Ерлан Қарин: Жолдауда Қазақстан экономикасын дамытудың алдағы стратегиясы белгіленді

1 Қыркүйек 2023, 20:00 820

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин биылғы жолдаудың мәні мен мазмұнына тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биылғы жолдаудың мәні мен мазмұны Президент реформаларының логикасына толықтай сәйкес келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев экономика, саясат және идеология салаларын бір-бірінен бөлмей реформалауға негізделген стратегиялық бағытты жүйелі түрде іске асырып келеді. Жолдауда Қазақстан экономикасын дамытудың алдағы стратегиясы белгіленді. Бұдан бөлек Президент бастамалары экономиканың бірқатар саласының жаңа ережелерін ұсынып отыр. Соның арқасында атқарушы билік жүйесі, орталық пен өңірлер арасындағы қарым-қатынас өзгереді, салықтық ынталандырудың, нормативтік-құқықтық реттеудің, инвесторлармен өзара іс-қимылдың жаңа шаралары енеді, - деп жазды Қарин Telegram-арнасында.

Мемлекеттік кеңесші бұл жолдауда экономикалық мәселелермен қатар әлеуметтік сипаттағы маңызды бастамалар да барын айтты.

Атап айтқанда, жалақыны көтеру, жұмыспен қамту, балалар қауіпсіздігі, білім алудағы теңдік және тағы басқасы. Мемлекет басшысының қоғамда қызу талқыланып жатқан АЭС салуға қатысты мәселені республикалық референдумға шығару туралы ұсынысына ерекше назар аудару қажет. Бұл Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Әділетті Қазақстан» принциптерін берік ұстанып отырғанын көрсетеді.Жалпы, бүгінгі Жолдауда көптеген бағыттарды қамтитын және әлеуметтік-экономикалық реформалардың бірыңғай жүйесін құрайтын жүзден астам түрлі идеялар мен ұсыныстар айтылды, - деді Ерлан Қарин.

Перизат Саденова
Бөлісу: