Ералы Тоғжанов Ақтөбедегі индустриялық аймақтың жұмысын сынға алды

5 Қазан 2022, 07:30 1848

Ералы Тоғжанов басқарушы компанияның жұмыс нәтижесін төмен деп бағалады.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Ақтөбе» индустриялық аймағында жұмыс істеп жатқан өндіріс орындарын аралап, олардың шаруасын сынға алды, деп хабарлайды El.kz.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, 2015 жылдан бастап индустриялық аймақта химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, шиналарды өңдеу және қалпына келтіру т.б. салалармен айналысатын 12 кәсіпорын іске қосылған. Инвестициялардың жалпы көлемі 28 млрд теңгеден асып, 655 жұмыс орны құрылды.

Соңғы төрт жылда өндірілген өнім көлемі 4 миллиард теңгені құрады. Экспортталған өнім 133 млн теңге болса, салық көлемі - 1,7 млрд теңге. Қазіргі уақытта металлургия және мұнай-химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, ірі қара мал терісін өңдеу сияқты экономиканың басым салаларында 12 жобаны жүзеге асыру мен іске қосу жұмыстары жүргізілген. 16 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 707 жұмыс орны қамтылды.

«44 миллиард теңге құйылған инвестиция аса көп емес. Осыған байланысты индустриялық аймақтың тиімділігіне қатысты өте үлкен сұрақ туындайды. Біз инвесторларды қолдауға және олардың жобаларын жүзеге асыруға көмектесуге дайынбыз. Олар үшін қажетті жағдай мен инфрақұрылым жасау – біздің мәселе, бірақ инвестиция мен ірі инвесторларды тарту – сіздің тікелей міндетіңіз. Жан-жақты сараптап, жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін іздестіру қажет», – деді облыс әкімі индустриялық аймақты басқарушы компания басшылығына.

Аймақ басшысы инвестициялық саясатты, ірі компанияларды тарту мақсатында оны ілгерілету жоспарын әзірлеуді, сондай-ақ басқа өңірлердегі индустриялық, еркін экономикалық аймақтардың қызметіне салыстырмалы талдау жасауды, индустриялық аймақтың жұмысын күшейту бойынша қысқа мерзімде ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Жалпы, Ералы Тоғжанов басқарушы компанияның жұмыс нәтижесін төмен деп бағалады.

«Ақтөбе облысының әлеуеті зор, бірақ ол толық пайдаланылмай отыр», - деп түйіндеді облыс басшысы.


Бөлісу: