Ranking.kz сарапшылары ел азаматтарына қандай ерекше есімдер қойылғанын айтты, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
29 ақпандағы мәлімет бойынша елімізде Қазақстан есімді 24 адам тіркелген.
Кей отандастарымыз балаларына қаланың атын беруді жөне санапты. Мысалы, қазақстандықтардың ішінде 24 Астана, 20 Алматы және 3 Шымкент бар.
Сондай-ақ, Семей атын иеленген 27, Атырау атын иеленген 15, Түркістан атын иеленген 15, Тараз атын иеленген 14, Ақтау атын иеленген 10, Ақтөбе атын иеленген 1, Талдықорған атын иеленген 1 адам бар.
Саяси қайраткерлердің атын қою да дәстүрге айналған. Елімізде 12 Қасым-Жомарт, 1 Путин, 1 Трамп және 8 Байден есімді адам тұрады.
Биылғы жылдың қаңтар айында Қазақстанда жиі қойылатын ең танымал есімдер Медина мен Әлихан болды. Елімізде 517 Медина, 313 Әлихан бар.
Қыздардың есімі бойынша үздік бестікке Асылым (468 адам), Айша (436 адам), Айлин (387 адам) және Томирис (318 адам) кірді.
Ұл есімдерінің ішінде ең танымал бестікке Мұхаммед (305 адам), Айсұлтан (238 адам), Мұхаммад (231 адам) және Алдияр (219 адам) кірді.