Ер-тұрман (ІІ бөлім)

6 Наурыз 2014, 05:20

Кіші жүз жағындағы «қозықұйрық ер» деп аталатын ердің біраз өзгешелігі бар.

Кіші жүз жағындағы «қозықұйрық ер» деп аталатын ердің біраз өзгешелігі бар. Ол көбінесе 6-7 бөлек жөке ағашынан шабылып, алдыңғы қасы екі бөлек, артқы қасы 2-3 бөлек болады да, бұлар екі қапталға қосылады. Ал бел ағаштың орнына қайыс тарта салады. 

Қазақ ерлеріне үзеңгі бау, қанжыға және құйысқан тағу міндет. Үзеңгі бау әдетте алдыңғы қастың немесе одан бір елідей кейінірек қапталдан тесіледі.  Ал құйысқан байланатын бүлдірген мен қанжыға қапталдың артқы қанатын тесіп өткізіледі.

Ер-тұрман құрамына ердің соқа басынан басқа тоқым, желдік, терлік, іштік, тебінгі, үзеңгі, айыл, тартпа, таралғы, ат-көрпе, құйысқан, өмілдірік, жүген, жабу, қамшы, тұсау, шідер сияқты заттар қосылады.

Киізден сырып, былғары бастырып, әшекейлеп пішілген тоқым әйел ерлеріне арналса – 140х150, 150х55 сантиметр, еркектердің еріне арналса – 90х50, 100х55 сантиметр болып келеді.

Бұрынғы ер-тұрман жасау дәстүрінде екі жағынан былғарыдан жалаңқабат тебінгі түсетін. Тебінгі әрі әсемдік үшін, әрі тоқым қысқа болса аяқ киімді аттың терінен сақтау үшін, әрі аттың бүйірі қажалмас үшін жасалады.

Тоқымның астынан терлік, үстінен желдік түседі. Желдік жайлы болса, терлікті бір қабат жабағы жүннен, желдік жоқ немесе жұқа болса, терлікті екі-үш қабат жабағы жүннен салады. Желдіктің қасы қаптал батып тұратындай кемештеліп, ұяланып сырылады.

Үзеңгі әдетте темірден, қоладан жасалады. Қыс айларында аяқты суық қарымас үшін қайыңнан немесе талдан жасау дәстүрі де болған. Қарала күміс жүргізген үлгісі әсем үзеңгі ат-әбзелге көрік беріп тұрады.

Бір ерде екі айыл болады. Бірі – төс айыл, екіншісі – шап айыл. Елі ішінде түйенің шудасынан, немесе ешкі қылынан есіп жасайтын айылдар болған. Оны «құр айыл» дейді. Ал қайыстар өріп жасаса, «ерме айыл» дейді. Халық арасында осы күнге дейін сақталған айылдың көне түрі – екі ұшына доғабас салынып, біріне ұзын қайыс бүлдірге тағылу арқылы жасалады. Оны «тартпа» дейді. Шапа айыл жалаң ердің үстінен, төс айыл ат көрпенің үстінен тартылады. Аткөрпенің үстінен айылдың қапталма алақаны болады, оны «пыстан» дейді. Атқа мініп түскенде аткөрпенің бұрыш-бұрышы қайырылмас үшін ерді орай басып тұратын қайыс болады. Оны «көрпе бастырғы» дейді. Көрпе бастырғы кейде күмістеліп, әсем безендіріліп жасалады.

Бабымен жасалған өмілдірік, құйысқан, ноқта, жүген, – ертұрманның көркі. Жүгенде екі «жақ», бір «милық», «кеңсірік», «сағақ», «ауыздық», «жекелік», «кекілбасар» болады.

 Ақселеу Сейдімбек, "Қазақ әлемі"

Бөлісу: