ЕҚЫҰ миссиясы Мәжіліс сайлауын байқау жұмысын бастады

8 Ақпан 2023, 09:31 2753

 Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) Қазақстандағы парламенттік сайлауды байқау жөніндегі миссиясының басшысы Оуэн Мерфиді қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Миссия басшысының орынбасары Д. Иоанну және сайлау жөніндегі кеңесшісі М. Баркер-Циганикова да қатысқан кездесуде тараптар 2023 жылғы 19 наурызға белгіленген ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық барысын талқылады.

Р. Василенко ДИАҚБ-ға миссияны жедел орналастырғаны үшін алғыс білдіріп, қазақстандық тараптың байқаушылардың толық және тиімді жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасауға дайын екенін атап өтті және сондай-ақ сайлауды байқау нәтижелері бойынша сайлаудың науқанына объективті және бейтарап баға беретініне үміт білдірді.

Сонымен қатар, ДИАҚБ миссиясының басшысына Әділетті Қазақстанды құру мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар, сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген еліміздің сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесіне өзгерістер туралы хабардар етті.

О. Мерфи сайлауды байқау үдерісінде қазақстандық билік органдарымен сындарлы өзара әрекеттестік жасау ниетін қуаттап, ағымдағы және басқа да осыған ұқсас миссиялардың негізгі мақсаты шақырушы тарапқа сайлау жүйесі мен тәжірибесін одан әрі жетілдіру жөніндегі күш-жігеріне көмектесу екенін атап өтті.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі миссиясы байқаушылары 7 ақпанда жұмысын бастап оны 29 наурызда аяқтайды деп күтілуде.

EL.KZ
Бөлісу: