Ерлан Қарин сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысын өткізді

11 Қаңтар, 20:00 1178

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақорда-ға сілтеме жасап.

Жиында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын және Еуропалық Кеңес жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобының (ГРЕКО) ұсынымдарын жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.

Бірінші мәселені талқылау барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы екені, бұл құжат сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді жұмыс жүргізуге, қоғамда жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғаны атап өтілді.

Оқи отырыңыз: 

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин аталған тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында белгіленген шараларды орындаумен қатар, олардың жемқорлық деңгейін төмендетуге нақты әсері туралы объективті деректерді қадағалап отыру қажет екеніне назар аударды.

Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне құқық қолдану тәжірибесін мұқият зерделеп, соның нәтижесінде тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына тиісті шараларды жедел енгізіп отыру ұсынылды.

Екінші мәселені қарастыру барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тәсілдерін одан әрі енгізу үшін ГРЕКО-мен сындарлы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді.

Ерлан Қарин шетелдік сарапшылардың ұсынымдарын пысықтап, оларды іске асырудың пәрменді тетіктерін әзірлеу үшін жұмысты жандандыру қажет екенін атап өтті.

Комиссия талқыланған мәселелерді ескере отырып, нақты ұсынымдар әзірледі.

Перизат Саденова
Бөлісу: