Ералы Тоғжановтың 60 жасын дүркіретіп тойлағаны рас па? Әкім шындықты айтты

17 Мамыр 2023, 13:53 1101

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов 13 мамыр күні қаладағы қымбат мейрамханалардың бірінде туған күнін тойлады деген ақпаратты қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жақында облыс басшысы 60 жасқа толған еді.

Орталық коммуникациялар қызметінде Ералы Тоғжанов журналистердің туған күнін тойлау мәселесіне қатысты сұрағына жауап берді. Әлеуметтік желіде 13 мамыр күні  Ақтөбедегі ең қымбат мейрамханаға әкімдік қызметкерлерінің қызметтік көліктері жиналғаны туралы ақпарат таралған еді.Облыс басшысы тиісті органдарға қызметтік көліктердің мейрамханада не істегенін тексеруді тапсырғанын айтты.

Шындықты айту керек. Отбасымызда туған күнімді 12-нен 13-не қараған түні тек жақындарымыздың ортасында атап өту дәстүрге айналған. Астанада жұмыс істеп жүргенімде балаларым ұшып келетін. Мен туған күнімді отбасыммен ғана атап өтемін, - деп жауап берді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ облыс әкімі туған күнінде кешке дейін жұмыста болғанын айтты. 

Ол 13 мамырда облыстағы ең шалғай аудандардың бірі – Қобдаға барған. Онда балалар үйінде болып, спорттық шараға қатысқан.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Ақтөбедегі ең қымбат мейрамханалардың бірінде түсірілген суреттер қызу талқыланған болатын. Тұрғындар той болған мейрамхананың өте қымбат екенін және онда той тойлауға әркімнің шамасы келе бермейтінін жазған. Сондай-ақ тойда Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоғжановтың көзге түскені айтылады. Алайда облыстың баспасөз қызметі шенеуніктердің қызметтік көлікпен той тойлағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: