын іске асыру үшін мемлекеттік сатыпалым, бизнес жүргізу, жылу энергетикасы, жер қойнауын пайдалану туралы заңдар қабылданғанына тоқталды.

Айтуынша, депутаттар мемлекет басшысының үшінші Ұлттық құрылтайда айтылған заңнамалық бастамаларын да іске асырды. Атап айтқанда, вейп таратуға қарсы, бірегей тарихи объектілерді қорғауға арналған заңнамалық шаралар қабылданды. Вандализм үшін жауапкершілік күшейтілді.

Депутаттар өз қызметі аясында парламенттік бақылау әлеуетін толық көлемде пайдаланды. Мәжілісмендер мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары атына 527 депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауалдарға азаматтардың талап-тілектері мен мұң-мұқтажы арқау болды.

Депутаттар өңірге барып, сайлаушылармен тығыз байланыса жұмыс істегенін атап өткен жөн. Халықпен кездесулерде айтылған мәселелер мен проблемаларды шешу жайында біз Үкіметтің жауабын сессия барысында екі рет тыңдадық. Бүгінгі есеп өңірлерге сапарымыздың нәтижелі болғанына тағы да көз жеткізді. Сайлаушылардың проблемалық мәселелерін шешу жұмысы жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Мұны да айтып өту керек. Сонымен қатар, шешілмеген мәселелер де бар. Бұл жайында бүгін депутаттар, фракция жетекшілері сөйлеген сөздерінде айтты, - деді мәжілісмен.

Мәжіліс төрағасы Үкімет бірқатар жайттарға ерекше назар аударуы керек екенін алға тартты.

Олар:

Шағын мектептер, үш ауысымды және авариялық күйдегі мектептер проблемасын шешу қажет. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру тетіктері жете пысықталмаған. Жылу электр орталықтарына қатысты шешілмеген мәселелер бар. Өңірлерде олардың 80 пайызға жуығы тозған. Сумен жабдықтау мәселесінде де жағдай осындай. Ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін сумен жабдықтау және азаматтарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жайы аса мәз емес. Үнемі көтеріліп жүрген, үлкен проблеманың тағы бірі – жолдардың ахуалына қатысты.

Жалпы, бұл айтылған проблемалар биыл ғана пайда болып отырған жоқ. Оларды шешу үшін жүйелі, тұрақты шаралар қабылдау қажет. Қордаланған осы проблемаларды уақтылы шешу – халықтың өмір сүру сапасына тікелей  әсер ететінін естен шығармауымыз керек. Ал азаматтардың әл-ауқатын арттыру – Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдар мен депутаттардың, яғни біздің ортақ міндетіміз. Үкімет депутаттар айтқан барлық ұсынысты ескеріп, назарға алуға тиіс, - деді Қошанов.

Жалпы сайлаушылардың өзекті мәселелері бойынша Үкіметтің жария есебі тиімділігін көрсеткенін сондықтан, мұндай жұмыс форматын келешекте жалғастыратынын жеткізді. 

Ерлан Қошанов жалпы парламенттік сессия жұмысын жұма күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында қорытындылайтынын атап өтті.

Миражан Махан
Бөлісу: