Еріктілер 4 млрд теңгеден астам қаражаттың негізсіз жұмсалуының алдын алды

22 Сәуір, 10:17 499

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұ.Сарқұловтың қатысуымен Алматыда жемқорлыққа қарсы еріктілердің жалпы республикалық жастар дөңгелек үстелі өтті.

Антикор мәліметінше, іс-шараға мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың, жоғары оқу орындарының өкілдері, Парламент депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, агенттіктің басшылығы мен аумақтық департаменттері, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы еріктілер мен студент жастар қатысты.

Дөңгелек үстелде жемқорлыққа қарсы еріктілер жұмысының нәтижелері айтылды.

Төрағаның бірінші орынбасары өзінің алғы сөзінде белсенді және бейжай қарамайтын азаматтар біздің мемлекетіміздің дамуындағы маңызды факторға айналып жатқанын атап өтті.

Бүгінде еріктілер қатарына 3 мыңға жуық адам кірді. Олардың жұмысының арқасында 4 млрд теңгеден астам сомаға тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде бағаны көтеру тәуекелдерінің алдын алды, - деп атап өтті Ұ.Сарқұлов.

Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында еріктілер үшін 2024 жылғы 4 сәуірде күшіне енген «Қоғамдық бақылау туралы» заң таныстырылды.

Жаңа Заң қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сонымен қатар қоғамдық бірлестіктер мен азаматтық белсенділердің мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Жұртшылықтың пікірінше, бұл Заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілердің қызметін заңдастыра және олардың бастамаларын тиімді іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып, жобаны дамыту үшін жаңа серпін болады.

Іс-шара ағаш отырғызу бойынша «Әділет аллеясы» көшпелі акциясымен және Қазақстандағы БҰҰ ресми өкілдерінің қатысуымен «БҰҰ моделі: мемлекеттердің жемқорлыққа қарсы саясатын іске асырудағы жастардың рөлі» зияткерлік ойынымен жалғасты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша еріктілерге қоғамдық мониторинг жүргізу кезінде Жаңа Заң талаптарын жүзеге асыру, сондай-ақ жемқорлықтың алдын алу бойынша белсенді жұмысты жалғастыру ұсынылды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: