Еріктілер форумы: Ерікті болуға Отаныма деген махаббат итермеледі – Азамат Намелбек

12 Маусым 2023, 13:21 3394

Үш жылдан бері еріктілер сапында еңбек етіп келе жатқан Азамат Намелбекпен жұмыс барысыныың қызығы мен қиындығы туралы әңгімелескен едік. Азаматтың жасы 19-да болса да үлемі үлкен істердің басында жүреді.

Осы уақытқа дейін қандай қайырымдылық шараларына қатыстыңыз?

– Алғаш рет карантин кезінде Жамбыл облысындағы төрт мың аз қамтылған, әлеуметтік осал топтағы, жалғызбасты аналар, қарттар, мүгедек баланы асырап отырған аналарға көмектестім. Бұдан кейін тағы да мың отбасыға көмек қолын создық. Одан бөлек өзім де қайырымдылық акцияларын ұйымдастырам. Алдағы уақытта Тараз қаласындағы көзі нашар көретін жандарға, балаларға тегін диагностика жасау бастамасын көтергім келіп отыр. «Көз жанары» деген акцияны ұйымдастырсам деген жоспар бар. 2020 жылдың күзінде Жамбыл облысында «Еріктілердің үздік жобалары» деген конкурс болды. Сол жобада мен жеңімпаз атанып, 300 мың теңге ұтып алдым. Сол 300 мың теңгеге көп рет қолдануға арналған бетперделер тігіп, тегін тараттым.

Түркиядағы апат кезінде де жәрдемдескен екенсіздер?

– Иә, Түркия мен Сирияға гуманитарлық көмек жібердік. Біз министрлікке сол жерге барып көмек көрсету туралы бастама көтергенбіз. Бірақ министрлік тарапынан қолдау болмады. Өйткені ол жерде өте қауіпті екенін айтылды. Сондықтан киімдер мен азық-түлік жіберумен шектелдік.

Ерікті болуды қашан бастадыңыз?

– 2019 жылдың күзінде «Темірқазық» еріктілер қозғалысының құрамында болдым. Басында  қызық үшін, бос уақытымды пайдалы өткізу үшін барған едім. Уақыт өте келе бұл жұмыстың халыққа, елге деген махаббатпен жасалатынын түсіндім.

Сіздің ұғымыңызда ерікті деген кім?

– Ерікті болу үшін ең бірінші патриоттық сезім керек. Бұл жұмысқа мені Отаныма деген махаббат итермеледі. Еріктілер – еліне, халқына жанашыр жандар. Олардың барлығы ақысыз, материалдық көмексіз халыққа, елге, қоғамға пайдалы болсам деген ізгі ниетті жандар. Олар қоғамда болып жатқан барлық жағдайға бей-жай қарай алмайтын адамдар. Мақсаттары – қиналған жандарға көмек беру.

Сіздердің қатарда орта жастан асқан еріктілер болады ма?

– Болады. Мәселен, жасы жетпіске келген апамыз бар. Ол кісі карантин кезінде бізге тамақ пісіріп әкеліп жүрді. Бірақ көп жағдайда өзінің атын жасырады. Ал ең кіші еріктінің жасы он бесте. Ол да бізге тасу жұмыстарына көмектеседі.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: