Ерекше балаға ерекше қамқорлық керек – психолог

15 Қараша, 18:30 9210

Қазіргі уақытта ерекше балалардың саны күрт өсіп кетті. Бала тілінің кеш шығуы, психикалық дамуындағы кемшіліктер ата-ана үшін ауыр сынақ болып отыр. Мұндай жағдайда көмекке келетін мамандардың ішінде психологтың орны бөлек. Ерекше балалар психологы – ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін маман.

Олар психикалық және физикалық дамуында ерекшеліктері бар балаларға психологиялық қолдау көрсетеді. Осы ретте арнайы орталықта ерекше балалармен жұмыс жасап жүрген білікті маман Әйгерім Нұрланқызымен сұхбаттасқан едік.

El.kz: Әйгерім, ерекше балалармен жұмыстың барысын айтып кетсеңіз?

Әйгерім Нұрланқызы: Қазір мен аутистік спектр бұзылысы бар, зейінде жетіспеушілігі мен гипербелсенділік синдромы бар балалармен жұмыс жасаймын. Мақсат –  балаларлың танымдық процестерін дамыту, адамдармен қарым-қатынасқа түсуге дағдыландыру және қоғамға бейімдеу. Бұл істе де өзіне тән қиындықтар бар. Соның бірі - баламен коммуникацияға түсу. Дұрыс қарым-қатынас орнатылса ғана сабақ жүргізіледі.

Ары қарайғы жұмыс барысы былай: баланың дамуының ерекшеліктерін анықтап, жеке жоспар құру үшін диагностика жүргізіледі, дамудың түрлі аспектілерін жетілдіру үшін түзету-дамыту бағдарламаларын әзірленіп, жүзеге асырылады. Одан соң, балаға әлеуметтік және эмоционалдық қолдау көрсетіліп,  әлеуметтік дағдыларды дамытуға кірісеміз.

Біз баланың өз мүмкіндіктерін толық пайдалануына, қоғамға бейімделуіне және жан-жақты дамуына көмектесеміз.

El.kz: Балаларда психикалық дамудың кешеуілдеуіне қандай факторлар әсер етеді?

Әйгерім Нұрланқызы: Әртүрлі факторлар бар. Оларды былай топтастырып қарауға болады. Алдымен, биологиялық факторларды айтамыз.

Жүктілік кезіндегі мәселелер: анасының жүктілік кезінде жұқпалы аурулармен ауыруы (мысалы, қызылша, токсоплазмоз, цитомегаловирус), ауыр дәрілер қолдануы немесе зиянды әдеттері (шылым шегу, алкоголь пайдалану) баланың психикалық дамуына кері әсер етуі мүмкін.

Туған кездегі жарақаттар: мысалы, баланың уақытынан бұрын ерте туылуы, туу кезінде оттегі жетіспеуі немесе босану кезіндегі жарақаттар психикалық дамудың кешеуілдеуіне ықпал етеді.

Туғаннан кейінгі кезеңде бала өмірінің алғашқы жылында жиі ауыратын, қандай да бір физикалық жарақат алған балаларда психикалық дамудың кешеуілдеу қаупі жоғары болуы мүмкін.

Генетикалық ауытқулар: кейбір генетикалық бұзылулар психикалық дамуды тежейді. Мұндай жағдайларда тұқым қуалайтын синдромдар (мысалы, Дауна синдромы, аутизм спектрі бұзылыстары) психикалық даму ерекшеліктеріне әкелуі мүмкін.

Одан кейінгі орында психо-әлеуметтік факторлар тұр.

Отбасылық жағдай: баланың эмоционалдық тұрақтылығы мен өзін-өзі дамытуы үшін отбасындағы ахуал маңызды рөл атқарады. Ата-ананың назар аудармауы немесе шамадан тыс гиперқамқорлық көрсетуі баланың дамуын кешеуілдетуі мүмкін. Сонымен қатар, бала ерте жастан бастап тілдік қарым-қатынас пен ойын дағдылары толық қалыптаспаса, бұл психикалық дамуға теріс әсерін береді.

Қоршаған орта әсері:  телефон мен теледидардың да әсерін айта кету керек. Уақытының көп бөлігін телефон мен теледидар көріп өткізетін бала қарым-қатынасқа түсуге қызығушылығы төмендеп, тілінің шығуы да баяу болады.

El.kz: Психологтың қолдау көрсету әдістері қандай болмақ?

Әйгерім Нұрланқызы: Психолог ең алдымен баланың дамуының деңгейін бағалау үшін арнайы диагностика жүргізеді. Бұл баланың күшті және әлсіз жақтарын, қандай қолдауды қажет ететінін анықтауға көмектеседі. Диагностика нәтижелеріне сүйене отырып, жеке дамыту жоспары құрылады.

Психолог баланың психикалық даму ерекшеліктеріне сәйкес жеке бағдарлама әзірлейді. Бұл бағдарламада когнитивтік, әлеуметтік және тілдік дағдыларды дамытуға бағытталған жаттығулар мен ойындар қамтылады.

Ойын арқылы оқыту әдістері – баланың жас ерекшеліктеріне сәйкес келеді және қызықты түрде өтуі маңызды. Мұндай ойындар есте сақтау, ойлау, зейін, сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектеседі. Психолог балаға өз эмоцияларын түсініп, оларды дұрыс жеткізуге үйретеді. Бұл оның әлеуметтік ортаға бейімделуіне көмектеседі. Топтық тренингтер немесе рөлдік ойындар арқылы басқа балалармен қарым-қатынас жасауды үйретеді. Бұл жаттығулар баланың қоғамға сіңісіп, өзіне деген сенімділігін арттырады.

Психолог ата-аналарға баланың дамуын қолдау үшін кеңестер береді, психологиялық жағдайын қалай жақсартуға болатынын түсіндіреді. Үйде қолдануға болатын жаттығулар мен ойындар бойынша нұсқаулықтар ұсынады. Бұл ата-аналардың баламен өзара қарым-қатынасын жақсартуға және оның дамуын ынталандыруға көмектеседі.

Психолог сөйлеу мен тілдік дағдыларды дамыту үшін арнайы жаттығулар жүргізеді. Мысалы, суреттерді пайдаланып, оқиғалар құрастыру, сөздік қорын толықтыруға көмектесетін ойындар. Қажет болған жағдайда логопедпен бірлесе жұмыс істейді, өйткені көптеген психикалық дамуы кешеуілдеген балаларда тілдің дамуы да баяу болады.

El.kz: Ерекше баламен күнделікті өмірде тиімді байланыс орнату – оның даму процесіне оң әсерін тигізетін маңызды аспект екенін білеміз. Сол байланысты жақсарту үшін не істеу керек?

Әйгерім Нұрланқызы: Алдымен балаға түсіністікпен қарау және шыдамдылық танытқан дұрыс. Баланың мүмкіндіктері мен шектеулерін ескеру қажет. Әр бала әртүрлі қарқынмен дамиды, сондықтан оған уақыт пен қолдау көрсету маңызды. Сабырлы болу – ерекше балалар үшін өте маңызды, себебі олар кейде тапсырманы орындауға немесе айтылған нәрсені түсінуге көбірек уақыт қажет етеді. Баламен сөйлескенде қысқа әрі қарапайым сөйлемдер қолдануға тырысыңыз. Тым күрделі сөздер мен түсініктерден аулақ болған жөн.

Егер бала сөздерді түсінуде қиындық көрсе, ым-ишаралар, бет-әлпет мимикасы, суреттер, карточкалар сияқты құралдарды пайдалану керек. Бұл түсіністік орнатуға көмектеседі. Көбінесе визуалды қолдау балалардың айтылған сөзді түсінуіне жеңілдік береді, әсіресе аутистік спектрдегі балаларға тиімді. Күнделікті тәртіпті сақтауға тырысқан дұрыс. Бала не күтетінін білсе, ол өз ортасында қауіпсіз әрі сенімді сезінеді.Жаңа тапсырмаларды немесе іс-әрекеттерді баланың әдеттегі күн тәртібіне біртіндеп қосу жақсы.

Бала кез келген кішкентай жетістігі үшін мақтауға лайық. Мақтау оның өзін-өзі бағалауын арттырып, тапсырмаларды орындауға ынтасын арттырады. Жетістіктерін көрнекі түрде көрсетуге болады, мысалы, жетістіктер тақтасы немесе жұлдызшалар арқылы. Баланың өзі таңдауға мүмкіндігі бар екенін сезіндіру оның сенімділігін арттырады. Бұл үлкен шешімдер болмаса да, қандай ойын ойнағысы келетіні немесе қандай кітап оқығысы келетіні сияқты қарапайым таңдау болуы мүмкін. Таңдау жасау арқылы бала өзін дербес сезінеді, бұл оның дамуына оң әсер етеді.

Балаға шамадан тыс сұрақ қою байланыс орнатуды қиындатып, оны мазасыздандыруы мүмкін. Сұрақтарыңызды нақты қойып, баланы бағыттайтын сұрақтарды таңдау қажет.

El.kz: Ерекше балалардың оқу және даму процесіне қалай көмек бересіздер?

Әйгерім Нұрланқызы:  Баланың жеке қажеттіліктеріне, мүмкіндіктеріне, және даму деңгейіне сәйкес жаттығулар таңдалып, оқу мен дамуды тиімді етеді. Атап айтар болсақ:

Ойын терапиясы – ерекше балалардың дамуына оң әсер ететін тиімді әдіс. Мысалы, еске сақтау қабілетін дамыту үшін жұп суреттер ойыны, зейінді шоғырландыру үшін жұмбақтар шешу немесе пазл құрастыру пайдалы. Қарапайым рөлдік ойындар да баланың әлеуметтік дағдыларын дамытуға көмектеседі. Мысалы, дүкен ойыны арқылы сауда жасауды, сәлемдесу мен қоштасу секілді қарым-қатынас элементтерін үйретуге болады.

Сенсорлық интеграция – сенсорлық қабылдауында қиындықтары бар балалар үшін сенсорлық ойындар өте пайдалы. Бұл жаттығуларға әртүрлі текстуралары бар заттармен жұмыс, құммен, сазбен немесе су мен көбікпен ойнау кіреді. Сенсорлық жаттығулар баланың сезімталдықты реттеуіне, өз денесін және қоршаған ортаны жақсы түсінуіне көмектеседі.

ABA терапиясы аутизм спектрінде немесе зияткерлік дамуы кешеуілдеген балаларға арналған мінез-құлықты түзету әдісі. ABA – терапия әдісі бойынша оқыту бағдарламасы негізінде бала әрқашан тыңдайды, оның еркін қозғалысы мен пікірі оқытушы маман арқылы шектеледі. Әр баланың өзіндік ерекшеліктері болғандықтан – әр этапты даму жоспары баланың әртүрлі жағдайына байланысты жеке құрастырылады.

Одан кейін міндетті түрде нейрожаттығулар мен тыныс алу жаттығуларын пайдаланамыз. Нейрожаттығулар бала миының оң жақ және сол жақ жарты шарларының үйлесімді жұмыс істеуін жақсартады, ұсақ және ірі моториканы дамытады. Ал тыныс алу жаттығулары баланың эмоцияларын бақылауға көмектеседі, стрессті төмендетіп, эмоционалды тепе-теңдікті сақтауға пайдалы.

Әр балаға жеке оқу жоспары қажет болуы мүмкін, онда оның даму деңгейі мен мүмкіндіктері ескеріліп, арнайы әдістер мен жаттығулар таңдалады. Мұндай жоспарда баланың күшті және әлсіз жақтары есепке алынады, бұл оқуды тиімді етеді. Жоспар бойынша оқыту барысында бала үшін қолайлы оқу әдістері анықталып, даму процесі қадағаланып отырады.

El.kz: Ерекше балалармен жұмыс істегенде ата-ананың рөлі қандай болуы тиіс?

Әйгерім Нұрланқызы: Ерекше балалардың дамуында ата-ананың рөлі өте маңызды. Ата-ананың сүйіспеншілігі, қолдауы, және шыдамдылығы ерекше баланың өзін сенімді сезінуіне және жаңа дағдыларды үйренуіне үлкен әсер етеді. Ерекше балалармен жұмыс істегенде ата-ананың рөліне қатысты бірнеше маңызды аспектілерді атап көрсетуге болады:

Ата-ананың ең басты міндеті – баласын қабылдап, оның жағдайын түсіну. Балаға өз ерекшеліктерін жеңіл қабылдауға және өзін ерекше сезінбеуге көмектесу маңызды. Ерекше балалардың дамуы үшін тұрақтылық өте маңызды. Үйде күн тәртібі мен белгілі бір тәртіп болуы балаға сенімділік пен қауіпсіздік сезімін береді.Мысалы, күн сайынғы тұрақты іс-әрекеттер (таңғы ас ішу, үй тапсырмасын орындау, жаттығу жасау) баланың мінез-құлқын реттеуге және өзін жақсы сезінуіне ықпал етеді.

Балаға өзіне сенімді болуға және қиындықтарды жеңе алатынына сенуге көмектесу қажет. Оның күш-жігерін мақтап, жетістіктерін қолдап отырыңыз. Бұл оның өзін жақсы сезінуіне көмектеседі. Әрбір кішкентай жетістікті атап өтіп, баланың өз қабілеттеріне сенімін арттыру маңызды. Психологтармен, педагогтармен және басқа мамандармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың кеңестерін тыңдау арқылы балаға қажетті қолдау көрсетуге болады. Бұл оның дамуына және әлеуметтік бейімделуіне көмектеседі. Ерекше балалармен жұмыс істеу көп шыдамдылықты талап етеді. Баланың әрбір қадамына уақыт беру және оны асықтырмау керек. Бұл оның өзін-өзі бағалауына және жаңа ақпаратты қабылдауына жақсы әсер етеді. Ата-ана үшін өз сезімдерін басқару, қиындықтарға қарамастан қолдау көрсету – ерекше балаға үлкен көмек. Балаға басқа балалармен қарым-қатынас жасауды үйрету үшін ойындарға, топтық іс-шараларға немесе спорттық жаттығуларға қатысуға мүмкіндік беру маңызды. Бұл оның әлеуметтік дағдыларын дамытып, өзін-өзі сенімді сезінуіне көмектеседі.

Үйде түрлі ойындарды пайдаланып, балаға білім беру оның оқуға деген қызығушылығын оятады. Балаға жетістікке жету үшін нақты, кішігірім мақсаттар қою қажет. Бұл оның дамуына және әр қадамда жетістігін сезінуіне көмектеседі.Мақсатқа жеткен сайын оны қолдап, келесі қадамды жоспарлау арқылы баланың дамуына ықпал етуге болады.

Ерекше баламен жұмыс істеу ата-анаға да үлкен күш түсіреді. Өз психикалық денсаулығыңызға көңіл бөліп, қолдау іздеуден ұялаған дұрыс. Мұндай қолдау ата-ананың күшін қалпына келтіріп, балаға көңіл бөлуге көмектеседі.Отбасы мүшелері мен жақын достардан көмек сұрау және мамандардың қолдауын алу да балаға және ата-анаға оң әсерін тигізеді. Баланың қызығушылықтары мен дамуына байланысты іс-шараларға қатысып, оны қолдау маңызды. Мысалы, бала жақсы көретін іс-әрекеттерді бірге жасап, оның дамуына жағдай жасауға болады.

El.kz: Ерекше балаларға психологтан басқа қандай мамандардың көмегі қажет?

Әйгерім Нұрланқызы: Ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін мамандардың қатарына әртүрлі саланың кәсіби қызметкерлері кіреді. Олардың мақсаты – балаға жан-жақты көмек көрсету және оның дамуындағы жеке ерекшеліктерін ескере отырып, әлеуетін ашуға қолдау жасау. Мәселен, дефектолог  ерекше балалардың дамуында туындаған қиындықтарды анықтап, олармен түзету жұмыстары арқылы айналысады. Дефектологтар түрлі білім беру және даму мәселелерімен жұмыс істейді. Логопедтер сөйлеу және тіл кемістіктерін түзетуге көмектеседі, сөйлеудің дамуын жақсартуға бағытталған жаттығулар өткізеді. Олигофренопедагог интеллектуалды дамуы артта қалған балалармен жұмыс істейді, оларды оқыту және дамыту әдістемелерін қолданады. Одан кейін ерекше педагогикалық тәрбиеші (коррекциялық педагог) деген маман бар. Ол баланың оқу үдерісінде және әлеуметтік ортаға бейімделуінде арнайы әдіс-тәсілдер қолданады. Физиотерапевт және реабилитолог физикалық тұрғыда қиындықтары бар балалардың дене жаттығулары мен оңалту бағдарламаларын ұйымдастырады. Бұл мамандардың бірлесіп жұмыс істеуі ерекше балалардың дамуына кешенді қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

El.kz: Ерекше баламен жұмыс қанша уақыт жасалу керек?

Әйгерім Нұрланқызы: Ерекше баламен жұмыс ұзақ уақытқа созылатын үдеріс болуы мүмкін, себебі бұл баланың жеке даму қажеттіліктеріне, диагнозына және оның әлеуетіне байланысты болады. Әдетте, мұндай жұмыстар бірнеше жылға созылады және кезең-кезеңімен жүргізіледі. Мәселен ерте жастан бастап жұмыс ерекше балаға неғұрлым ерте көмек көрсетілсе, оның дамуына соғұрлым оң әсер етеді. Ерте жастан бастап коррекциялық немесе дамыту бағдарламаларын қолдану баланың негізгі дағдыларды игеруіне көмектеседі. Тұрақты түрде жүргізілген түзету және дамыту жұмыстары тиімділігін көрсетеді. Көптеген мамандар апта сайынғы немесе ай сайынғы жұмыс кестесін жасайды. Әр сессия 30 минуттан 1 сағатқа дейін созылуы мүмкін, бұл баланың жасы мен қажеттіліктеріне байланысты реттеледі. Белгілі бір уақыт өткен сайын баланың дамуы бақылауға алынып, оған сәйкес түзету жұмыстары жасалады. Баланың дамуының нәтижелеріне байланысты кейбір түзету бағыттары өзгереді немесе қосымша бағдарламалар қосылады.

Мектеп жасына дейінгі және мектептегі кезеңдер – кейде ерекше балаға балабақшадан бастап мектеп жасына дейін және мектепке барған кезеңде де көмек көрсету керек болады. Әр деңгейде жаңа дағдыларды дамыту қажет болғандықтан, қолдау көрсету мерзімі ұлғаюы мүмкін. Баламен жұмыстың ұзақтығы мен қарқындылығы әр түрлі болуы мүмкін. Кейбір балаларға тұрақты түрде көмек көрсетілсе, кейбіреулерге уақытша қолдау жеткілікті болуы мүмкін. Орта есеппен ерекше балаларға көмек бірнеше айдан бастап бірнеше жылға дейін жалғасады, ал кейбір балалар өмір бойы мамандардың қолдауына мұқтаж болуы мүмкін.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: