Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz
Қазақстанда соңғы аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары 3,2 есе өсті. Олардың 89%-ға жуығы екпе алмаған және соңғы 6 айда ревакцинациядан өтпеген.
COVID-19 бойынша халыққа медициналық көмектің көрсетілуіне Нұр-Сұлтан қаласындағы БМСК ұйымдарына бару арқылы жүргізілген мониторинг нәтижелері белгілі болды. Қаланың 8 емханасында жүргізілген мониторинг емханалардың 12%-да (жеке медициналық ұйымдар) сүзгі-кабинет жұмысының ұйымдастырылмағанын, COVID-19 жұқтырған науқастарға қашықтан мониторинг жүргізілмейтінін, дезинфекция, маска режимі, әлеуметтік қашықтық сақталмайтынын көрсетті.
Вице-премьер Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне COVID-19 жұқтырған науқастармен жұмыс жүргізу алгоритмін сақтамайтын медициналық ұйымдарға тиісті шара қабылдауды және осындай тексерулерді барлық өңірде жүргізуді тапсырды.
Матрицаның өзектендірілгені ескеріле отырып, эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда шектеу шараларын енгізу шарттары қайта қаралды.
Өңір жасыл аймақта болып, бірақ «R» саны жоғары болса, жабық орындар мен қоғамдық көлікте маска тағу ұсынылады.
Өңір сары аймаққа ауысқан жағдайда: - науқаспен байланыста болғандарды қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру; - COVID-19 жұқтырған науқаспен байланыста болған вирусқа қарсы екпеге қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру; - білім беру ұйымдарында топтарды біріктіре отырып, іс-шараларды өткізуді болдырмау (топтарда іс-шараларды өткізуге рұқсат етіледі); - объектілерде санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау, объектілерде үй-жайларды күнделікті ылғалды жинау және желдету.
Медициналық маскаларды тағуға кеңес беру: - халық көп жиналатын орындарда (әуежайлар, тж вокзалы, автовокзалдар, базарлар, СОСО, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО, банктер, көрермендерді қатыстыра отырып өткізілетін спорттық шаралар); - ұйымдасқан ұжымдарда; көліктің барлық түрінде (қоғамдық көлік, әуе, тж, халықаралық автобус тасымалдары).
Отырыс соңында Е. Тоғжанов мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге халықты вакцинациялау және ревакцинация жасату жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.