Енді жаңа туған нәрестеге есімінен бұрын ЖСН беріледі

10 Тамыз 2023, 16:10 1727

2024 жылы ата-аналар жаңа туған баласына ЖСН-ді босанған сәттен бастап, жарты сағат ішінде ала алады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен цифрлық үкіметті қолдау орталығының қатысуымен өткен баспасөз брифингте айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Цифрлық үкіметті қолдау орталығының баспасөз хатшысы Бұлбұл Сұраншиева қазіргі таңда төрт министрліктің қатысуымен команда құрылып, бала туу бойынша бала босанатын әйелдің өмірін қалай жеңілдетуге болатыны және тағы басқа сұрақтарға жауап іздеп, бүгінде аналитиктер сол процестерді қайта қарап жатқанын тілге тиек етті.

Бүгінгі таңда бала туған сәтінде ЖСН беру мүмкіндігі бойынша пилоттық жоба тестілеуден өтіп жатыр. Бұл не үшін керек? Қазіргі кезде жаңа туған балаларға ЖСН тек куәлік алғанда беріледі. Ал кейбір ата-аналар баласына бір айға дейін есім қоймай, еш жерде тіркемей жүре береді. Мемлекеттік базаларда ең бірінші тіркелетіні – ЖСН. Сол себепті, 30 күн бойы бала ЖСН алмай жүре берсе, қиындық туындайды. ЖСН алғаннан кейін ғана анасына тиісті төлемақылар төленеді. Ал босанған әйел ЖСН алмаса, оған жәрдемақы берілмейді. Сондықтан туа салысымен ЖСН берілген кезде бірнеше процесті іске қосады. Енді аты қойылмай тұрып, туған бетте ЖСН беріледі, – дейді ол.

ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрінің кеңесшісі Әсел Молдабекованың айтуынша жаңа жүйе бойынша барлық клиникалар мен перзентханалар жұмыс істейтін болады.

Жүйе мемлекеттік немесе жеке перзентханаға қарамастан жұмыс істейді. Бүгінде Астананың №9 емханасы мен №1 перинаталдық орталықта жүзеге асырылуда, – дейді.

Яғни, аталған емханалар тестілеуден өтіп, үш айда жақсы көрсеткіштер көрсетсе, Астана қаласының бүкіл емханаларына таралып, белгілі бір уақыттан соң Қазақстанның барлық қалаларына қолжетімді болады.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: