Иранда әкесі қызының сұлулық салонында жұмыс істейтінін біліп, оны көпшіліктің көзінше аяусыз өлтірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
18 жастағы Фатеме Солтани Исламшехр қаласындағы әйелдерге арналған сұлулық салонында жасырын жұмыс істеген. Себебі ол өз әкесінен қорқып, кәсібін жасыруға мәжбүр болған. Бірақ бәрібір әкесі оның жұмыс орнын анықтап, салонға қаруланып келген. Жас қыз әкесін сырттан байқап, бірден анасына хабарласқанымен, бұл оның өмірін құтқарып қала алмады. Ер адам салонға пышақпен баса-көктеп кіріп, қызметкерлер мен клиенттердің көзінше қызын бірнеше мәрте ұрып, аса қатігездікпен шабуыл жасаған. Кейбір деректерге қарағанда, ол қызының шашынан ұстап, оның басын кесуге тырысқан.
Фатеме Солтани әкесі тарапынан жиі қысым көргендіктен, ата-анасынан бөлек тұруды таңдаған еді. Алайда, бұл шаралар оны қатыгез әкесінің қаһарынан қорғай алмады.