Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін білім беру тұжырымдамасы әзірленеді

11 Қазан 2022, 10:07 1738

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарындағы мүмкіндігі шектеулі оқытушылар, қызметкерлер, министрлік өкілдері және қоғам қайраткерлерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда еліміздегі жоғары оқу орындарында инклюзивті білім беруді дамыту бойынша міндеттер мен мәселелер талқыланды. Кездесуге Парламент Сенатының депутаттары, әкімшілік өкілдері, кәсіпкерлер және қайырымдылық қорларының басшылары қатысты.

Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту бойынша Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді негізге ала отырып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ерекше қажеттіліктері бар студенттерді қолдауға бағытталған бірқатар шараларды іске асыруда.

Министр Саясат Нұрбек биылғы оқу жылында 78 қазақстандық жоғары оқу орнында ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер контингенті 1588 адамды құрағанын атап өтті. Олар үшін ҰБТ тапсыру кезінде қолайлы жағдай жасалып, мүгедектігі бар 497 азамат грант тағайындайтын конкурстан сәтті өтті.

Ғылым және жоғары білім министрі мемлекет тарапынан мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, I, II топтағы мүгедек адамдарға әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Биыл осындай отбасылардан шыққан 1187 жас еліміздің жоғары оқу орындарында оқу грантын жеңіп алды.

Жатақханаға орналастыру кезінде ерекше басымдық жеңілдігі бар санаттағы азаматтарға беріледі. Ерекше қажеттіліктері бар білім алушылар үшін қолайлы ортаны қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындары барлық қажетті жағдайларды жасайды. Қолданыстағы білім беру бағдарламалары шеңберінде 18 жоғары оқу орнында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту және оларға көмек көрсету үшін кадр даярланады.

Сондай-ақ, кездесуде Ғылым және жоғары білім министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып Таңсәуле Серіков тағайындалды. Ол білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру мақсатында ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру тұжырымдамасын таныстырды.

Министр Саясат Нұрбек ведомство сындарлы диалогқа және азаматтық қоғаммен бірлескен жұмыс ісеуге ашық екенін жеткізді.


Бөлісу: