Ералы Тоғжанов Ақмола облысындағы агроөнеркәсіп кешендерінің жұмысымен танысты

15 Маусым 2022, 18:38 1319

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың табысын арттыру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама индустрияландырумен және экономиканы әртараптандырумен, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасатын өнімді жұмыспен қамтуды іске асыруға бағытталған. 

«Қазір ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етіп, еңбек өнімділігін арттырып, тұрақты жұмыс орындарын құруымыз керек. Біз жұмыстың басталғанын көріп отырмыз», - деді вице-премьер.

Тек 5 жыл ішінде АӨК саласында 2,2 трлн тенге көлемінде 500-ден астам инвестициялық жоба іске асырылмақ, жұмыспен қамтудың түрлі шараларымен 500 мыңнан астам адам қамтылды.

 Өз кезегінде өңір басшысы Ермек Маржықпаев облыста осы бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 5 мыңға жуығы – тұрақты, жалақы 22%-ға артты.

Мәселен, кооператив басшысы Гүлмайра Баймақова «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы грант алып, 2020 жылы Ақмола облысының Қарабұлақ ауылында «Балкондағы сиыр» жобасын іске қосты.

«Бізге азық-түлік қажет, оларды әдетте дүкендерден сатып аламыз. Қала тұрғындарының аз бөлігі ғана жаңа піскен көкөністерді тікелей бақшадан, ал сүтті тікелей “сиырды сауу” арқылы алады. “Балкондағы сиыр” жобасы – бұл дүкендер мен көптеген делдалдарды айналып өтіп, жаңа, экологиялық таза сүт өнімдерін алуға мүмкіндік беретін жоба», - деді Г. Баймақова. 

Жоба бойынша табиғи өнімдерді тұтынғысы келетін қала тұрғыны өз ақысына сиыр сатып алып, оны бағу үшін ауыл тұрғынына береді, ал ол сиырды күтуге – тамақтандыруға, суаруға, саууға және жаңа сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге міндеттеледі.

Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары Степногорск қаласындағы «Ар-ай» өндіріс кооперативінің жұмысымен танысты. Бағдарлама аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына жұмыс орындары ұсынылып жатыр. Мысалы, «Ар-ай» кооперативінде бірінші кезекте көп балалы отбасыларға жұмыс орындары ұсынылады. Бүгінгі күні көкөніс өсірумен көп балалы аналар айналысады: олардың қатарында бес баласы бар ана, ерекше қажеттіліктері бар бала тәрбиелеп отырған ана және екі баланы асырап отырған жалғызбасты ана бар.

Вице-премьер Степногорск қаласында көкөністерді өсіруге мамандандырылған «Жылыжай технологиялары» ЖШС, тірі балықтарды көбейту мен жануарларға, құстарға, балықтарға арналған витаминді және минералды қоспаларды өсірумен айналысатын «Прогресс-Агро» ЖШС, сондай-ақ Біржан Сал ауданында құлпынай және көкөніс отырғызатын кәсіпорындардың қызметімен танысты. 

Келесі нысан Бурабай ауданында орналасқан ЖК «Абдрахманов» құрама жем зауытының сүт-тауар фермасы болды.

Заманауи сүт-тауар фермасы 2015 жылы жеке кәсіпкер Болат Әбдірахмановтың бастамасымен іске қосылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл сайын ірі қара мал саны артып келеді. Олар үшін табиғи көкөніс қоспалары бар арнайы тамақтану режимі бекітілген.

Фермердің айтуынша, симментал және монбельяр тұқымды ірі қара мал әкелінді.

«Қазіргі таңда фермада 500 бас ірі қара және 109 бас жылқы бар. Бастапқыда 200 болды, кейінірек олардың санын ұлғайту керек екенін түсіндім. Агробизнес-2020” бағдарламасы бойынша Агрокредит корпорациясы арқылы 88 млн теңге несие алдым, оған Чехиядан 96 бас ІҚМ сатып алдым, биыл “Ырыс” бағдарламасы бойынша тағы 53 бас әкелуді жоспарлап отырмыз», - дейді жеке кәсіпкер.

Ералы Тоғжанов Көкшетау қаласындағы сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорында болды. «Гормолзавод» елдегі ең дәмді балмұздақтың бірін өндірумен ғана емес, сонымен қатар басқа да сапалы сүт өнімдерімен де танымал. Өткен жылы зауытта сүт қышқылды және тұтас сүт өнімдерін шығаратын жаңа цех іске қосылды.

Бөлісу: