Еңбек өтілі 106 жыл: Металлургтер әулеті туралы не білеміз?

12 Шілде 2023, 13:33 2173

Шілденің үшінші жексенбісінде металлургтер күні атап өтіледі. Балқыған темірдің ортасында жүрген жандардың еңбегі орасан зор. Металлургтер күні қарсаңында El.kz ақпарат агенттігі осындай қиын жұмысты арқау еткен ерекше әулетті сөз етпек.

Еуразиялық топ құрамына кіретін (ERG) компаниясының құйма-механикалық цехында 106 жыл талмай жұмыс істеп келе жатқан әулет бар. Бұл – Андреевтер әулеті. Бүгінде ол отбасын барлық қызметкелер жақсы таниды. Әулеттің үш буыны бір ғасыр бойы осы жұмысты жанына серік етіп, бар ғұмырын осы салаға арнап, бір іске жан-тәнімен берілген жандар.

Владимир Андреев – әулеттің үлкені. Ол алғашқылардың бірі болып құйма-механикалық цехына жұмысқа орналасады. Бұрын бұл цех жөндеу-механикалық цехы деп аталды. Бұл жерде әулет басшысы газ-электр дәнекерлеуші болып еңбек етсе, ал жұбайы Раиса Николевна артынан еріп, сол цехта құйма кранды басқарды.

Бүгінде Андреевтер әулетінің ерлі-зайыптылары «Еңбек ардагері» атағын алды. Екеуі 25 жылдан аса уақыт бірге жұмыс істеп келеді. Олардың ұлы Александр Андреев болат қорытушының көмекшісі болып қызмет атқарады. Осылайша, 38 жыл бойы әулеттегі екінші буын өкілі құйма-механикалық цехында құрыш балқытады. Ал отбасыдағы үшінші маман, кіші Александр электр монтер болып мансабын құрып, артынша көп ұзамай шебер-электрикке дейін өсті.

Егер баланың тәрбиесі нашар болса, бұған мектеп пен көше емес, ата-аналар кінәлі. Себебі балаға олар жеке үлгі көрсету керек. Мен әрқашан отбасыда өзіндік дәстүр ұстануға және барлық мерекені бірге тойлауға әрқашан тырысып келемін, – дейді Александр Андреев.

Әкесінің сөзінше, бүгінде ұлы қай жағынан алса да одан биік тұр. Кәсіби шеберлігі де жоғары. Алған бетінен қайтпай, кәсіби саласында үнемі дамып келе жатқанын айтты. Себебі ол тек білімді емес, түйсікті де қажет ететін кәсіпті жанына серік етті деп есептейді.

Менің жұмысымдағы ең маңыздысы – бұл құрал-жабдық тұрып қалмауы қажет. Ал бригада нәтижелі жұмыс істеу керек. Отбасымызбен бір салада болғандықтан, саланың қыр-сырын меңгеруге, биік шыңын бағындыруға бар күшімізді салудамыз. Туған-туыстарым мені мақтан тұтса, ал балаларымыз ата кәсібімізді жалғастырып, бізден де асып түссе екен деп армандаймын, – дейді құйма-механикалық цехының шебер-электригі кіші Александр Андреев.

Биыл Андреевтер әлеутінің жалпы еңбек өтілі 106 жылға жетті. Бірақ бұл әлі шегі емес, бағындырар белестер әлі алда. Еңбек әулетінің дастаны мұнымен тоқтамай, өз жалғасын табар. Себебі немерелері ер жетіп келеді. Олар атасы мен әкесінің қандай маңызды жұмыс атқаратынын жастайынан-ақ жақсы біледі.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: