10 Маусым 2016, 12:16
Бүгіннен бастап«Uber» халықаралық технологиялық компаниясы Астана қаласында өз қызметін іске қосты.
«Uber» – пайдаланушылар мен жүргізуші-серіктестерді байланыстыратын технологиялық платформа. Мобильді қосымша арқылы тапсырыс беруші жүргізуші мен машинаға резерв қойып, оның белгіленген жерге дейінгі қозғалысын бақылай алады және оның төлемді банк картасы арқылы жасайтын мүмкіндігі бар. Бүгінде «Uber» қолданыстағы қарапайымдылығымен, қауіпсіздік талаптарының жоғары болуымен, сондай-ақ, қолма-қол ақшалай төлемдердің жоқтығымен танымал. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожиннің айтуынша, дәл осы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мәселесі салық түсімдерінің ұлғаюына ықпал етеді.
– Әрине, бұл – біз үшін айтулы оқиға. «Uber» компаниясымен көптен бері келіссөздер жүргізіп келеміз. Енді шағын және орта бизнесті дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашылып, мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер ұлғаяды. Ал, ең маңыздысы, нарықта тағы да бір әлемдік бренд пайда болды, – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Мәлика Бектұрова.
Астана қаласы әкімінің орынбасарының айтуынша, жолаушылар тасымалы нарығына жаңа компанияның енуі елордалық бизнестің дамуына үлкен серпін береді. Автоматтандырылған есеп айырысу жүйесі мен заңды қызметінің арқасында «Uber» қазақстандық нарықта сервис серіктестері-жүргізушілердің кірісінің айқын болуына және салықтардың бюджетке толық төленуіне жағдай жасайды.
Компанияның ТМД елдеріндегі аймақтық менеджері Алексей Стах компанияның Астанада ашылған қызметінің жан-жақты мүмкіндіктері мол екенін айтады.
– Бұл стартап қазір қарқынды түрде дамып келеді. Біз әлемнің 70 мемлекетінде 400-ден астам қалада жұмыс істейміз. Қазақстанға жеткенімізге, қызметімізді елордадан бастайтынымызға қуаныштымыз. Бүгінгі таңда биліктің түрлі салаларды жақсартуға мүмкіндік беретін инновацияларды қолдайтынын көріп жүрміз. Өз тарапымыздан қазақстандықтар артқан сенімнен шығуға барынша тырысамыз дегім келеді, – деді Алексей Стах.
Елордалық қолданушылар көлік шақыртқаны үшін 170 теңге, жүрілген әрбір шақырым үшін 40 теңге, әрбір минут үшін 5 теңге төлейді (шақырым мен минут үшін төленетін бағалар бірге есептеледі). Осылайша, Министрліктер үйінен «Ханшатыр» ойын-сауық орталығына дейінгі аралыққа шамамен 400 теңге төленеді. Ал, «Думан» ойын-сауық орталығынан «Астана Молл» ойын-сауық орталығына дейінгі аралыққа шамамен 456-553 теңгедей төленеді. (Бұл ақпараттар компанияның ресми хабарламасынан алынды).
Астаналық «Uber»-ге тек шетелдік маркалы көліктер алынған. Атап айтқанда, «Toyota Camry», «Hyundai Accent», «Kia Rio» және т.б. Бұлар – техникалық жағдайы өте жақсы, 7 жылдан көп айдалмаған көліктер.
«Uber» компаниясымен тек жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар әріптестік құра алады. Ескерте кетерлік бір жайт, бұл платформаға тіркелгісі келген азаматтар бұрын сотталмағандығы туралы анықтама әкелуі тиіс.
«Uber» арқылы тапсырыс беру әділ түрде жүзеге асады. Қолданушылар арнайы қызметтің көмегімен жол жүру аралығының құнын алдын-ала есептей алады. Сонымен қатар, компания тапсырыс берген қолданушының қауіпсіздігіне де жауап береді. Тапсырыс қабылданған сәтте қолданушыларға жүргізуші туралы толыққанды ақпарат, суреті, рейтингі, көлігінің маркасы мен нөмірі хабарланады. Сондай-ақ, қолданушылар көлік жүргізушісімен құрылғы арқылы тікелей байланысатын мүмкіндігі бар. Олардың жүріп өткен жолының сызбасын достары мен туыстары бақылай алады.
Әрбір тапсырыстан соң, көлік жүргізушісі мен «Uber» қолданушысы бірін-бірі 5 балдық шкаламен бағалай алады. Жергілікті қолдау қызметі барлық бағалар мен пікірлерді бақылап отырады. Рейтингісі күрт төмендеген жүргізуші бірден жұмыстан шығады.
«Uber» қызметінің Астанада ашылуына орай, 10-12 маусым аралығында елорда тұрғындары мен қонақтары uberX қызметін тегін пайдалана алады.
Айта кетейік, бұл компания бүгінде әлемнің 70-тен астам елінде қызмет етеді. Қазақстан ТМД елдерінің арасында Ресей, Белорусь, Әзербайжаннан кейінгі төртінші бұл қатарға енген мемлекет болып отыр.
Әзірлеген – Жансая ТӨЛЕГЕН