Ералиеваның Болат Назарбаевқа тұрмысқа шыққанын қалаған жоқпын – композитор

5 Желтоқсан 2023, 09:55 35859

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалдыбек Құрманәлі «Сұрауы бар» бағдарламасында әнші Мәдина Ералиеваның өзіне жасаған қамқорлығын еске алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдина менің туған әпкемдей болды. Егер Мәдина Ералиева деген әнші болмағанда, Қалдыбек Құрманәлі деген композитор болмайтын еді. Көптеген әнші менің әнімді орындамақ түгілі, менің денсаулығыма күмәнмен қараған. Мінезіме қарап, «мынаның арқасы бар-ау» дегендер болды. Қазір Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева секілді көптеген әншілер менің отбасылық достарыма айналды. Мәдина Ералиеваның маған деген құрметі ерекше еді. Мені қолымнан жетектеп, облыс-облыс аралап концерт берді. Мен арасында концерт жүргізіп тұрамын. Мәдина Ералиева менен ақша аямайтын еді. Қиналып жүргенде үйіне қоңырау шаламын да, «Мәдина әпке, жағдай мәз емес, ақша керек» деймін. Кездесетін жерді айтып, келген соң сөмкесін ашып, «ал» дейді. «Қарызға ма, әлде былай бересіз бе?» деп сұраймын. «Ала бер, менде бар ғой, сен бәрібір қайтармайсың» дейді, - деді өнер иесі.

Композитор Мәдина Ералиеваның Болат Назарбаевқа тұрмысқа шыққанын қаламағанын айтты. 

Бір жерде ғана қолдамадым, оның Болат Назарбаевқа қосылғанын қолдаған жоқпын. Бір күні телефон шалып, күйеуге шығатынын айтып еді, күлдім. Бала туатындай жағдайда емес қой. Жалғыздықтан шаршаған шығар деп ойладым. Ет асатынын айтып, кешке үйіне келуімді сұрады. Топырлаған адам, барып тілек айтамыз ба десем, екі адам ғана отыр. Қарны қампиған, мұрны қызылдау, сары адам. Әпкем дастархан дайындап жүр. Таныстырды. «Аты Болат» деді. Танымайтын адаммен не сөйлесесің. Мінезі ауырлау екен. Бірер сұрақ қойып едім, жауап бермеді, - деді ол. 

Қалдыбек Құрманәлі бастапқыда Болат Назарбаевты танымай қалғанын алға тартты. Мәдина Ералиева шетірек алып шығып, атын толық айтқанда ғана түсінген.

Әпкем «Күліп, әзілдеп отырайықшы» деп өтінді. Сол күні шамам жеткенше әзіл айтып, өлең оқыдым, бетіне қан жүгіргендей болды. Бір жолыққанда «қолдамаймын» деп айттым. «Сізге күйеу не керек? Атақты әншісіз, халық жақсы көреді, концерт беріп жатырсыз, даңғарадай үйіңіз бар, балаңыз бар» дедім. Болат Назарбаев аяқ-қолын байлап алған жоқ қой. Сөйтсем, өзі ұнатып шыққан. Еркін жүргенін қаладым. Ана жаққа барып, тотықұс сияқты шыға алмай қала ма деп қорықтым, - деп жауап берді ол. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: