«Ерікті донор» қайырымдылық акциясы

3 Наурыз 2018, 03:10 2009

 

Әлемде қан құюға жыл сайын миллиондаған адам мұқтаж болады. Қан күйікке шалдыққандарға, жарақаттанғандарға керек. Күрделі операцияларды өткізу кезінде, ауыр босануларда қан құйылады. Ал гемофилиямен және қаны аздықтың ауруына шалдыққандарға – өмірін сақтап тұру үшін тек қан керек. Сонымен бірге, химиотерапиядан кейін тромбоциттер мен эритроциттердің, ақуыздардың орнын толтыру үшін  онкологиялық ауруларға қажет. Әлемнің әрбір үшінші тұрғыны бір рет донорлық қанды қажетсінеді дейді статистика.Донор дегеніміз –өзінің қанын беру арқылы біреуге өмір сыйлайтын адам.

«Ақ желкен»  жастар  лигасының  жастары бас қосып,  жыл сайынғы өткізілетін  кезекті  «Ерікті  донор»  қайырымдылық акциясын  өткізді. Тараз    қалалық  Қан  орталығының қолдауымен  өткен қайырымдылық  акциясына    «Ақ желкен» жастар лигасының жетекшілері  З.Махусеев пен А. Ахметов  бастаған  жастар тобы қатысты.  Атаулы акцияға еріктілер үлкен  ынтамен   ат салысты. Алдымен тіркеу  бөлімінен өтіп, зертханалық  кабинетте талдама жасалынды,  содан соң барып денсаулығы күмәнсіз қыз-жігіттер  қан өткізетін бөлмеде қан тапсырды.

Орталық  басшысы Умаров Гулам Мухтарұлы  қайырымдылық іске  белсене араласқан жастардың  ізгі ниеттеріне  өз  ризашылығын білдірді. Мұндай жауапты әрі өте маңызды шараға  жас буынның саналы түрде қатысуы қуанарлық жағдай деп атап көрсетті.

Акцияға барлығы 50 жас  қатысып белсенділік танытты.  Жастар жетекшілері  «Ерікті донор» акциясы алдағы уақытта өз жалғасын табатынын,оған қатысушылар саны да артып келе  жатқанын  айтып  өтті. Шара соңында  акцияға қатысушылар мекеме қызметкерлерімен естелік суретке түсті.

Бөлісу: