Ербол НҰРҒАЛИЕВ: Алғыс айту күні облыста кең көлемде атап өтіледі

8 Сәуір 2016, 09:58

Бұл атаулы күннің мақсаты не, мерекелік датаға орай Ақтөбе облысында қандай шаралар өткізіледі? Бұл жөнінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиевпен сұхбаттасқан едік:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 наурыз — Алғыс айту күні болып жарияланғаны белгілі. Бұл атаулы күннің мақсаты не, мерекелік датаға орай Ақтөбе облысында қандай шаралар өткізіледі? Бұл жөнінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиевпен сұхбаттасқан едік:

— Ербол Жолдасбекұлы, Алғыс айту күнінің негізгі мақсаты не? Бұл күні кім кімге алғыс айтады? Осыны көпшілігі түсінбей жүрген секілді? 
— Өткен жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел — бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өте жақсы бастама көтерді. «Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде — 1 наурызда — барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді» — деді Қазақстан Президенті.
Ал биыл 14 қаңтар күні Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні — 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Яғни, биыл көктемнің алғашқы күнінде ел халқы тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтеді.
Алғыс айту күні — ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенім мен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні.
Бұл — тағдыр тәлкегімен Қазақстан аумағына еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына тағзым ететін күн! Қазақ халқы қиын-қыстау заманда өздерінің шекесі шылқып отырмаса да, келген ұлттардың бәрін бауырына басты, барын алдына тосты. Сондықтан бұл күн — түрлі ұлт өкілдеріне қорған болған Ұлы Дала еліне деген алғыс күні болуға тиіс!
Алғыс айту күні — Елбасы басшылығымен қиындықтарды бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін һәм тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні. Бұл — әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдаудың, репрессия мен жер аудару жылдарында қазақ халқы көрсеткен мейірімділік пен қамқорлықтың, рухани қайсарлықтың төл мерекесі болуға тиіс!
Алғыс айту күні – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы — еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Бұл атаулы күн еліміздегі ең жарқын мерекелердің бірі болады деген сенімдемін. Оның Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі жылында тұңғыш рет тойлануы да жақсы нышан. 

— Алғыс айту күнін тойлау барысында қоғамда жақсылыққа, қайырымдылыққа үндейтін шаралар өткізу қажет екендігі белгілі. Осы бағытта Ақтөбеде қандай іс-шаралар өткізіледі? 
Бұл күні облыс аумағында елу мыңға жуық адамның қатысуымен 200 шара ұйымдастырылады.
1 наурыз күні Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Қазақ еліне тағзым» атты шара өтеді.
Барлық аудандарда қазақстандық бірегейлік пен ел бірлігін бейнелейтін мерекелік шаралар өткізіледі. Шара барысында еңбек ардагерлеріне, ауданның дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтарға Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталады.
Қобда ауданында аз қамтылған отбасы және жетім балаларға көмек көрсету мақсатында «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы өтеді. «Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем, бақ қонған Қазақ Елі» сурет және қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылады.
Мәртөк аудандық Мәдениет үйінде «Ортақ тарих, ортақ тағдыр — біртұтас Ел!» тақырыбында мерекелік шара өтеді.
Темір және Шалқар аудандарында «Мені Қазақстанға әкелген жол» фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылады.
Барлық білім беру мекемелерінде «Алғысымыз шексіз» тақырыбында балалар шығармашылығынан сурет көрмелері ашылады.
Сонымен қатар Ақтөбе қаласы және аудандар орталықтарында жастардың қатысуымен «Мен алғыс айтамын!» атты флешмоб өтеді.
«Батамен ер көгереді» дейді қазақ. Халқымыз алғыс алуға, бата алуға үлкен мән берген. «Алғыс алған арымас», «Алғыс алған жігіттің аты бәйгеден келеді» деген бар. Ендеше, осындай күнді пайдалана отырып, айналамыздағы мұқтаж жандарға қол ұшын созсақ, әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға аз да болса көмек көрсетсек жақсы болар еді.
Қоғамның ең басты құндылығы — тұрақтылық пен бірлікті сақтау үшін осы атаулы күнді барынша жоғары деңгейде өткізу қажет. Баршаңызды осы мерекені лайықты атап өтуге шақырамын.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ

Бөлісу: