Энергетика министрлігі мен Chevron Direct Investment Fund инвестициялау саласындағы жұмысын қорытындылады

19 Қаңтар, 05:23 637

Энергетика министрлігі мен Chevron Direct Investment Fund (CDIF) Мұнай, газ және энергетика салаларын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрған стратегиялық ынтымақтастық аясындағы инвестициялық өзара іс-қимылдарды қорытындылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Осыған дейін, 2021 жылғы 11 қазанда тараптар қабылданған шешімдерге сәйкес, қайта инвестициялау қорларын құру және тиімді басқару жөніндегі міндеттемелерін растайтын өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Инвестициялау салалары ел экономикасының негізгі салаларын қамтитын мұнай-газ өнеркәсібінен тысқары жатқанын атап өткен жөн.

Осылайша, Энергетика министрлігі мен CDIF арасындағы бірлескен жұмыстың нәтижесінде екі перспективалы қазақстандық компаниямен: «Top Cleaning Kazakhstan» ЖШС және «Орхун Мед Лимитед» компаниясымен жалпы сомасы 41 миллион долларға дейінгі инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Top Cleaning Kazakhstan – іскерлік қызметтердің инновациялық нарығы, ал Orhun Med Limited – Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан медициналық компания.

Аталған компаниялар CDIF инвестициясын өз қызметін кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және Қазақстанда заманауи технологияларды енгізу үшін пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл келісім CDIF-тің әртүрлі экономикалық секторларды қолдауға және олардың тұрақты дамуына жәрдемдесуге бағытталған стратегиялық бағытын атап көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Chevron Direct Investment Fund өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға және Қазақстанның экономикалық өсімін қолдау үшін жаңа перспективалық жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін растайды.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: